Ислам қорлары Қазақстан инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына қатысуға мүдделі
Ислам қорлары Қазақстан инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына қатысуға мүдделі
8 ай бұрын 642 forbes.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Парсы шығанағы елдерінің ірі инвестициялық қорларының және компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді.

Қазақстандық делегация Сауд Арабиясында өтіп жатқан Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы отырысында қатысушыларды қаржыландырудың әлеуетті бағыттары туралы, сондай-ақ Үкіметтің инвесторларды қолдау шаралары және ҚР инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

«Ислам даму банкі тобының қатысушыларының және өңірдің ірі инвестициялық қорларының біз үшін басым болып табылатын экономика секторларындағы жобаларды іске асыруға мүдделі екенін көріп отырмыз. Бұл ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың жобалары, сондай-ақ индустриялық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалар», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Ұзақ мерзімді жеңілдікті қарыздар, жобаларға тікелей инвестициялар, исламдық және корпоративтік қаржыландыру, сондай-ақ жобаларды дайындау әрі қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруда гранттар беру мен техникалық қолдау турасында сөз болып отыр.

Келіссөздер Сауд Арабиясының даму қорымен (SFD), ОПЕК Халықаралық даму қорымен (OFID), Кувейт араб экономикалық даму қорымен (KFAED), Әбу-Даби даму қорымен (ADFD) және Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясымен (ICD) және т.б. жүргізілді.

Ислам даму банкі Қазақстанда су шаруашылығы жобаларын іске асыруға гранттар мен қаржы бөледі

ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жұмыс сапарымен Сауд Арабиясына барды. Онда осы күндері Ислам даму банкінің (ИДБ) жыл сайынғы отырысы өтіп жатыр.

Нұрлан Байбазаров Қазақстаннан басқарушы ретінде ИДБ тобының президенті Мұхаммед Әл-Джассермен, сондай-ақ инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі Ислам корпорациясының (ICIEC) бас атқарушы директоры Усама Каиссимен кездесулер өткізді.

Ислам даму банкі – әлемдегі ең белсенді көпжақты даму банктерінің бірі және исламдық қаржы саласындағы көшбасшы. ААА деңгейіндегі рейтингтерімен ИДБ әлем бойынша қатысушы елдердің әлеуметтік және экономикалық дамуын алға тартуда.

Мұхаммед Әл-Джассермен өткен кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру болды, бұл биылғы бұрын-соңды болмаған су тасқынына байланысты Үкіметтің басым міндеті болып табылады.

Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу бойынша бірқатар шұғыл шараларды іске асыру қарастырылып жатыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл жүзеге асырылмақ.

ICIEC-пен келіссөздер аясында «Бәйтерек» холдингінің ұйымдарымен – KazakhExport экспорттық-кредиттік агенттігімен және Қазақстанның даму банкімен қайта сақтандыру, сақтандыру әрі кепілдік беру жөніндегі ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Компаниялар ICIEC-пен көлік инфрақұрылымы, сауданы қаржыландыру, сонымен қатар инвестицияларды сақтандыру саласында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы 1995 жылы Ислам даму банкінің мүшесі болды. Осы кезеңде ИДБ тобының қатысуымен республикада жалпы сомасы шамамен $1,8 млрд құрайтын 67 жоба іске асырылды.

Forbes Kazakhstan

Сауд Арабиясының энергетикалық компаниясы Қазақстанның пилоттық жобаларына қызығушылық танытты

Сауд Арабиясының астанасында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда жергілікті «Acwa Power» компаниясы Каспийдің Қазақстанға тиесілі аймағында жаңартылатын энергия кешенін салу жобасына қызығушылық танытты.

Бұл туралы Энергетика министрлігі баспасөз қызметі мәлім етті.

«Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Эр-Риядтағы Дүниежүзілік экономикалық форумның арнайы сессиясына қатысып, Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Абдулазиз әл Саудпен, ОПЕК Бас хатшысы Хайтам Әл Гаис (Haitham Al Ghais), ACWA Power Төрағасы Мұхаммед Абунаянмен (Mohammad Abdullah Abunayyan), сондай-ақ бірқатар халықаралық мұнай-газ компанияларының өкілдерімен кездесті.

Форум аясында энергетика министрі «Chevron» компаниясының халықаралық барлау және өндіру жөніндегі президенті Клэй Неффпен кездесті. 

Кездесуде тараптар Теңіз кен орнын игеруге, Қарашығанақ кен орнын игеруге қатысты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелерін талқылады, Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруды және басқа да мәселелерді талқылады», - делінген министрлік мәліметінде.

Ведомство ақпараты бойынша, арабиялық «Acwa power» компаниясының басшысы Қазақстандағы тасқын жоюға қолдау көрсетуге дайын екендерін айтқан.

«Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаян мырза Қазақстанның Каспий маңы аймағында ЖЭК жобасын құруға қызығушылық білдірді. 

Сонымен қатар, компания Қазақстандағы «жасыл сутекті» дамыту жобаларына қызығушылық танытып отыр. Осы бағытта қазақстандық компаниялармен пилоттық жобаларды қарастыруда.
Сондай-ақ, «Acwa power» басшысы Қазақстандағы су тасқынының салдарын жоюға қолдау көрсетуге уәде берді», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

0 пікір
Мұрағат