Қазақстандық «Алтын дала» экологиялық жобасы аса беделді сыйлыққа ие болды
Қазақстандық «Алтын дала» экологиялық жобасы аса беделді сыйлыққа ие болды
1 ай бұрын 411 24.kz Қуандық Танабас

Қазақстандық ғалымдардың «Алтын дала» жобасы әлемдегі ең беделді экологиялық сыйлыққа ие болды. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі хабарлады. 

Киіктерді қорғау мен көбейтудегі таңғаларлық жетістіктері үшін отандық зерттеушілерге Уильям ханзаданың өзі 1 млн фунт стерлинг мөлшеріндегі сыйлық табыс етті.  Бұл – «Алтын дала» жобасының әлемді мойындатқан сәті. Оңтүстік Африка астанасы Кейптаунда өткен марапаттау салтанатында қазақстандық жоба «Earthshot Prize 2024» сыйлығының иегері атанды. Әлемдік деңгейдегі бұл марапатты экология саласындағы «Оскарға» теңейді. Ұлыбританияның болашақ тақ мұрагері Уильям ханзада тағайындаған сыйлық ғаламдық экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларға беріледі. 15 жобаның ішінде қазақ даласындағы киіктерді сақтауға арналған «Алтын Дала» бастамасы үздіктердің қатарынан табылды.

Вера Воронова, «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының атқарушы директоры: - Біз табиғатпен үндестікте өмір сүріп, оған тыныштық берсек, оның өздігінен қалпына келетінін көрдік. Киіктер санының көбейгені – табиғат пен адам байланысының үлкен күшке ие екенін дәлелдеді. Бұл сыйлық –20 жыл бойы атқарылған орасан еңбектің бағаланғаны, өз ісіне шынайы  берілген жандарға жасалған құрмет деп білемін.

«Алтын Дала» бағдарламасы қазақ жерінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Жобаның басты мақсаты – киік популяциясын қалпына келтіру. Оның аясында жануарлар  мекендейтін аумақтарды кеңейту, браконьерлікпен күрес бойынша ауқымды шаралар қабылданды. Нәтижесінде Қазақстандағы киік саны 2003 жылғы 21 000-нан 2024 жылы 2,8 млн-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш әлемдегі сүтқоректілерді қалпына келтірудің ең табысты мысалдарының бірі болды.

Алёна Кривошеева, «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының ұлттық үйлестірушісі: - Біз 2009 жылдан бастап киіктердің қозғалысын бақылау үшін оларға спутниктік қарғыбау тағу технологиясын қолдандық. Осы арқылы біз жануарлардың миграциясы, олардың негізгі өмір сүру ортасы жайлы маңызды мағлұмат алдық. Бұл киіктерге арналған жаңа табиғи аймақтарды құруға, оларды браконьерліктен құтқару жұмыстарына негіз болды.

«Алтын Дала» бағдарламасы аясында киіктен бөлек, дала бүркіті, ақсұңқар және Пржевальский жылқысының тұқымын қайта қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына зиян келмеу үшін ғалымдармен бірлескен жобалар іске асады. Себебі, әлемдік ақбөкен популяцияның 99%-ы Қазақстанда мекендейді.

Асқар Абдрахманов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы: - Бұл жоба осымен тоқтамайды. Бізде қазір құрып кету алдында тұрған жануарлар баршылық. Оларды қадалағау керек, қорғау керек дегендей. Мына киіктердің санын басқару аталған ұйымдардың арқасында халықаралық эксперттер тартылуда. Киіктердің мәселесімен біз ғана емес, халықаралық ұйымдармен бірлесіп, бірге жұмыс жүріп жатыр. 

Табиғатты қорғаудағы тынымсыз еңбектері үшін қазақстандық ғалымдарға Принц Уильямның өзі £1 млн мөлшеріндегі сыйлықты табыс етті. Бұл қаражат Қазақстанның дала экожүйелерін қорғауға бағытталған жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.

Айта кетейік, қазақ даласында киіктің қайта көбеюіне байланысты бұған дейін танымал актер Леонардо Ди Каприо әлеуметтік желіде өз құттықтауын жолдаған еді. Ол Қазақстан Үкіметінің жұмысын жоғары бағалап, бұл оқиғаны табиғатты қорғау ісіндегі шынайы табыстың мысалы деп атап өтті. 

Авторы: Қуандық Танабас

0 пікір
Мұрағат