Түрмеде отырғандардың баспана алып, кәсіпкерлікпен айналысуына болады (видео)
Түрмеде отырғандардың баспана алып, кәсіпкерлікпен айналысуына болады (видео)
8 жыл бұрын 3590 khabar.kz Ұ.Нарынбек, А.Серғалиев, К.Амраев

Түрмеде отырғандардың қолжетімді баспана алып, тіпті жеке кәсіпкерлікпен айналысуына да болады. Алматы облысының прокуратура қызметкерлері осындай бастама көтеріп отыр. Енді сотталғандар отбасыларына көмектесіп, жалақысының бір бөлігін банкке жинап, жазасын өтеп шыққан соң мемлекеттік бағдарламамен пәтер ала алады.  Қарақшылық үшін 20 жылға сотталған Иван Панасенко бүгінде қатаң режимдегі колонияның үздік кәсіпкері. Прокуратура қызметкерлері қылмыскерлерге жеке кәсіппен айналысуды ұсынған соң, Иван көп ойланбастан өз ісін бастап кетеді.  Он адамнан бригада құрып, кәдесыйларды жасауды қолға алады.  Иван Панасенко, ЛА 155/8 түзеу колониясында жазасын өтеуші:  - Өзіміздің веб-сайтымызды ашып, соның көмегімен осы заттарды сатып жатырмыз. Алматыда осы түзеу мекемесінде жасалған заттар жеткілікті. Болашақта дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Мұнымен еркіндіктегі, сенімді адамдар айналысуда. Біздің міндетіміз жасау, басқасы сол азаматтардың қолында.  Түзеу мекемесіндегі кәсіпкерлік жобасы биыл ғана басталды. Қапаста отырып табыс тапқандарды көрген басқа сотталғандар да өз ісін ашуға ынталы. Бірақ, бостандықта бәрінің бірдей сенімді бизнес-серіктестері жоқ.  Жандос Ысқақов, Облыстық прокуратураның түзеу мекемелерін қадағалау басқармасының басшысы:  -Қазіргі кезде Бас прокуратура тарапынан үлкен түрмелік реформа жүргізіліп жатыр. Осы түрмелік реформаның бір бағыты сотталған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Біздің облысымыздың кәсіпкер, іскер азаматтарын осы бизнестарын осы мекемелерде ашсын деген тілек білдіріп отырмын.  ЛА 155/8 түзеу мекемесінде ірі өндірістік кешен бар. Тігін фабрикасы, ағаш, тас пен темірден неше түрлі бұйымдар жасайтын цехта 600-ге жуық адам еңбек етеді. Негізгі тапсырыс беруші – мемлекет.  Енді бұл бастама кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапса, істің алға басары анық.  Өйткені, ұзақ мерзімге қамалғандар білек сыбана жұмыс істеп, қомақты жалақы алғылары келеді. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қатысу үшін сотталғандарға есеп-шот ашып беруге әзір.  Қуаныш Мырзахан, Облыстық прокуратураның түзеу мекемелерін қадағалау басқармасының прокуроры:  - Қазіргі уақытта «Тұрғын үй жинақ банкімен» келісімшартқа келдік. Ақша жинайды. Олардың тиімділігі мемлекетпен 20 пайыздық сыйақы беріледі жыл сайын. Ақшасы көбейеді.  Қылмыскерлерді асырау үшін бюджеттен ақша шығындалатыны жасырын емес. Бұл мәселені ізгілендіру үдерісі шешуі мүмкін.  Биыл Қазақстанның түрмелерінен 8 мыңнан астам жазасын өтеуші еркіндікке шықты. Соңғы мәліметтерге сай темір тордың арғы жағында 49 мыңға жуық адам отыр.  Демек, жеке кәсіптерін ашса, түрмедегі уақыты өзгелер үшін де, өзі үшін де пайдалы болар еді.

 

0 пікір
Мұрағат