Намаз уақыты шығуға таяғанда ғұсылы жоқ кісі шомылмай, тәямум соғып оқи берсе бола ма?
Намаз уақыты шығуға таяғанда ғұсылы жоқ кісі шомылмай, тәямум соғып оқи берсе бола ма?
7 жыл бұрын 12126

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!!! Ұстаз менде мынадай сауал болып тұр. Намаз уақыты таяғанда жүніп болып қалса, қайсы амал бірінші орындалады? Ғұсыл алу керек пе, әлде дәретпен намазды өтеу керек пе? Жүніп адамға ғұсыл құйыну парыз. Сондай-ақ намаз да парыз. Ол қаза болмауы қажет. Осы жайында толық айтып жіберсеңіз... Алла разы болсын сізбенен біздерге, иң шәә Алла! Абу-Али-Әл--Асқари Мұхаммедханафия

Уағалеикумəссəлəм уə рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ханафи мәзхабы бойынша, намаздың уақыты шығып бара жатса да ғұсылы жоқ адам әуелі ғұсыл алуы керек. Шомылып болам дегенше уақыт шығып кеткен жағдайда, қазасы өтеледі. Ондайда тәямум тек қазасы жоқ намаздар үшін рұқсат. Дәлірек айтқанда: айт намаздары мен жаназа намаздары үшін[1]. Өйткені, бұл намаздардың қазасы жоқ. Бұларды жіберіп алудан қауіптенген кісі ғұсыл немесе дәрет алмастан тәямум соғып барып оқиды[2]. 

Ал, қазасы өтелетін намаздардың уақыты шығуға таяп қалса да ғұсылы жоқ кісі алдымен ғұсылданады. Оған тәямум жүрмейді.

Бұл айтқандарымыз, ғұсыл құйынуға мүмкіндігі бар мұсылманға қатысты. Ал, судың алыстығы себепті немесе сырқаттануы себепті, яки судың не күннің суықтығы себепті ғұсыл құйынуға мүмкіндігі жоқ адам үзірлі саналатындықтан, аталмыш жағдайда тәямум соғуына рұқсат етіледі. 


[1] Убайдулла ибн Мәсғуд әл-Махбуби (р.а.): Ән-Нуқоя Мухтәсаруль Уиқоя : Бәбут тәяммум;  Алиюль Қари: Фатхуль Иная – 1/94 бет;
[2]  Ибн Шәйбә, Имам Тахауи және Нәсәиде келтірілген риуаятта сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.)  былай деген екен: «Егер жаназа намазы өтіп кетеді деп қорықсаң және дәретің де болмаса, ондай кезде тәямум соқ». 

Абдусамат Қасым