Сәләфилерден телефон сатып алмаңыз!
Сәләфилерден телефон сатып алмаңыз!
8 жыл бұрын 4846 sn.kz Ihsan.kz

Шымкентте «Гарант» деген ұялы телефондар мен компьютердің қосалқы бөлшектерін сататын үлкен сауда орталығы бар. Өзі тура қаланың қақ ортасында, адамдардың ең көп жүретін жерінде орналасқан. Сол дүкеннің алды "сақалдыларға» тола. Бәрі де б/у «сотка» сатумен немесе оларды жөндеумен айналысады.

Алғашқыда «бұларды ешкім жұмысқа алмағандықтан саудамен айналысады ғой" деп мән бермейтінбіз. Өйткені, «сақалдылардың» көбі ЖОО-ны соңына дейін оқымайды, диплом алғандарының көбі базар мен мешіттердің маңын жағалаудан ары аса алмайтыны белгілі. Кейін байқасақ, тек Шымкентте емес, Қазақстанның барлық қалаларында да б/у «сотка» сатумен «сақалдылар» айналысады екен. Алматыда, Астанада, Ақтөбеде, Жезқазғанда көргеніміз осы.

Неге бұлай деп бас қатырып жүрсек, жауабын құқық қорғаушылардың өздері білетін секілді. Белгілі журналист Арман Сқабылұлының айтуынша, бұл сауалдың жауабын оған зейнеттегі полицейлердің бірі айтып берген екен.

«Неге олар негізінен осы кəсіпке үйір? Бұл сауалды ішкі істер органдарында ұзақ жылдар істеген танысыма қойдым. Аты - жөнін белгілі себептерге байланысты атай алмаймын.

- Бізге ұялы телефондарын ұрлатқан, жоғалтқандар жиі арыз жазады, - дейді ол, - жеке коды арқылы көбіне тауып беріп жатамыз. Бірде сондай бір телефонды таптық. Бір жас бала ол "сотканы" "Көк базардан" сатып алған екен. Сатқан "сақалды". Үйге келіп шұқылап көрсе ұялы телефонның ішінде арнайы файлға жинақталған түрлі уағыздар бар болып шыққан. "Сақалдылардың" бұл саудаға қызығуының бір себебі осы. Байқамағансып ескі телефонға уағыз толы файлды қалдыра салады. "Сотканың" жаңа иесі файлды ашса болды. Əрі қарай сананың уағызға улануы басталады... Ал, "сақалдының" бұл қылмысын мойнына қою тіпті қиын. Өйткені ол да бұл телефонды біреуден сатып алды ғой.

...Танысымның бұл əңгімесіне тиісті органдар назар аударады деп ойлаймын. Меніңше бұл "сақалды" мен "соткаға" байланысты құпияның бір ғана мысалы. Бұларды басқа да мəселелер байланыстыруы əбден мүмкін», - дейді журналист өзінің Facebook парақшасында.

Журналист Бауыржан Карипов те «сотка» сататын сақалдыларды тексерген жөн деген пікірде. Өйткені, шұқып-шұқып телефонды іске қосқан адам өзге де нәрсені іске қоспайтынына кім кепіл дейді ол.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Кеше Алматыда полиция бөліміне шабуыл жасап, 5 адамды атып өлтірген күдіктінің салафилермен тығыз байланыста болғанын ҚР ҰҚК төрағасы В.Жұмақанов айтты. Теракт жасады деп қамауға алынған Руслан Куликбаев бұрын ұялы телефон сатумен де айналысқан екен. Демек, мұны дабыл қоңырауы деп түсінген дұрыс шығар. Ауруын жасырған өледі дейді атам қазақ. Енді құқық қорғаушылар проблеманы қазірден шешуі тиіс. Әйтпесе, жар астындағы жау жағадан алды.

0 пікір
Мұрағат