Түнде өзен, көлге түсуге болмайды, жын-перілер жүреді дейді. Сол қаншалықты рас?
Түнде өзен, көлге түсуге болмайды, жын-перілер жүреді дейді. Сол қаншалықты рас?
1 жыл бұрын 9181

Әссаламу алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ұстаз, осы түнде көлге, бұлаққа, өзенге шомылуға бола ма? Шариғатымызда оған тыйым бар ма? Жын перілер журед дейді түнде ондай жерде. Әлде ондайды ойламай шомыла беруге бола ма?

Әлхамдулиллә. Уассаләту, уәссәләму аля Расулиллә.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бір риуаятта мүшрик жындардың тау мен теңіздің араларында, ал мүмин-мұсылман жындардың ауылдар (қала) мен тауларда өмір кешетіндігі айтылған1. Бұны Әзіреті Біләлдің (р.а.) әңгімелеп берген мына бір уақиғасынан түсінуге болады:

«Пайғамбарымызбен бірге шыққан сапардың бірінде, Алла елшісі түзге отырмақшы болып былай шықты. Ол (с.а.у.) әжетке отыратын кезде ұзаққа кетіп қалатын. Кейіннен оған дәрет суын апарып, артынан бардым. Жақындағанымда бөгде бір ер адамдардың дауласып, айқайласып жатқанын естідім, бұрын-соңды ондай нәрсе естіген емеспін. Пайғамбарымызға (с.а.у.) жақындап барғанымда, Алла елшісі (с.а.у.):

- Біләлсің бе? - деп сұрады. Мен:

- Біләлмін, - дедім.

- Су бар ма? - деді.

- Бар, - дедім.

Дұрыс болды, - деді де, суды қолымнан алып, дәрет алды. Сосын мен Алла елшісінен (с.а.у.): 

- Уа, Расулалла! Сіздің қасыңызда бөгде біреулердің тартысып жатқанын естідім. Олардың сөйлеген тілдерін бұрын ешкімнен естіген емеспін, - дедім. Сонда Алла елшісі:

- Менің қасымда мұсылман жындар мен мүшрик жындар дауласты. Олар менен олардың мекен тұтар орындарын белгілеп беруімді сұрады. Мен мұсылман жындардың орналасар жерлері ретінде ауылдар (қала) мен тауларды белгіледім. Ал мүшрик жындарға таулар мен теңіздердің арасын белгіледім, - деді», - деп Әзіреті Біләл әңгімесін аяқтаған екен. 

Осы хадиске қарағанда теңіз бен көлдерді мекен етер бейнебір жын түрлері бар болуы мүмкін екендігін түсінуге болады. Қазақта оларды «су перісі» дейді. Бұнымен қатар Құран аятында да құрылысшы жындар мен суға сүңгуір жындардың бар екендігі ашық айтылған2. 

Ендеше, түнде теңіз, өзен, көлдерге түспеген абзалырақ, түскен күннің өзінде «әғузу» мен «бисмилләны» айтып және «аятуль курсиді» оқып, содан кейін барып түскен жақсы. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 


1  Табарани, Әбу Шәйх және Әбу Нәъим келтірген. Әлсіз риуаят.
2  «Сод» сүресі, 37 аят.

 

Абдусамат Қасым