Криптовалюта, стейблкоин, блокчейн: Қазақстанда цифрлық активтер қалай реттеледі
Криптовалюта, стейблкоин, блокчейн: Қазақстанда цифрлық активтер қалай реттеледі
2 күн бұрын 495 kaz.inform.kz Марлан Жиембай. Коллаж: Kazinform

KAZINFORM – Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстанда цифрлық активтерді реттеудің моделін қалыптастыру үшін әртүрлі елдердегі қаржы реттеушілерінің криптоактивтер нарығын реттеу тәсілдерін талдау» тақырыбында зерттеу ұсынды. Оқырман назарына осы зерттеудің қызықты тұстарын ұсынамыз.

Криптоактивтер, оның ішінде криптовалюталар, стейблкоиндер, токендер және блокчейн технологиясына негізделген басқа құралдар соңғы жылдары жаһандық қаржы жүйесінің маңызды элементіне айналды. Олардың қарқынды өсуі мен танымалдығының артуы бизнес пен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктерді, сол сияқты ұлттық экономикалар үшін маңызды тәуекелдерді де туындатады. Халықтың (әлемде, сол сияқты Қазақстанда да) криптоактивтердің жаһандық айналымына тартылуының артуы жағдайында мемлекеттердің алдында азаматтардың мүдделерін қорғауға және тәуекелдерді барынша азайтуға қабілетті барабар құқықтық және реттеуші базаны қалыптастыру міндеті тұр.

Криптоактивтерге байланысты негізгі сын-қатерлердің ішінде олардың жоғары құбылмалылығын, киберқатерді, құқықтық белгісіздікті және ақшаны жылыстатуды қоса алғанда, заңсыз операцияларда пайдалану мүмкіндігін бөліп айтуға болады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тиімді реттеу тетіктерінің болмауы құқықтық белгісіздікті туындатады, бұл бүкіл қаржы жүйесі мен тұтастай экономика үшін институционалдық тәуекелдерді туындатады. Осыған байланысты криптоактивтерді реттеудің тиімді жүйесін әзірлеу үкіметтер, орталық банктер мен халықаралық ұйымдар үшін басым міндеттердің біріне айналып отыр.

Криптоактивтерді әлемдік нарықтық капиталдандыру - 2024 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша 2,2 трлн АҚШ доллары (бір жылда 100%-ға, 2023 жылғы тамыздың соңында 1,1 трлн АҚШ долларына өсті) көлемінде қалыптасты. Бұл KASE индексіне кіретін барлық акцияны капиталдандырудан (50,7 млрд АҚШ доллары) 43 есе, Қазақстанның 2023 жылғы ЖІӨ-ден асады (259,7 млрд АҚШ доллары) 8 есе және әлемдік қор нарығын капиталдандырудың жалпы көлемінен 50 есе (сарапшылардың бағалауы бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша 111,2 трлн АҚШ доллары) төмен.

Криптоактивтер нарығын капиталдандырудың ең жоғары деңгейі 2021 жылғы қарашада болды - шамамен 3 трлн АҚШ доллары. Қазіргі уақытта әлемде 14 мыңнан астам криптовалюта бар. Ал нарық өте жоғары деңгейде шоғырланған 8 криптовалюта бүкіл нарықтың 84 пайызын («Bitcoin» – 53%, «Ethereum» – 14%, «Tether» – 5% және т.б.) алады. Негізгі және капиталды көп қажет ететін Биткоин криптовалютасын нарықтық капиталдандыру (BTC, 1 BTC = 59 460 АҚШ доллары) 1,1 триллион АҚШ доллары (бүкіл нарықтың 53%-ы) көлемінде, бұл криптоактивтер нарығында биткоиннің үстемдігін көрсетеді.

Криптовалюталарды бірінші нормативтік реттеу жекелеген елдердің оларды пайдалану және айналысқа жіберу үшін құқықтық шеңберлер белгілеу әрекеттерінен басталды. Бастапқыда тыйым салу практикасын ұстанған көптеген ел теңгерімді реттеуді енгізуге көше бастады.

Мысалы, Қытай, үкіметі қаржы тұрақтылығын қорғау және заңсыз операцияларға жол бермеу қажеттігіне сілтеме жасай отырып, майнингті қоса алғанда, криптовалюталармен операцияларға толық тыйым салды. АҚШ-та криптовалюта қаржы активтері ретінде қарастырылады. Реттеуді SEC (Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия) және CFTC (Тауар фьючерстері саудасы жөніндегі комиссия) сияқты әртүрлі ведомстволар жүзеге асырады. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес (AML – anti money laundering) және KYC талаптарын сақтау туралы (Know your client) заңдар қабылданды. Еуропа одағында Markets in Crypto-Assets Regulation (MiCA) ретінде танымал бірыңғай заңнамалық акт шығарылды, онда цифрлық активтер нарығына қатысушылар үшін негізгі қағидалар айқындалған.

Жекелеген елдерде, жекелеген экономикалық аймақтарда, мысалы Біріккен Араб әмірліктері, Қазақстан, Сингапур, Гонконг және басқаларында криптовалюталарды айналысқа шығару рұқсатын енгізу тәжірибесі қолға алынған. Кейбiр мемлекеттер перспективалы саланы дамыту үшiн жағдай жасауға ұмтылады. Мальта мен Швейцария (жекелеген өңірлері) крипто компаниялар үшін қолайлы жағдайлар жасауымен белгілі. Аргентина, Венесуэла, Бразилия, Мексика және Перу сияқты кейбір елдерде, сондай-ақ Африканың бірқатар елінде криптовалюталарды реттеу белгісіз болып қалып отыр. Бұл мүмкіндіктерді де, тәуекелдерді де туындатады. Мұндай юрисдикцияларда құқықтық реттеудiң жоқтығы пайдаланушылар мен бизнес үшiн белгiсiздiкке әкеп соқтырады, заңдық қайшылықтар, құқықтар мен сенiмдi құрал ретiнде қорғаудың болмауына байланысты алаяқтық қаупi артады.

Цифрлық активтер, әсіресе криптовалюталар, жоғары құбылмалылығымен сипатталады, бұл оларды құны тұрғысынан болжауға болмайтындай етеді. Бағамның күрт ауытқуы инвесторлар мен нарыққа қатысушылар үшін елеулі шығынға әкелуі мүмкін. Бұл тәуекелдер инвесторларды қорғау және цифрлық активтер нарығын тұрақтандыру үшін тетіктер әзірлеу қажеттілігі туралы мәселені көтереді.

Негізгі қаржылық тәуекелдер мыналар:

жоғары құбылмалылық;
қамтамасыз етудің болмауы (нақты активтермен қамтамасыз етілмеген көптеген криптовалюталар жағдайында);
ірі ауқымды іркілістер немесе цифрлық активтерге сенімді жаппай жоғалту жағдайында, жүйелік дағдарыс тәуекелі;
монетаның құны күрт төмендеуі жағдайында, елеулі шығынға әкелуі мүмкін инвесторлар үшін цифрлық активтерге салымдарды сақтандырудың мүмкін болмауы.
Негізгі технологиялық тәуекелдер:
криптовалюталық биржалар мен әмияндарды бұзу;
смарт-келісімшарттар мен орталықсыздандырылған қосымшалардың осалдығы;
желінің тұтастығын бұзуы мүмкін блокчейнге шабуыл жасалуы (мысалы, 51% шабуыл);
жеке кілттерді сақтаудағы проблемалар: кілттердің жоғалтудан активтерге қолжетімділіктің жоғалту.
Тұтынушылар үшін туындайтын негізгі тәуекелдер:

алаяқтық: заңсыз схемалар және алаяқтық жобалар (мысалы, пирамидалар немесе жалған ICO);
нарықтың айқын болмауы: цифрлық активтермен байланысты қаржы өнімдері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі немесе шатастырылуы;
тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарының болмауы: көптеген елдерде цифрлық активтерге инвесторларды қорғау үшін әзірге нақты құқықтық нормалар жоқ;
қайтару тетіктерінің болмауы: алаяқтыққа немесе қателіктерге байланысты шығын жағдайында, пайдаланушылар көбінесе өз қаражатын қайтара алмайды.
Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға байланысты тәуекелдер:
операцияларды қадағалауды қиындататын транзакциялардың жасырын болуы;
криптовалюталарды заңсыз мақсатта пайдалану: ақшаны жылыстату, заңсыз қызметті қаржыландыру;
цифрлық активтермен байланысты қаржылық қылмыстарға қарсы күресте жаһандық үйлестірудің болмауы.
Көптеген елдер әлі де цифрлық активтерді реттеу үшін құқықтық базаны әзірлеу сатысында. Бұл нарыққа қатысушылар үшін елеулі заңдық тәуекелдер туғызады. Халықаралық деңгейдегі цифрлық активтерді құқықтық реттеу тәсілдеріндегі айырмашылықтар құқықтық белгісіздікке және юрисдикциялар қақтығысына әкелуі мүмкін. Компаниялар мен инвесторлар өз құқықтары мен міндеттерін түсінуде, сондай-ақ жұмыс істеуге лайықты юрисдикцияларды таңдауда қиындықтарға тап болуы ықтимал.

Халықаралық валюта қоры криптоактивтермен байланысты тәуекелдерді жою үшін мына тәсілдерді ұсынады:

Ақша-кредит саясатының негіздерін нығайту арқылы ақшаның тәуелсіз болуы мен тұрақтылығын қорғау және криптоактивтерге ресми валюта немесе 30 заңды төлем құралы мәртебесін бермеу, сондай-ақ криптоактивтердің құқықтық айқындығын белгілеу және құқықтық тәуекелдерді жою.
Капитал ағындарының шамадан тыс құбылмалылығынан қорғау және капитал қозғалысының көрсеткіштерін тиімді ұстау.
Фискалдық тәуекелдерді ашу және криптоактивтерге қатысты салық режимін белгілеу. Салық саясаты криптоактивтердің бір мәнді салық режимін қамтамасыз етуі керек, ал салық органдары салық заңнамасының сақталуын күшейтуі керек.
Криптовалюта нарығының барлық қатысушыларына пруденциялық, әрекет ету және қадағалау талаптарын әзірлеу және қолданысқа енгізу.
Әртүрлі ұлттық агенттіктер мен билік органдарын қамтитын бірлескен мониторинг жүйесін құру.
Криптоактивтердің халықаралық валюта жүйесінің тұрақтылығына әсерін бақылау.
Цифрлық инфрақұрылымды және трансшекаралық төлемдер мен қаржыландырудың балама шешімдерін дамыту үшін жаһандық ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстан Үкіметі Ұлттық банкпен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО) криптобиржаларының Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерімен өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы шешім қабылдады.

Пилоттық жоба аясында АХҚО криптобиржаларында сауда-саттық 2022 жылғы қыркүйекте басталды. Пилоттық фаза 2023 жылғы қараша айына дейін созылды. Пилоттық жобаны іске асыруға АХҚО-ның 6 криптобиржасы және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі 8 банкі қатысты. Пилоттық жобаның жұмыс істеу кезеңінде АХҚО криптобиржаларында 219,1 млн АҚШ доллар сомасына сауда-саттық жүргізілген. АХҚО криптобиржаларына пилот аясында сауда-саттыққа 47 мыңнан астам инвестор, оның ішінде 45 мыңға жуық бөлшек инвестор (жеке тұлғалар) және 2 мыңға жуық кәсіби инвестор (заңды тұлғалар) қатысты.

Пилоттық жобаны іске асыру нәтижесінде цифрлық активтермен мәмілелерді орындамау, инвесторлардың құқықтарын және крипто-инвесторлар қаражатының сақталуына қойылатын талаптарды бұзу және өзге де бұзушылықтар фактілері анықталған жоқ. Бұл цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметке тән тәуекелдерді азайту үшін цифрлық активтермен штаттық операциялар мен транзакцияларды және шектеулерді (лимиттерді) бақылау бойынша пилоттық режимнің реттеуші тәсілдерінің орташа тиімділігін көрсетеді.

2023 жылғы қаңтар мен 2024 жылғы тамыз аралығында АХҚО 10 криптобиржасында, 3 криптоброкерлерде, 1 крипто басқарушы 8 қазақстандық банк арқылы 704 млн АҚШ доллары сомасына операциялар жүргізілді. АХҚО криптобиржаларына 100 мыңнан астам клиент қатысады, олардың 90 пайызы - бөлшек клиенттер. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылы бюджетке цифрлық активтер индустриясынан шамамен 9 млрд теңге, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында цифрлық майнинг индустриясынан 3,5 млрд теңге түсті.

Марлан Жиембай

0 пікір
Мұрағат