«Мұса пайғамбардың» есімі не мағынаны білдіреді?
«Мұса пайғамбардың» есімі не мағынаны білдіреді?
9 жыл бұрын 15133

«Мұса» есімінің түп нұсқасы көне иврит тілінде «Мошех» деп келеді. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, аталмыш есім «мө»,  яғни, «су» және «уша’» - «құтқару» сөздерінің қосындысынан тұрады. Мағынасы: «судан шығарып алған» дегенді білдіреді.

Таурат кітабында айтылған мәліметке қарағанда, Перғауынның зұлымдығынан құтқару мақсатында Мұсаны анасы қамыстан себет тоқып, оны қара шайырмен бітеп, нәрестені ішіне жатқызады. Содан соң, Ніл дариясының жағасында өсіп тұрған құрақтың арасына апарып, суға қоя береді. Баланың әпкесі жақын жерге тығылып қалып, оған не болар екен деп аңдып тұрады... Сол кезде өзенге шомылуға келген перғауынның қызы себетті байқап қалып, оны әкелуге күтуші қызды жібереді... Себетті ашып, ішінде жатқан баланы көреді. Нәресте жылап жатыр екен. Ханша оны аяп кетіп: "Бұл исраильдік бала ғой", - дейді. Сонда сәбидің әпкесі тығылып отырған жерінен шығып: "Мен барып, баланы емізу үшін сізге бір исраильдік әйелді алып келейін бе?", - деп сұрайды... Қыз барып, нәрестенің шешесін шақырып келеді. Ханшайым оған: "Сәбиді алып, маған емізіп бер. Саған сол үшін ақы төлеймін", - деп бұйырады. Әйел нәрестені емізіп асырау үшін үйіне алып кетеді. Сәби біраз өскеннен кейін шешесі оны перғауынның қызына апарып береді. Ханша баланы бауырына басып, «Оны судан шығарып алдым ғой», - деп, оған Мұса (шығарып алған») деген ат қояды екен[1].  

Бұл оқиға қасиетті Құранда былай баян етіледі:

«Мұсаның анасына: "Оны еміз. Егер, оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, оны дарияға салып жібер. Қорықпа да, күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да оны пайғамбар етеміз" - деп, көкейіне салдық. (8)Сонда Перғауынның отбасы өздеріне дұшпан болатын, қайғы тарттыратын баланы тауып алды. Расында Перғауын мен Һаман әрі ол екеуінің әскерлері қателесті. (9)Перғауынның әйелі: "Менің де, сенің де көзқарашығымыз, оны өлтірмеңдер! Бәлкім бізге пайдасы тиер; немесе бала қылып алармыз", - деді. Бірақ (түптің түбінде не боларын) олар сезбеді. (10) Мұсаның анасы бос ойларға батып, таң атырды. Егер жүрегін сенушілерден болуға бекемдемесек, ол өз баласын әшкерелеп қояр еді. (11)Анасы, Мұсаның әпкесіне: "Оның соңына түсші", - деді. Ол, Мұсаны алыстан бақылап жүрді. Бірақ мұны ешкім сезген жоқ. (12)Мұсаны (өз анасынан басқа) асыраушы әйелдердің емізіп қоюынан сақтадық. Сонда, оларға Мұсаның әпкесі: "Сендерге бұл баланы жақсы бағатын бір үйді тауып берейін бе?» - деді. – Олар баланы ықыласпен бағатын адамдар. (13)Сөйтіп, біз қуансыншы, қасірет шекпесінші және Алланың уәдесінің шын екенін түсінсінші деп, Мұсаны анасымен қайта қауыштырдық. Бірақ олардың көбі біле бермейді[2]».


[1] Киелі Кітап, Таурат: Мысырдан шығу – 2/10.
[2] Құран Кәрім, Қасас сүресі – 7-13 аяттар.

Абдусамат Қасым