«Бір қой бір адамның ғана құрбанына жарамды» дегенге дәлел бар ма?
«Бір қой бір адамның ғана құрбанына жарамды» дегенге дәлел бар ма?
3 жыл бұрын 9809 Фото: massaget.kz

Ассаләмуғалейкум! Бір қойды бір адам шалады дегенге хадис бар ма?  Бәке.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әбу Дәуід, Ибн Мәжә, әл-Бәйһақи, Имам Ахмед сынды хадисшілердің хадистер жинақтарында орын алған риуаятта, сахаба Абдулла ибн Аббас мынадай хадис жеткізеді:

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ: أَنَّ النَّبِيَّ - صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - أَتَاهُ رَجُلٌ فَقَالَ: إِنَّ عَلَيَّ بَدَنَةً، وَأَنَا مُوسِرٌ بِهَا، وَلَا أَجِدُهَا فَأَشْتَرِيَهَا، فَأَمَرَهُ النَّبِيُّ - صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - أَنْ يَبْتَاعَ سَبْعَ شِيَاهٍ فَيَذْبَحَهُنَّ

«Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Менің бір ірі қара құрбан шалуым керек еді (яғни, нәзір еткен едім). Ірі қараға шамам жетеді. Сатып алайын десем, табалмай жатырмын», - дейді ол. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) әлгі кісіге жеті қой сатып алып, соларды союын әмір етті»[1].

(Хадистегі «бәдәнә» (بَدَنَةً) сөзі – «денелі» деген ұғымда. Ол сөз араб тілінде - түйе мен сиырға қолданылады, дегенмен көбіне түйені білдіріп жатады. Сондықтан да, қазақша "ірі қара" деп аударып отырмыз. Хадистегі бұл сөзді «түйе» деп аударса да қате емес).

Аталмыш хадисте ірі қара мал құрбан шалуды атап, бірақ оны сатып алайын десе, табылмағанын айтқан кісіге, Алла елшісі оның орнына жеті қой шалуын бұйрып тұр. Бұл дегені бір қой – бір адамның құрбанына жарайды деген сөз. Қойды сиыр не түйе секілді жеті адам ортақтасып шала алмайды. Төрт мәзхабта үкім осы.  

Бір қойдың бір адамның құрбанына жарамды екендігіне орай Ислам ғұламалары арасында да талас жоқ екендігін Ханбали ғалымы Ибн Һубайраның мына сөзі дәлел:

«Ғұламалар бір ауыздан: түйе жеті адамға және сиыр да сол сияқты жеті адамға, ал, қой малы тек бір адам үшін ғана шалынатындығын бір ауыздан айтқан. Бірақ, Имам Мәлік өзгелерден ерек, түйе мен сиырдың қой секілді тек бір адам үшін шалынатындығын айтады, десе де отағасы ірі қараның сауабына жанұясын да ортақтастырса, оған рұқсат деген» - дейді ғалым.

Сахаба Абдулла ибн Омардың «Қой – бір адам үшін шалынады» дегендігі де риуаяттарда бар[2].

Ендеше, бір қой бір адамның құрбанына ғана жарамды екен. Ірі қара, яғни, сиыр мен түйе – жеті адамның құрбанына жарамды. Жылқы құрбандыққа шалынбайды.  

Ендігі жерде, кейбір хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) екі қошқар сойып, біреуін өзінің және отбасының атынан, ал екіншісін үмбетінің атынан шалғандығы айтылады. Бұған қарап: «қойды – бірнеше адамның атынан шала беруге болады» деген пікір қалыптаспау керек. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол ісі – шалған құрбанының сауабына өзгелерді ортақтастыру, яғни, сауабын бағыштау болып есептеледі. Исламда шалған құрбандығының сауабына өзгені ортақтастыруға болады. Ол – басқа нәрсе. Исламда шалған құрбанының сауабын бағыштау немесе өзгені оның сауабына ортақтастыру – бір бөлек, ал өзіне құрбан шалу міндет болған кісінің құрбан шалып, міндетінен құтылуы – мүлдем бөлек нәрсе.

"Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?"

Енді осы орайда: "Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?" деген сауал туындайды. Алдымен мынаны білуіміз керек: Құрбан шалу - бай санатындағы мұсылман әйел-еркекке міндет. Дәлірек айтқанда, 85 грамм алтынға тең келер қажетінен тыс "артық" дүние-мүлкі бар мұсылман құрбан шалуы тиіс. Сондықтан да, отбасындағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығыбар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Отағасының шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді. Ал, егер, әйелі мен отбасындағы балиғатқа толған ұл-қыздарының жеке байлығы болмаса немесе олар 85 грамм алтынға тең келер артық жеке дүниеге ие болмаса, отағасы бір құрбандықты отбасының атынан шалып, құрбанының сауабына оларды да ортақтастыруына болады.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Тәһәнәуи: «Иъләус –суннә». 17/203 бет.
[2] Бәдруддин ал-Айни: «әл-Биная». Китабуль адхия.

Абдусамат Қасым