Дұға еткеннен кейін неге бет сипаймыз?
Дұға еткеннен кейін неге бет сипаймыз?
6 жыл бұрын 11929

Ассалаумағалейкүм уә рохмәтуллахи уә бәрәкәтуху! Менің туысқан ағам сұрап жатыр, неге мұсылмандар бет сипайды деп. Осы сұраққа жауап беріңіздерші! Рахмет! Ысқақов Қуаныш Қуатұлы

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дұғадан кейін бет сипау – Пайғамбар тәлімі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) қол жайып дұға етіп, соңында міндетті түрде бетін сипайтыны хадистерде айтылады. Бұған қатысты сахаба Абдулла Ибн Аббас былай деген:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар», –  деді»[1]. 

 Басқа бір хадисте сахаба Абдулла ибн Омар былай деген:  

Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұға ету үшін екі қолын көтеретін болса, екі алақанымен бетін сипамайынша түсірмейтін»[2].

Осыдан келіп, дұға еткенде және үлкендер тілек білдіріп, бата жасағанда бетті сипау – мұсылмандық дұға ету рәсімі ретінде қалыптасты.

Ал оның астарындағы мәнін әртүрлі топшылауға болады. Ең алдымен, дұға етерде екі қолды жаю – Аллаға деген мұқтаждығымыздың нышаны. Көшеде қайыр сұраушыларды байқасаңыз, бір қолын жаяды. Өйткені, олар адамдардан сұрауда. Ал, Аллаға екі қолымызды жаямыз. Себебі, Оған көбірек мұқтажбыз. Әрдайым оның фазл-берекетін қажетсінеміз. Тек дүниелік істерде ғана емес, ақыреттік жақсылықты да Одан сұраймыз. Және де, адамның адамға көмегі алақандай. Алланың адамға көмегі, берер нығметі сансыз. Алла - шексіз жомарт. Сол себепті, оған екі қолымызды жаямыз.  

Ендігі жерде, бет сипауымыз – дұғаның қабыл болуының нышаны. Яғни, жасаған дұғам, тілеген жақсылықтарым кері қайтарылмасын, қабыл болсын, ал сақтанған жамандықтар бойымнан ұзақ тұрсын дегендік. Оның үстіне, дұғаның өзіндік берекесі мен қасиеті болады. Сол берекесі мен қасиеті бет сипау арқылы бойға сінсін, анша-мұнша дертке шипа болсын дегендік[3].

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әл-Хаким: Мустадрак алас-сахихайн - Суал би батнил-Китаб, №2011 хадис
[2] Әл-Хаким: Мустадрак -  Масхуль уажһ биль ядайн фид дұға" №2010 хадис.
[3] Пайғамбарымыз жатар алдын «ықылас», «фалақ» және «нас» сүрелерін оқып, алақанымызға үфіріп, бетімізді, басымызды және денеміздің қол жеткен жерлерін сипап шығуды үйреткен.

Абдусамат Қасым