Математикалық есеп шығарудың жаңа үлгісін ойлап тапқан студент өз кәсібін ашты
Математикалық есеп шығарудың жаңа үлгісін ойлап тапқан студент өз кәсібін ашты
9 жыл бұрын 3328 24.kz

Математикалық есеп шығарудың жаңа үлгісін ойлап тапқан студент елордада тұрады. Бүгінде ол осы қабілетінің арқасында білікті кәсіпкерге айналып отыр. Көзі ашық мамандар болашақта Аралбек Берікұлының есімін есеп жинақтарының авторы ретінде де көруіміз ғажап емес екенін айтады. Математика – ақиқат дүниесінің сандық қатынастары мен кеңістік формалары жайлы ғылым. Бірақ оның футбол добына қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін. Бар. Болғанда қандай. Қазіргі балалардың ықылым заманнан қалыптасқан арифметикалық немесе геометриялық амалдарды қабылдауы қиын. Қызықтыру үшін оның орнына Криштиану Роналду допты қандай жылдамдықпен қуды немесе Лионель Мессидің неше секундта гол соқты деген есептер қолданады. Бұдан бөлек, жалаң сандар мен күрделі амалдар орнына соңғы үлгідегі смартфондар, кеңінен танымал көліктер және мультфильмдердің жаттанды кейіпкерлері мысалға келтіріледі. Сәйкесінше, оқушы қажетті ілімді әлдеқайда жылдам әрі логикаға қонымды күйде қабылдайды. Жұлдыз Жүсіпова, оқушы: - Бұл жерде бәрі қызық. Есептерді күліп-ойнап шығарамыз. Мысалы, біздің мектеп бағдарламамызда ондай есептер жоқ. Мектеп бағдарламасында жоқ есептермен шағын орталықта оқытады. Оның ашылғанына 4 жылдан асты. Қазірдің өзінде мұнда жүзден астам бала білім алады. Ал негізін салушы Аралбек есімді азамат. Физика-математика факультетінде оқитын студент аяқ астынан осылайша, табысты кәсіпкерге айналды. Бірақ білім тұрған жерде бизнесті бірінші кезекке қоюға болмайды, - дейді. Аралбек Берікұлы, оқу орталығының негізін салушы: - Балалар өте байқампаз келеді. Сондықтан қаржы табуды алдыңғы қатарға қоймаймын. Керісінше, бар жан-тәнімді салып үйретуге тырысамын. Сәйкесінше, шәкірттер тез меңгереді. Мен үшін еңбектің жемісі деген осы. Қазірдің өзінде Аралбек Берікұлы бірнеше тест жинағын жасап шығарды. Бұдан бөлек, логикаға арналған оқулықтары бар. Ерекшелігі сол – барлығы заманауи үлгіде құрастырылған. Яғни озық саналатын Сингапурдың да, Финляндияның да, қала берді Англияның да оқыту тәжірибелері ескерілді. Сәйкесінше, бұл бастама шағын ғана орталықтың әлемдік бәсекеге төтеп беретін математиктерді дайындауға мүмкіндігі жеткілікті екенін білдіреді. 

0 пікір
Мұрағат