Қазақстандықтар ерте қартаюда
|
31 канал телеарнаның хабарлауынша, ғалымдар қазақстандықтардың «жылдам қартаю синдромына» ұшырағанына алаңдаулы. Яғни, жастай ағзаның тозуы байқалған.
Бүгінгі таңда ұлттың қартаюы – талай елдің бас ауруына айналды. Бұл процесс, әсіресе, батыс елдерінде қалыпты құбылысқа айналып барады. Соңғы уақытта бұл жағымсыз құбылыс қазақстандықтардың да бойынан байқалып отыр. Түсінікті болу үшін бұл құбылысты былай сипаттауға болады: адамның күнтізбелік жасы оның биологиялық жасымен сәйкес келмейді. Бейнелеп айтқанда, қырық бес жастағы адам ағзасы тозғандықтан елуді еңсерген егде адамдай көрінеді. Бұл дерт үлкендерге қарағанда жастар арасында етек алып келе жатқаны алаңдатпай қоймайды. Мұны өркениетке тән құбылыс дейсіз бе, басқалай атайсыз ба, бір шындығы, адамдар ағзасындағы ауытқушылыққа сыртқы факторлар (экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, т.б.) қатты әсер етуде. Бір қызығы, қызық дейміз-ау, шыжығы сонда, қазақстандықтар бұл аурумен күресу үшін түрлі қитұрқы тәсілдерге барып жатыр. Біреулер басын қатерге тігіп, пластикалық ота жасатса, енді біреулері, салауатты өмір салтынан ауытқымауға, спортпен шұғылдануға, дұрыс тамақтануға, т.б. мән беруде. Ал әлемнің мүйізі қарағайдай ғалымдары «жастық элкесирін» іздеп бас қатыруда. Елімізге келсек, бұл түйіткілді мәселенің түйінін тарқату үшін бірнеше ғылыми зертхана ашты. Оңтүстік астанамыздағы Асфендияров атындағы медициналық университетінің ғалымдары адамды жасартатын құрал ойлап тапты. «Ол өзінің тәжірибелік тұжырым деңгейінен өтті... тұтастай алғанда ағза функциясының негізгі көрсеткіштерін жақсартады. Мұны бірыңғай жастықты сақтауға ықпал ететін биологиялық қоспа деп атаса да болады», - деді С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты проректор Қазыбек Төлебаев. Десе де, кәрілікке ем жоқ. Сөз арасында айта кету керек, биыл қарттар үшін мемлекеттік бюджеттен 10 млрд-тай теңге бөлінді. Ал еліміздегі қарттар саны – 1 млн 700 мың адам.