Еліміздегі алғашқы күн электр стансасы қайда екенін білесіз бе? (фото)
Еліміздегі алғашқы күн электр стансасы қайда екенін білесіз бе? (фото)
8 жыл бұрын 5942 Baq.kz Думан БЕКЕНОВ

Жамбыл облысында орналасқан қуаты 50 МВт-тық «Burnoe Solar-1» күн электр стансасы бүгінде толықтай жұмыс істеп тұр. Күн нұрынан қуат алатын еліміздегі алғашқы стансаның тыныс-тіршілігімен танысу үшін Жуалы ауданына ат басын тіреген едік. 

Күн панельдері алыстан мұнартып көрініп, көкжиекке сіңіп кетеді. Олай болуының өз себебі бар. Станса алқабы 150 гектарға созылып жатыр. Мұнарланған панельдер жақындаған сайын зорайып, ішке кіргенде құдды әлем тек солардан тұратындай көрінеді. Бізді кіреберісте қарсы алған «Бурное Солар – 1» күн электр стансасының директоры Иван Заварин атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Жалпы, «Бурное Солар – 1» өз жұмысын 2015 жылы бастаған болатын. Бастапқыда бета режимде іске қосылған станса бүгінде бар күшіне енген. Мұнда көлемі 1,5 шаршы метр болатын, арнайы Германиядан алдырылған 192 мың күн панелі орнатылған. Станса директорының айтуынша, таңдаудың неміс маркасына түсуінің өз себебі бар. SolarWorldAG компаниясының панельдердің жұмыс істеу мерзімі – 25 жыл. Мұншалықты ұзақ мерзімге кез келген елдің өнімдері жарай бермейді. Сондықтан, таңдау немістерге түскен екен.

«Бурное Солар – 1» құрылысына жалпы сомасы 23 миллиард теңге жұмсалған. Жобаға «Самұрық-Қазына Инвест» пен ұлыбританиялық «United Green» компаниясы инвестиция құйған. Сондай-ақ, заемдік жолмен де қаржы тартылыпты. Мекеме мамандарының сөзіне сүйенсек, станса өз құнын 16 жылда өтеп шығады.

Күн электр стансасы жұмысының өз ерекшеліктері бар. 192 мың күн панелінен жиналған тоқ қуаты 32 инверторлық станцияға беріледі. Мұндағы қуат орталық стансаға жалғанған. Осылайша топтасқан электр қуаты «KEGOC»-тың торабына беріледі. Станса қызметкерлерінің айтуынша, олардың міндеті осы арада аяқталады. Тоқты қажеттілікке жұмсау «KEGOC»-тың құзіретінде. Айта кетерлігі, әзірге күн қуатынан алынған электр энергиясының құны дәстүрлі түріне қарағанда қымбаттау. «Оның себебі, жобаны жүзеге асыруға жұмсалған қаржының аз еместігінде жатыр. Станса өз құнын өтегеннен бастап қуат құны арзандайтыны сөзсіз», – дейді жоба менеджері Павел Комнаревцев.

192 мың панельді бақылап отыру бір компьютерге байланған. Осы арада жауапты мамандар бәрін көз алдында ұстап отырады. Алда-жалда бір панельден ақау шықса, осындағы монитордан көрінеді. Ондай жағдайда жөндеуші мамандар бұзылған панельді қайта қалпына келтіреді. Жалпы, «Бурное Солардың» құрылысына 300-ге жуық жұмысшы тартылған. Ал бүгінде мұнда 40-қа жуық адам қызмет етеді.

Өкінішке қарай, күн электр стансасының кемшілігі де бар. Күн көзі көрінбей қалған, бұлтты күндері өндіру қуаты 5 есеге дейін түсіп кетеді екен. Мәселенің бәрі күн шуағына тікелей байланысты. Бір қызығы, қуат жинақтауға ауа райының ыстық-суықтығы әсер етпейді. Керісінше, жаздың аптап ыстығында күн панельдері қоңыржай уақытқа қарағанда азырақ электр өндіреді. Сондықтан, жобаны Жуалыда, тау етегіне жүзеге асыру жоспарланған.

Қыста күн шығып тұрса, панельдер әдеттегідей қуат жинақтайды. Алайда, күн қысқа болғандықтан, өндіретін электрдің жалпы мөлшері азаятын көрінеді. Сондай-ақ, жауған қардың станса жұмысына келтіретін кедергісі шамалы. Қар қанша қалың жауса да, күн түскенде панель қызып, қарды ерітіп жібереді екен. Әрі оны тазалап шығу да оңай емес. Әр қатардың бір басынан екінші басына жүріп өту үшін кемінде 10 минут кетеді. Ал мұндай қатардың саны – 180. Осы орайда қардың өздігінен еріп кетуі жұмысты жеңілдетеді.

«Осы кемшіліктерді ескере келе электр қуатын жинақтап тұратын аккумулятор сатып аламыз ба деп ойлаған едік. Әр панельге жеке-жеке аккумулятор керек. Бірақ олардың бәрін сатып алсақ, қазіргі станса құнымен бірдей болады екен. Әрі ондай аккумуляторлардың қызмет көрсету мерзімі – 15 жыл. Яғни, сол мерзімнен кейін станса салуға жұмсаған қаржыны қайта құюға тура келетін еді. Сондай-ақ, аккумулятор пайдаланғанда кететін электр шығыны көбейіп кетеді. Осыларды ескере келе, қазіргі күйінде қалдыруды жөн көрдік», – дейді Иван Заварин.

«Бурное Солар 1» жобасы Еуразиялық қайта құру және даму банкі тарапынан да жоғары бағаланды. Лондонда өткен жыл сайынғы бас қосуда ЕҰДБ өкілдері, «Бурное Солар»-ға арнайы сыйлық табыс етті.

Әзірге «Бурное Солар – 1» 50 МВт қуатпен жұмыс істеп жатыр. Болашақта аталған мөлшерді 100 МВт-қа дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта «Бурное Солар – 2» жобасы жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, жобаның екінші бөлігіне күн панельдері «Экспо – 2017» жазу үлгісінде қойылмақ.

Жамбыл облысында «Бурное–Соляр-1»-дан басқа да баламалы энергия көздері салынып жатыр. Мәселен, 2012 жылы Қордай ауданында қуаты 7 МВт-тық «Отар» күн электр стансасы және қуаты 1,5 МВт-тық жел электр стансасы пайдалануға берілді. 

0 пікір
Мұрағат