Шариғатта бір заттың құнын онлайн төлеуге бола ма? Алтынды онлайн сатып алуға бола ма?
Шариғатта бір заттың құнын онлайн төлеуге бола ма? Алтынды онлайн сатып алуға бола ма?
6 жыл бұрын 3662

Ассаляму алейкум! Өте жай жазғаныма кешірім өтінемін. Сауалым: шариғатта тек қолма қол берілген ақша сауданың дұрыс болуына әсер ете ме? Яғни онлайн төлесе дұрыс емес дегенді естідім. Ниет сыйлық деп салыңыз. Шариғатта тек қолма қол ақша беру саналады дейді. Сонда осыған дейін мен қателесіп жүргенмін бе? Дұрысын түсіндіріп беріңізші. Алла разы болсын!!!  Райгүл.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Интернет арқылы онлайн төлем жүргізудің діни тұрғыда еш ағаттығы жоқ. Онлайн төлеу қызметі бүгінде кең етек алып жатқан құбылыстардың бірі. Кейде дүкендерде төлем картасын қолға беріп төлем жүргізсек, кейде үйде отырып-ақ керекті затымызды онлайн түрде сатып алып, белгілі қызмет түрін пайдалану ақысын онлайн түрде төлеудеміз. Мысалы, ұшақ-поезд билеттері, такси ақысы, телефон бірліктері т.б.  

Тек, онлайн саудасында сатып алатын затыңыздың (не қызмет түрінің): қол жетімді әрі түр-сипаты белгілі, бар-жоғы ықтималдыққа сүйенген емес, бағасы нақты, сондай-ақ шариғатта адал саналатын заттар болуы керек. Бұнымен қатар, алаяқтық жайлаған мына заманда сенімділік те маңызды. Тақырға отырып қалмас үшін интернет арқылы зат сатып алған кісі ақшаны тауар қолға тигеннен кейін бергені жөн.

Төлемнің қолма-қол болу шарты

Ендігі жерде, сіз айтып отырған «қолма-қол болуы керек» деген талап алтын мен күміс немесе валюта сатып алғанда ескерілуі қажет дүние. Өйткені, алтын не күмісті яки әлдебір валютаны сатып аларда араға уақыт салмай, "мә саған, мә маған" ережесі бойынша, алым-сатымы қолма-қол жүзеге асқаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда өсім туындайды.

Имам Қудури былай дейді кітабында:

«Алтынды күміске сатқанда (біздің жағдайда тенге) бірін екіншісінен артық беруге болады, бірақ қолма-қол болуы шарт»[1].  

Мысалы, үйінде отырып интернет арқылы алтын мен күмісті сатып алған жағдайда «қолма-қолдылық» қағидасы толықтай жүзеге аспайды деуге болады. Өйткені, ақшаны тікелей сатушының счетына жібергеніңізбен, алтынды қолға тигізуіңіз кешігеді. Мәселен, ескілікті фиқһ кітаптарында хат арқылы «сарф» саудасын (алтын мен алтынды, күміс пен күміс, не алтын мен күмісті айырбас) жасасқан кісілердің келісімдерін жоққа санаған. Себебі, екеуі екі жақта, сол себепті, сарф саудасындағы «иттихадуль мәжлис», яғни сатушы да, алушы да бір жерде болу шарты жүзеге аспауда[2].

Осы тұрғыда, қазіргі таңда қолма-қолдылықтың да екі түрі бар десек қателеспеспіз. Бірінші түрі нақты ақшаны қолына ұстату. Екіншісі, төлем картасы арқылы әлдебір заттың құнын сатушының счетына сол сәтте аудару. Сондықтан да, алтын не күмісті яки өзге валютаны сататын жерінде төлем картамен төлем жасап алудың ағаттығы жоқ. Бастысы картаңызда ақша болуы шарт, несиеге алтын не доллар т.б. сатып алынбайды. Және де ақша араға уақыт салмай бірден сатушының счетына түсуі тиіс. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Имам Құдури: Китабус сарф.
[2] Фәтәуәль һиндия: Китабус сарф - 3/217 бет.

Абдусамат Қасым