Саясаткерлер түсік жасатуды тегін медициналық қызметтер қатарынан алып тастауды ұсынып отыр
Саясаткерлер түсік жасатуды тегін медициналық қызметтер қатарынан алып тастауды ұсынып отыр
8 жыл бұрын 3981 24.kz Фото: kazaly-jdb.kz

Түсік тастау түйткілі бүгінде күн санап күрделене түсті. Кейінгі кездері Ресей жасанды түсік тастау жағынан көш бастаған елдер қатарында тұр. Көршілес елде болып жатқан келеңсіз жағдай түбі бізге келмесін десек, қазірден бастап қам жасауымыз қажет. 

1 немесе 2 баласы бар 30 жастағы әйел. Құрсақтағы ұрпағынан безінетін азаматшалардың негізгі сипаттамасы осындай. Дәрігерлер отбасы құруды алдын ала жоспарлау керек деп шыр-пыр. Дегенмен, шешім қабылдаған әйелге ештеңе де кедергі емес дейді олар. Дін белсенділері түсік жасатуға үзілді-кесілді тыйым салу керек деп шешсе, саясаткерлер мұны медициналық тегін қызметтер қатарынан алып тастау қажеттігін айтады.

«Көбінесе 2-3 жерде жұмыс істейтін әйелдің 2 немесе 3 баласы болады. Ал күйеуі жұмыссыз. Сондықтан, тығырықтан шығу үшін әйелдер амалсыз осындай қадамға барады. Жасанды түсік тастау – бұл үлкен қатер. Мұндай шешімге баратын жандар негізінен өте қиын жағдайда болады. Яғни, қаржылық мәселеде немесе отбасылық жағдайға байланысты», - дейді Отбасыны жоспарлау орталығының жетекшісі Евгения Балашова.

Әрбір ресейлік әйелдің түсік жасауға баратын себебі – қалтаның жұқалығы. 2014 жылдан бері кедейлік деңгейі өсіп барады. Жұмыссыздардың ресми саны осы күні 4,5 миллионға жетті. Шамамен 5 млн-дай адам ең төменгі жалақыны алады. Ресей үкіметінің вице-премьері Ольга Голодецтің айтуынша, кедейлік мемлекеттік қызметкерлерді де айналып өтпеді. Ал түсік жасау мәселесінде саясаткер оңтайлы шешім табу қажеттігін айтты.

«Бізде өткен жылғымен салыстырғанда жасанды түсік жасаушылар саны 100 мыңға азайды. Алайда, соның өзі өте үлкен сандарды көрсетіп тұр. Егер 1 млн 900 мың нәресте туылса, сонымен қатар 700 жасанды түсік жасалуда. Әрине, ол біздің демографияға кері әсерін тигізері сөзсіз. Алайда, бұл жерде қабылданатын шешім жан-жақты қарастырылуы тиіс», - деп атап өтті Ресей үкіметінің вице-премьері Ольга Голодец.

Ресейдегі әрбір үшінші бала толық отбасында тәрбиеленбейді. Алимент қарыздары осы күні 92 млрд рубльге жетті. Дәл осындай әлеуметтік-демографиялық қиын жағдайда түсік жасатуды тегін қызметтер қатарынан алып тастасақ, жағдай мүлде ушығуы мүмкін деп есептейді заңгер әрі 4 баланың анасы Людмила Айвар. Себебі, ондай жағдайда жасырын клиникалар, ауруға шалдыққан әйелдер мен мүгедек балалар саны көбейеді.

«Демографиямыз жақсарсын десек, халықты қаржылық-экономикалық жағынан қамтамасыз етуіміз керек. Түсік тастауды медицина жүйесінен алып тастау арқылы бюджетті үнемдеу дегеніңіз дұрыс шешім емес. Одан кейін әйелдер түсікті өте қиын жағдайларда жасай бастайды. Сосын ауру әйелдер қаптап, жалған клиникалармен күресу деген мәселе пайда болады. Ал оған біз одан да көп қаржы жұмсап кетуіміз ықтимал. Себебі, әйелдер жертөледе, сарайларда, кемпір-балгерлердің лашықтарында түсік тастауға көшетін болады», - деп алаңдаушылығын білдірді заңгер Людмила Айвар.

Аталған мәселеде мәдениеттілік, экономика және адам құқықтары секілді тақырыптар бір-бірімен астасып жатыр. Сондықтан, түсік жасатуға тыйым салу қоғамды екіге жарып тастады десек те болады. 

1 пікір
Мұрағат