Тендер арқылы ақша табудың үкімі қандай?
Тендер арқылы ақша табудың үкімі қандай?
7 жыл бұрын 14472

Әссәләмуғалейкум! Кешегі тендер жайында.

Біріншіден, госзакупка сайтында әр түрлі мекемелер, организациялар, ТОО-лар тендер ойнатады. Мысалы, бір мекеме «екі парта керек» дейді бағасы 5000т. Сосын сипаттамасы жазылады: «Ені 60 см,ұзындығы 100 см» деп, сосын мен оған қатысамын деймін. Мен дәл сондай ені 60,ұзындығы 100 см парта апарып беруім керек. Оны қайдан алсам да өзім білемін. Сөйтіп мен оны 4000 тг бір жерден тауып алып, тендерге катысамын, 4000 тг дер ұсынамын. Біреулер 4500 дейді.. Сол кезде компьютер кімнің бағасы аз боп көрінсе, сол адам тендерді ұтқан боп, 15 күнде апарып беруі керек. Осылайша, мен 1000 тг пайда коремін. Жалпы алғанда болады гой? Асхат.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Тендердің сіз сұрап отырған түрі бүгінгі Ислам экономикасында «әл-Мүнақаса» және «әт-Тәурид» тақырыбы төңірегінде қарастырылады. Мұндай сауда түрі бұрыңғы ескі фиқһ кітаптарында нақты кездеспегенімен, тендердің бір тармағы болып табылатын «аукцион» саудасы ол кітаптарда анық айтылған. Аукционды арабшада «әл-Мүзәяда» дейді[1].

Аукцион арқылы тауар сатуға Исламда рұқсат. Сондықтан да, арадағы ұқсастықтары себепті тендер саудасын да халал дейміз. Өйткені, адамдар аукцион арқылы өз тауарын қымбатқа сатуға тырысса, ал тендер арқылы әлдебір затты барынша арзан, әрі тиымды бағада сатып алуды көздейді (немесе әлдебір қызмет түрін). Сол себепті, бүгінгі ғұламалардың көпшілігі тендер мен аукционды тең көреді.

(Осы орайда, айта кету керек: мұнда «дін бауырының саудасын бұзу» деген сияқты келеңсіздік орын алмайды. Олай болуы үшін, әлдебіреумен келісім жасасып қойылған болу керек. Нақты ешкіммен келісім жасаспаған жағдайда кез келген кісі өзінін затын (немесе әлдебір қызмет түрін) ұсынуға құқылы).

Алайда, бұл жерде дау туғызып отырған екі мәселе бар. Біріншісі, тендерге қатысушылардың көбісі өзінің меншігінде жоқ тауарды сатып жатады. Ереже бойынша, өзінің иелігінде емес затты өзі алдымен сатып алып, одан кейін барып сатқан дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) меншігіндегі емес затты сатудан тыйған[2].

Екіншіден, мұнда тауармен қоса, оған төленетін ақшасы да кейінге қалдырылып отыр. Қағида бойынша, нақты келісім шарт жасасқан жағдайда төленетін ақша немесе тауар яғни, екеуінің бірі сол мезетте қолма-қол берілген болуы керек. Сонда, ақша қолма-қол беріліп, тауар кейіннен берілетін болса, бұл "сәләм" саудасы ретінде қаралады. Тауар қазір беріліп, ақшасы кейін берілетін болса, қарызға тауар сатқан болады. Ал, екеуі де кейінге қалдырса бір-бірімен қарыз беріскен болады. Бұны кейбір ғалымдар Пайғамбарымыздың "қарыз - басқа бір қарызбен айырбасталмайды (сатылмайды)" деген сөзіне қайшы деп есептейді.

Ендеше, тендердің осындай сипаттағысын бір сыпыра дін мамандары шариғатқа қайшы дейді, дегенмен шариғатқа теріс деп есептемейтін, керісінше қажеттілік деп санайтын ғалымдар да жоқ емес. Рұқсат дегендердің арасында Ханафи ғалымы Мұстафа Зарқа (1904-1999 ж.) бар.   

Қорытындылай келе айтар болсақ, тендерге өзінің меншігіндегі тауарымен қатысуға рұқсат. Мұнда ғалымдар арасында талас жоқ. Ал, меншігіндегі емес тауармен қатысуды кейбір ғалымдар құп көрсе (сіздің жағдайдағыдай), кейбір ғалымдар шариғатқа теріс деп біледі[3].   


[1] Онымен қатар, «сәләм» саудасын, «истиснаъ» және «истижрар» келісімдерін де атауға болады.
[2] Бұған «сәләм» саудасы кірмейді.
[3] Пайдаланған әдебиеттер: 
     1. Муфти Тақи Усмани: «Бухус фи қадоя фиқһия муасыра». 
     2. Мустафа Зарқа: «әл-Фәтәуә».
     3. Рафиқ әл-Мысри: «Уқудуль тәурид уәль Мунақасат».
     4. Мәжәлләтуль Мәжмәъиль Исләми. 
     5. Үсәмә әл-Хәмәуи: «Аъқдуль Муқауәлә».

Абдусамат Қасым