Қазақ даласына Тұран жолбарысы оралды
Қазақ даласына Тұран жолбарысы оралды
2 ай бұрын 582 24.kz Еркебұлан Смадияров

70 жылдан астам уақыттан кейін қазақ даласына Тұран жолбарысы оралды, деп хабарлайды 24KZ.

Жыртқыштың аталығы мен аналығы Нидерланд елінен жеткізіліп отыр. Олар «Іле-Балқаш» резерватын мекендейді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі айтты.

«Кешенді жоба аумақтың экожүйесі мен биоалуандығын қалпына келтіру үшін маңызды қадам болды», – дейді мамандар.

Биыл жазда Қазақстан мен Нидерланд арасында меморандум жасалған. Құжатта 2 жолбарысты тегін беру және қазақ даласына жеткізу туралы келісім болды. Ал олардың тұқымдары кейін табиғатқа еркін жіберілуі тиіс. Дәл осы уағдаластықтың алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асып отыр.

Данияр Тұрғамбаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы: - Біреуі Багдана – аналығы. 12 жаста. Ері Кума 9 жаста. Жолақысы, бәрі Голландия жағынан қаржыландырылды және Жабайы аңдар фондымен жобаны әрі қарай қаржыландыруға келісімге келдік.

Бұл жыртқыштың тарихи мекеніне Қазақстанның оңтүстік аймағы кіреді. Оның салмағы 240 келіге дейін жеткен. Популяциясына келгенде Амур жолбарысынан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Мысық тұқымдас жануарды Орталық Азияда қайта жерсіндіру үшін ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Ертіс өзенінің атырабы мен шығыс жағалауы таңдалды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі: - Іле өзені мен Сыр өзенінің жағасындағы тоғайларда, қамысты жерлерде Тұран жолбарысы өткен ғасырдың 40-шы жылдарына дейін болған. Жолбарыстарды алып келу үшін біздің мемлекетте қыруар шаруа тындырғанбыз. Оңтүстік Балқаш, Іле өзенінің бойындағы тоғайларда, қамысты жерлерде «Іле-Балқаш» деген үлкен резерват құрылды. Бұл – ерекше қорғалатын табиғи қорық.

Министрдің айтуынша, келесі жылы Ресейден тағы 4 жолбарыс алынады. Олардың жерсінуі, өсіп-жетілуі мен көбеюі жіті бақылауда болады. Кейін жыртқыштар біртіндеп табиғатқа еркін жіберіле бастайды.

Тұран жолбарысы «Іле-Балқаш» резерватын мекендейді

Қазақ даласына Тұран жолбарысын қайтару туралы бастама алғаш рет 15 жыл бұрын айтылған екен. Жабайы аңдарды қорғау жөніндегі ауқымды форумда Қазақстан тарапы да өз үлесін қосуға ниет білдірген. 2010 жылы Ресейдің Санкт-Петербор қаласында жолбарыстарды қорғау жөніндегі бірінші халықаралық форум өткен. Онда жолбарыс мекендейтін барлық елдер жабайы табиғаттағы жолбарыстар санын екі есе көбейтуге, яғни, шамамен 3000 басқа жеткізуге келіскен. Әрине, бұл қатарда еліміз де бар. Сол форумда мысық тұқымдас жабайы жыртқышты Қазақстан табиғатына қайта оралтуға дайын екендігімізді білдіргенбіз. Содан соң бірлескен экспедиция жүргізілді. Біздің елдің және халықаралық ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында бірегей бағдарлама әзірленді. Аумағы 415 мың гектарды алып жатқан аумақта «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Міне, 15 жылға жуық уақыт өтіп, жобаның алғашқы нәтижесіне куә болып отырмыз.

Халықаралық жабайы табиғат қоры – бұл швейцариялық трансұлттық қоғамдық ұйым. Қоршаған ортаны қорғау, зерттеу және өз қалпында сақтаумен айналысатын әлемдегі бірден бір қоғамдастық десек болады. Халықаралық қор Тұран жолбарысының популяциясын қайта қалпына келтіру бағытындағы бұл жобаға 2018 жылдан бері жалпы 4 млн еуродан астам қаржы салған. Алғашқы жылы 350 мың еуродан астам, одан кейін әр жылдары жүздеген мың еуроны бағыттап отырған. Биыл қосымша шығындарға тағы 700 мың еуродай қаражат жұмсалған.

Халықаралық қор бөлген қаржы

2018 ж. - €351 704

2019 ж. - €246 073

2020 ж. - €516 268

2021 ж. - €696 514

2022 ж. - €623 340

2023 ж. - €679 764

2024 ж. - €363 320

қосымша шығын - €695 397

Сонымен қатар, бұл жыртқыштардың байырғы табиғи ортасына қайта жерсініп, одан ары жетілуі үшін азық қоры қажет екені белгілі. Ол жайында еліміздің Экология министрі мәлімет берді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі: - Аңдардың азық қорын дайындадық. Осы 7 жылдың ішінде 200 бас тоғай бұғысын, 60 бастай құлан, биыл күзде тағы 35 бастай құлан алып келеміз. Одан тыс сол жерде табиғи қабанның популяциясын, еліктің популяциясын көбейтуге біраз жұмыс жасадық.

Осылайша, Орталық Азияда Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін ең қолайлы орта ретінде еліміздің аумағы таңдалып, жолбарыстардың тарихи мекенінде популяциясын қалпына келтіруге маңызды қадамдар жасалып жатыр.

0 пікір
Мұрағат