Ат баптаудың тәсілі
Ат баптаудың тәсілі
3 жыл бұрын 18481 islam.kz turbina.ru

Қазақ көшпелі халық. Сондықтан да жылқы түлігін басқа малдан жоғары бағалаған. Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров қазақ үшін жылқы, «мінсе ат, ішсе қымыз, жесе қазы...» десе, этнограф Жағда Бабалықұлы  «Қазақ тарихы – жылқы тарихы» деген екен.  Сол сияқты, «ерте дәуірде жылқыға ие болған көшпелілер қазіргі ядролық қаруы бар мемлекеттер сияқты қуатты болған» деп жазыпты әйгілі археолог К.Ақышев.

Демек жылқы көшпенділер үшін тек мініс көлігі ғана емес, елі мен жерін қорғау барысында аса маңызды рөл атқарған қуат көзі. Сондықтан да, жылқы малын баптап-бағу, өсіру-өрістету ісіне қазақтар қатты мән берген. Жүйрік аттарын жаратып бәйгеге қосқан, оны баптап-баулитын адамдар болған. Осындай тұлғаларды қазақтар «атбегі» деп атаған. Батыс Қазақстанда  «атсейіс» немесе «сейіс» десе, оңтүстік жақта «бапкер», Шыңжаң қазақтары «сайыскер», «дадагер» т.б. атауларды қолданылады.

Атбегі – жылқының сыртқы тұрпаты, ішкі құрылысы, мінез-құлқынан бастап, көңіл күйін – психологиясын бір қарағанда білетін, қазіргі тілмен айтсақ, интеллектуалды маман. Сондықтан қазақ қоғамында атбегілердің әлеуметтік мәртебесі де жоғары болған.

Жүйрік атты баптау. Қазақтың жүйрік баптау өнері өте нәзік ұғым. Оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі жүйесі бар. Бапкер жүйрік шығатын жылқыны әуелі үйірге құр жіберіп, жілік майы толғанға дейін семіртеді. Бұны атбегілер тілінде: жүйрікті ақсүйектендіру, ақжіліктендіру деп айтады.

Жүйріктің еті әбден толысып, қазысы семірген кезде ұстап байлап, баптайды. Яғни, ақжіліктенген жүйрікті үйірден ұстап әкеліп, бірден жақын қашықтыққа (10 шақырымдай) желе-жортып жүргізіп, ішіндегі ара боғын түсіреді. Одан кейін оның ұйқысын қандырады, тек таза су ішкізеді, таза жердің шөбін жегізеді. Көптеген бапкерлер сиыр су ішкен ыдыспен жүйрік атқа су ішкізбейді. Сиырдың сілекейі жұққан жылқы: шабан, бойкүйез,  жайбасар болады дейтін ұғым бар.

Дегенмен әрбір жүйрікті баптау әдісі де әртүрлі болады. Атбегі адам жүйрікті баптауға қажет айла-тәсілдерді біліп, таңдай алуымен ерекшеленуі қажет. Бабы қанған жылқы өзінен-өзі бәйге тілеп, тыпыршып тұрады. Тіпті бойын жазып, мүсіні көз тартып, кезбезденеді. Өте сергек, елпек күйге енеді. Сыртқы көбір жүні өзгеріп, майланып, жылтылдап тұрады. Мінезі кеңіп,  сілекейі шұбатылып, несебі сарғыш емес таза су сияқты мөлдір тұнық болады. Көлденең айғай-шуға елеңдеп тұрады. Ұйқысы қалыңдайды, кермеде қалғып тұрып дүркін-дүркін оқыранып, ұзақ кісінейді.

Бабы қанған жүйріктің белгісі: көбір жүні тіріліп, сырты майланып, құндыздай құлпырып тұрады. Көлденең айғай-шуға елеңдеп, тағатсыздана тыпыршып, бәйге тілеумен қатар, жанары жайнап, мінезі кеңіп, сергек, елгезек күйге түседі. Аузынан сілекейі шұбатыла ағып, ұйқы басып, қалағығыш күйге енеді. Керме де тұрып дүркін-дүркін кісінеп, ұзақ оқыранады. Несебі судай тұнып, ағарады. Көп аунайды.

Бабы қанған жүйріктің тағы бір белгісі – маңдайын күнге қаратып, күнбағыс секілді күнді бағумен болады. Мысалы, баптауда тұрған жүйрік: таң атқанда шығысқа, түс әлетінде оңтүстікке, кешке батысқа қараумен күнге маңдайын сүйгізеді.

Бабы қанбаған немесе бабы табылмаған жүйріктің белгісі: сырт пошымы жүдеу, көз жанары отсыз, шөгілдеу, сыртқы көбір жүні өліленген, көзінің суағарын былшық басады. Мінезі шәлкес, қытымырланады. Ұйқысы қашық, алаң көңіл, жүргенде сүрінгіш, көп пысқырып, жөтеліп тұрады. Тезегі жарты құмалақтанып шашырамай, жапаланып түседі. Шауып келіп тоқтағанда екі бүйірін соғып, еңсесі төмен, сенделіп төрт аяғын сылбыр басады. Тісі жарақаттанып сызат түсе береді және жеген шөбін дұрыс қортпай, тастаған тезегінен шөптің иісі шығады.

Жоғарыда айтқанымыздай, атбегілер бабы қанған жылқыны арықарай жаратып, бәйгеге дайындайды. Ат жарату атбегілік өнердің негізі бөлігі. Әр жүйріктің жарату әдіс-тәсілі бірдей емес әрқилы болады. Мысалы, бәйге аттарының ішінде тоқ шабатыны болады (бәйгенің алдында тойып шөп жейді), кейбір жүйріктер ашқұрсақ шапқанды ұнатады, бәз біреулері орта құрсақ күйінде қосылады.

Сол сияқты толық етімен немесе орта етпен шабатын жүйріктер де бар. Оның бәрін реттеп бабын табу атбегінің ісі. Жүйріктің етінің бабын келтіру үшін атбегілер таңасыру әдісін көп қолданады. Таңасыру – дегеніміз жарауда тұрған жүйрікті күн батқан соң ауыздық салып қаңтарып қойып, таң сәрі де босатуды айтады. Яғни, жылқы түнімен нәр татпай байлауы тұрады. Таңасқан жылқыны түске дейін таза жерге жайып, түстен кейін кермеге байлап тастайды. Қазақтың «аттың жақсысы кермеде» деген тәмсілі осындайдан айтылса керек.

Кермеде байланған жылқылардың басы жерге жетпейді, яғни жайыла алмайды және жатып ұйықтап-жусауына кедергі болатындай керме биік жасалады. Өйткені, жарауда тұрған ат жатаған келеді. Жата берген жылқының бұлшық еті босайды, сіңірі қатаймайды.  Қазақта жүйрік атты жарату «ұстараның жүзіндей» деп бекер айтылмаған.

2 пікір