Қазақстандағы жазғы демалыс орындары (ФОТО)
|
Жадыраған жаз да келіп қалды. Күннің шуағын, мөлдір су мен көкорай шалғынның иісін әбден сағынған жұрттың біразы жаз келісімен шетелге ағылса, кейбіреулері елімізді аралайды. 1 маусымда туристік маусымын ашатын шет мемлекеттер бұл кезеңге бір-бірінен қалыспай, туристерді қабылдауға мұқият дайындалып, жарнамаларын жаудырып жатыр. Қазақстандық туристік фирмалар да еліміздің тамаша табиғатын, туристік мүмкіндіктерін отандастырымыз бен шетелдіктерге көрсетіп, туристер санын көбейтуге тырысып жатыр. Қазақстандық туризм өкілдері еліміздің келесі аймақтарын көруге кеңес беріп отыр.
Бурабай – Көкшетау қыратындағы тұйық көл. Ол Ақмола облысының Бурабай ауданында Көкше тауының шығыс баурайында теңіз деңгейінен 320 метр биіктікте орналасқан. Бурабайдың суы жұмсақ және мөлдір, түбіне дейін анық көрінеді. Көлдің солтүстік-батыс бөлігінде Жұмбақтас аралы орналасқан. Оның шоқтығы айдын бетінен 20 метр көтерілген. Сол маңда Оқжетпес тауы да бар. Көл суында алабұға, шабақ, сазан, шортан, табан балықтары жеткілікті. Бурабай табиғатының ерекше сұлулығы көптеген әдебиет және көркемсурет шығармаларына арқау болған.
Зеренді. Ақмола облысында еліміздің көрікті жерлерінің бірі – Зеренді ауылы орналасқан. Ол Көкшетау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 40 км жерде, Көкшетау қыратындағы Зеренді тауының солтүстік-шығыс етегінде, Зеренді көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Зеренді тауының баурайында жазғы лагерьлер мен демалыс үйлері жұмыс істейді. Ауыл маңындағы Жамантұз көлінің шипалы сазы емге жарамды. Зеренді көлінде ондатра өсіріледі, балық ауланады. Ауыл арқылы Көкшетау-Атбасар автомобиль жолы өтеді.
Қарқаралы. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп бұл өлкенің сұлулығы Сәбит Мұқанов пен Мәди Бәпиұлының өлеңдері мен шығармаларында жиі суреттелген. Еліміздің көрікті жерлерінің бірі – Қарқаралыда болып, оның сұлулығына тамсанбау мүмкін емес. «Қарқаралы» атауы көне бас киім – қарқара атауынан туындаған. Себебі, бұл жердің таулары алыстан қарағанда бас киім пішіндес болып келеді. Табиғаты әсем өңір көруге тұрарлықтай. Қарқаралы Қарағанды облысында орналасқан.
Каспий теңізі – Еуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Оның суы 5 мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Каспий теңізіне 130-ға жуық өзен мен ағынды сулар құяды. Жазда Каспий теңізінің беті қатты қызады, температура барлық бөлігінде де бірдей: шілдеде орташа температура 24оС – 26оС. Тамыз айында температура айдынның бірқатар бөлігінде 24оС, ал оңтүстікте 28оС -қа дейін көтеріледі. Яғни, шомылуға қолайлы температура қалыптасады. Каспий жағалауында қазіргі кезде құстардың 260 түрін кездестіруге болады. Каспийдің шығыс жағалауында ғана жыл сайын 2 млн құс қонады. «Каспий» атауы XVI ғасырдың аяғында осы теңіз жағасында қоныстанған Каспий тайпаларына байланысты қалыптасқан.
Алакөл – Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан тұйық көл. Көлге 15-тен аса өзен құяды. Алакөл жағалауы, негізінен төрттік дәуірдің түрлі тау жыныстары – саз балшық, құмды топырақ, қиыршық тас, ұсақ құмнан тұрады. Жалпы, Алакөл – емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа теңіз бетіндегі дымқыл ауамен араласып адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген. Кезінде Жібек жолының керуендері көл жағасын басып өткендіктен, оның суы мен ауасымен ұзақ жолдан науқас болған адамдардың денсаулығын түзеп, емдеген. Кеңес үкіметі кезеңінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде арылған екен.
«Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық саябағы Алматы облысының Талғар және Райымбек аудандарының аумағында орналасқан. Көлсай өзенінің бойында үш көл орналасқан: Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай және Төменгі Көлсай. Парк территориясында теңіз деңгейінен 1800-3500 метр жоғары өсетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, керемет өзендер мен көлдер, қырлы ландшафттар кездеседі. Ауа-райы демалу және сауықтыру үшін ыңғайлы, қысы жұмсақ, ауасы таза, қысқы және жазғы демалыс түрлері үшін қолайлы. Көлсай көлдеріне жаяу және атты маршруттармен, ал Қайыңды көліне автокөлікпен баруға болады. Сонымен қатар, гидтер мен экскурсовод-нұсқаушылардың қызметін пайдалану мүмкiндiгi бар.
Шарын шатқалы – ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Шарын ертегідегі құм тауларынан жасалған ескерткіштер әлемі iспеттi. Ол Алматы қаласынан шығысқа қарай 195 шақырым қашықтықта орналасқан. Шарын шатқалы жасы 12 миллион жылға жуық шөгінді тау жыныстарынан қалыптасқан табиғат ескерткіші. Каньон құздарының биіктігі 150-300 метрге жетеді. Шатқал Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 154 км созылып жатыр. Бұл аймақтың рельефі әртүрлі. Жарқабақтың бағаналары, баурай, жыралары 150-300 метрге жетеді. Шатқалдардың түсі Америкадағы Үлкен жарқабақтарға қарағанда ашық-қызғылт.
Қатонқарағай ұлттық табиғи паркi. Ол солтүстігінде Қызылқарағай және Қатын жотасына ұласа отырып, Ресеймен шектеседі. Шығысында Үкек даласымен (Ресей, Алтай Республикасы) және Қытаймен, оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен шектеседі. Жер аумағының 1/3-ін қалдық қылқан жапырақты орманы басым орманды ландшафт алып жатыр. Саябақ жері табиғат және мәдениет ескерткіштеріне бай. Тархан геологиялық қимасы, Рахман бұлағы, мәдени-тарихи ескерткіш – Берел сақ қорғаны мен Көккөл кеніші, Ұлы Жібек жолының солтүстік алтын тармағы, марал шаруашылығы орналасқан. Саябақ жерінің көп бөлігін Бұқтырма өзенінің алабы, оңтүстік бөлігін Қарақаба өзені алып жатыр. Мұнда кең су арнасы 80 метр биіктіктен құлайтын Көккөл сарқырамасы, Арасан, Қара Берел, Рахман көлдерінің сарқырама тармақтары бар.
Баянауыл ұлттық мемлекеттік паркiнiң жер бедері жекелеген жақпар тасты тау шоқыларынан тұрады. Баянауыл тауларының етегінде көптеген бұлақтар, суы мөлдір Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерi бар. Саябақта 20-дан аса археологиялық ескерткіш, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер бар. Ұзақ жылдар бойы жел мен судың әрекетінен түрлі мүсіндерге айналған жартастар саябақ табиғатына ерекше көрік береді. Саябақтың өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемі де алуан түрлi. Саябақ аумағы атқаратын қызметіне қарай қорықтық, қорықшалық және демалыс белдемдеріне бөлінген.
Алтынемел – Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ. Жер көлемі – 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарих ескерткіштері орналасқан. Саябақ археологиялық ескерткіштер мен ежелгі таңбалар және суреттер салынған үңгірлермен тастарға бай. Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады. Бақтың климаты қатаң континентті, қаңтардың орташа температурасы – 8,6°С, шілденің орташа температурасы 26°С. Бақ флораға бай, онда өсімдіктердің 1500 түрі, «Қызыл кітапқа» енген 22 түрі бар. Алтынемел жануарлар әлеміне де бай. Саябақта 17 қорықша бекеті мен бірнеше туристік маршрут жұмыс істейді.
Ұлытау ұлттық қорығы – географиялық-тарихи, табиғи-мәдени ескерткіштердің үлкен бір шоғыры орналасқан қорық. Қорықта 700-ден астам тарихи-археологиялық және архитектуралық ескерткіштер орналасқан, оның ішінде республикалық маңызы бар 12 ескерткіш бар. Олар – Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Лабақ, Мақат саханасы, Ерден, Кетебай, Жакуда-Ишан, Басқамыр қалашығы, Ақмешіт әулие, Едіге, Айранбай мазарлары. Ұлытау өңірі өзінің тарихқа толы ескерткіштерімен ғана емес, табиғатымен де танымал. Жалпы аумағы 18 млн гектарды алатын қорықта солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан Ұлытау, Арғанаты, Желдіадыр, Байқоңыр, Майтөбе, Аралтөбе, Үш қағыл тау бөктерлері орналасқан.
Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Қаңтардағы орташа температурасы –15 – 17 ºС, шілденің орташа температурасы 24ºС. Балқаш – ірі жол торабы. Жылы мезгілде Балқашта су көлігі қатынайды. Әуе, темір және автожолдар қаланы Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларымен, Мәскеу және Орталық Азия республикаларымен байланыстырады.
Қорғалжын қорығы – Ақмола облысы Қорғалжын ауданында орналасқан мемлекеттік қорық. Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы – 41 – 42ºС суық болса, шілдеде температура 38 – 39ºС-қа жетеді. 125 – 130 күн ауа райы жайма шуақ болады. Қорық өсiмдiк және жануарлар әлемiне бай. Қорғалжын құстар жолының қиылысында орналасқандықтан ол жерден саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Онда құстың 294 түрі жұмыртқа салса, суларында балықтың 17 түрі мекендейді, 32 мыңдай қасқалдақ, 10 – 12 мыңдай үйрек, аққу, қаз, т.б. құс түрлері ұя салады. Қорықта дүниежүзінде өте сирек кездесетін – қызғылт қоқиқаз бар. Ол Қазақстан жерінде ұя салып, жұмыртқа басады. Мұнда ұя салатын қанаттылардан гөрі мамырлауға келген құстар саны бірнеше есе көп болғандықтан қорықты Құс базары деп те атайды. Қазір қорықта экологиялық туризм саласы дамып келеді.