Қазақстан экономикасы 2030 жылға қарай су тапшылығынан 7 млрд доллар шығын көреді
Қазақстан экономикасы 2030 жылға қарай су тапшылығынан 7 млрд доллар шығын көреді
2 жыл бұрын 854 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

2023 жылдың наурыз айының соңында Нью-Йорк мегаполисіндегі Біріккен Ұлттар Ұймының штаб-пәтерінде су ресурстарына қатысты алқалы жиын өтті, онда әлем халқының қанша бөлігі таза суға қол жеткізе алмай отырғаны туралы деректер жарияланды және жердің гидрологиялық жүйесіне қысымды төмендетуге және су ресурстарын жақсартуға бағытталған іс-қимыл бағдарламасын қабылдады, су ресурстарын басқару мен үнемдеу бойынша оңтайлы шешімдер қабылданды. Бұл жайында islam.kz порталы forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы су мен оның тазалығына қол жеткізу құқығын адамның негізгі құқығы ретінде мойындады. Осыған байланысты әрбір адамды жеке және тұрмыстық қажеттіліктері үшін тазалық талаптары сақталған сумен ұдайы қамтамаз етілуі тиіс. Дегенмен, ЮНЕСКО мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген деректеріне қарағанда, адамзаттың 10%-ы су тапшылығының жоғары немесе сын көтермейтін деңгейі бар аймақтарда тұрады. Жер шарындағы 2 миллиард адам, яғни, әрбір төртінші адам таза ауыз суға қол жеткізе алмайды деген сөз. 2017 жылы Ourworldindata.org сайтының мәліметі бойынша 1,2 миллион адам қауіпсіз су ресурстарына қол жеткізе алмаудан бақилық болған, бұл көрсеткіш жалпы өлім-жітімнің 2,2%-на тең. Табысы төмен елдерде бұл үлес жалпы өлім-жітімнің 6%-ына жеткен. 2015 жылы әлем халқының тек 70%-ы ғана таза ауыз суға қол жеткізе алса, бес жылда бұл үлес 74,27%-ға жеткен. Соның ішінде Солтүстік Америка мен Еуропадағы тұрғындардың  95,57% -ы таза суға қол жеткізді. Батыс Азия мен Солтүстік Африкада бұл үлес - 78,69%, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде – 75,38%, Орталық және Оңтүстік Азияда – 62,36% құрайды. Сахараның оңтүстігіндегі Африкада адамдардың тек 30,03 пайызы ғана қауіпсіз суға қол жеткізе алған. Ал еліміздегі жағдайға келсек, 2015-2020 жылдар аралығында таза суға қол жеткізген халықтың үлесі 63,1-ден 89,33 пайызға дейін өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2017-2021 жылдар аралығында қала тұрғындары арасында сумен жабдықтау қызметіне  қол жеткізгендер қарасы 90-нан 98,1%-ға, ауыл тұрғындары арасында 55-тен 93%-ға дейін өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі 98,4%, ауылдықтар – 94,5% құрады. Ал, еліміздің 89 қаласының 27-сінде кәріздік тазарту қондырғылары жоқ, 41 қалада 60 пайыздан астамы тозған. Қазақстанның Су кодексінің тұжырымдамасы жобасына сәйкес су тапшылығынан елдің экономикалық шығыны 2030 жылға қарай 6-7 миллиард долларды құрауы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат