Фрилансерлер де зейнетақы жарнасын төлейді
Фрилансерлер де зейнетақы жарнасын төлейді
6 жыл бұрын 3750 7kun.kz Назерке Абибулла

Фрилансерлер 8 қазаннан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті аударымдар жасауға кіріседі. Бұл жөнінде ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Мадина Əбілқасымова айтты.

Бүгін Үкімет отырысында қаулыға дауыс берілді. Қаулы күшіне енген соң бұл норма əрекет ете бастайды.

«Меніңше, аптаның соңына дейін ол күшіне енеді. Келесі аптадан бастап төлей беруге болады. Жарналарды əр айдың 25-не дейін төлеу керек», — деді М.Əбілқасымова.

Министрдің айтуынша, төлем қабылдау жүйелерінің дайындығы толық тексерілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы дайындығын растады. Төлем қабылдауға арналған барлық кодтар бар, қызметкерлер де хабардар. Жарна банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» шотына аударылады, ал корпорация ақшаны БЖЗҚ-ға жібереді. Барлық банктер төлем қабылдауға дайын.

Фрилансерлер проблема туындаған жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» call-орталығына — 1414 жəне БЖЗҚ желісіне — 1418 хабарласа алады.

Бірыңғай жиынтық төлем жасамағандар заңмен жазаланбайды

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бірыңғай жиынтық төлем жасамаса жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы талқыланды.

«Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеуді көздейтін бірыңғай жиынтық төлемді енгізу жоспарланып отыр. БЖТ енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен бірге, сонымен қатар медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті вице-министр.

Жақыпованың айтуынша, БЖТ мөлшері келесі мөлшерде бекітіледі: Астанада, республикалық маңызы бар және облыстық маңызы бар қалаларда – 1 АЕК, басқа елді мекендерде – 0,5 АЕК. Енгізу мерзімі – 5 жыл.

«БЖТ табыс алу мақсатында қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға қолданылады. Алайда олар мынадай шарттарды сақтауға тиіс: жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбау; жеке тұлғалар үшін жұмыс істеу және қызмет көрсету; жеке тұлғалар тұтынуы үшін жеке қосалқы шаруашылықтан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерін сату; бұл ретте күнтізбелік жыл ішіндегі шекті табысы 100 еселенген ЕАЖ (2019 жылы 2 млн 969 мың теңгеден, ал айына 247400 теңгені құрайды) аспауға тиіс», - деп айтты Жақыпова.

Оның айтуынша, БЖТ сауда объектілерін қоса алғанда коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғаларға; тұрғын үйді қоспағанда мүмлікті жалға беретін жеке тұлғаларға; жеке практикамен айналысатын адамдарға; оралмандарды қоспағанда шетелдік және азаматтығы жоқ адамдарға; дара кәсіпкер ретінде тіркелген адамдарға қолданылмайды.

«Осылайша жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсететін және жеке шаруашылық өнімдерін жеке тұлғаларға сататын жек тұлғалар БЖТ-мен төлеммен қамтылады. Жалпы алғанда БЖТ бейресми жұмыспен қамтылғандарға медициналық мекемені таңдау құқығы мен сомасы шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы алуға, еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктелігіне және босанғанда, бала асырап алуына, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік береді. БЖТ-ны 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін енгізу жоспарланған», - деді Жақыпова.

«Қазақстанда 5,5 млн адам мәртебесі жоқ болып шықты. Олар жұмыс жасап, жарналарын аудармаған, жүйелерге қатыспаған. Жұмыс істейтіндердің сандары бізге белгілі, статистика бойынша 441 мың азамат жұмыссыз деп саналады. Екі жылда жүргізген жұмыс нәтижесінде мәртебесі анықталмаған 1 млн 236 мың азамат қана қалып отыр. Бұл заң сол азаматтарға арналған. Заң тек қана Мәжіліске енгізіліп жатыр. Мәжілістен кейін Сенат қабылдаса Президент қол қойғанда ғана күшіне енеді. БЖТ жасамаған азаматтарға заң бойынша ешқандай жаза қолданылмайды. Азаматтар өз еркімен төлемдерді жасаса әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізе алады. Жалпы бірыңғай жиынтық төлемнің мақсаты ең біріншіден әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізу. Егер төлемесе ешқандай жаза қолданбайды. Заңда әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы норма жоқ», - деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізуді тапсырған болатын.

0 пікір
Мұрағат