Қазақстанда 2040 жылға қарай су тапшылығы 50%-ке дейін жетеді. Аралда алғаш рет әуеден сексеуіл егіледі
Қазақстанда 2040 жылға қарай су тапшылығы 50%-ке дейін жетеді. Аралда алғаш рет әуеден сексеуіл егіледі
3 жыл бұрын 1769

Сенат депутаты Әбдәлі Нұрәлиев премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында су тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатордың айтуынша, Қазақстанда 2040 жылға қарай су тапшылығы 50%-ке дейін жетеді.

Қазақстанның тау көлдеріне "Қазгидромет" жүргізген көп жылдық бақылау нәтижесі бойынша өткен жылы қар жамылғысы айтарлықтай төмендегені анықталып отыр. Осыған байланысты біздің ел мен көрші мемлекеттердің көптеген су қоймасында су деңгейі тұрақты түрде төмендеп барады және бұл үрдіс соңғы үш жыл бойы сақталуда.

Нұрәлиев су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірқатар нақты қадам ұсынды.

"Қазақстанның бірқатар облысын сумен қамтамасыз етіп отырған Шу және Талас өзендерінің бойынан Қырғыз Республикасының "Бурулдай" су қоймасы мен "Бала-Саруу" ГЭС-ін салу жоспарларына байланысты тиісті шараларды қарауды ұсынамыз", - деді депутат.
Сондай-ақ ол су ресурстарының болжамды тапшылығын азайту үшін елімізде жерасты су қорларын зерттеу мен қайта бағалауды жандандыру қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, ұңғымаларды қазуға бөлінетін субсидиялардың көлемін ұлғайту керек.

Аралда алғаш рет әуеден сексеуіл егіледі

Қарашада Арал теңізінің суы тартылған аумағына алғаш рет сексеуіл тұқымы әуеден себіледі, деп хабарлады экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, деп хабарлайды Sputnik.

"Біз Өзбекстанда сәтті өткен тәжірибені пайдалана отырып, биыл алғаш рет сексеуілді аэросебу әдісін қолданамыз. Осыған байланысты Ынтымақтастық жол картасына қол қойылды", - деді Брекешев үкімет отырысында.

Министр сөзіне сәйкес, 1 қазаннан бастап Аралда топырақты дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 15 қарашадан бастап аэросебу арқылы сексеуіл отырғызылады. Биыл 100 мың гектар жер көлеміне сексеуіл тұқымы әуеден себіледі.

Қазақстан аумағында жатқан Арал теңізінің суы тартылған бөлігі 2,2 миллион гектарды алып жатыр. 2021 жылға дейін 337 мың гектарға сексеуіл тұқымы себілді.

2021-2025 жылдар аралығында 1,1 миллион гектарға сексеуіл егіледі деп жоспарланып отыр. Яғни, ол үшін 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 250 мың гектарға ағаш тұқымы себіледі.

Сексеуіл – биіктігі бір жарым метрден 12 метрге дейін жететін бұталы өсімдік. Ол топырақ түзгіш өсімдік болып саналады. Сондықтан сексеуілді жердің шөлейттенуімен күресу кезінде жиі қолданады.

Сексеуіл өзінің тереңге жайылған тамыры арқылы құмды нығайтып, құмды борандарға төтеп беру арқылы құнарлы жерді, өзен мен су арналарын құмнан қорғайды. Ол топырақ суының деңгейін реттеп, жерді сор мен құм басуынан сақтап қалады.

0 пікір
Мұрағат