Елімізде ауаның ластануы жыл сайын 100 мың тоннаға артып келеді. Экологиялық кодекс: Әкімшілік айыппұлдар 10 есе артпақ
Елімізде ауаның ластануы жыл сайын 100 мың тоннаға артып келеді. Экологиялық кодекс: Әкімшілік айыппұлдар 10 есе артпақ
5 жыл бұрын 5844 bag.kz Назерке Абибулла

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сейсенбідегі Үкімет отырысында Экологиялық кодекс жобасын таныстырды.  

Оның сөзінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары – 2,5 млн тоннаны, ал жыл сайынғы өсуі 100 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде электр энергетикасына – 940 мың тонна, тау-кен металлургия секторына – 760 мың тонна, мұнай өндіруге – 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына 320 мың тонна тиесілі. 

Өңірлердегі шығарындылардың негізгі үлесі Қарағанды және Павлодар облыстарына тиесілі. Тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өседі, - деді Мағзұмов.

Министр парниктік газдардың шығарындыларына тоқталды. 

Париж келісімі бойынша Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендетуге міндеттеме алды. Алайда, бүгінде еліміздегі парниктік газдардың шығарындылары осы деңгейден жоғары болып отыр. Экономикалық өсуді ескерсек, парниктік газдар шығарындыларының көлемі тек өседі деп болжанады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін министрлік герман тарабының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті, - деді ол.

Бұған дейін, бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "Қазавтожол" компаниясына ауа райына байланысты жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Қазақстанда тұрмыстық қалдықтардың 14% ғана өңделеді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі үлкен мәселе екенін айтты. 

Елімізде тұрмыстық қалдықтардың тек 14% ғана қайта өңделеді. Тарифтері төмен болғандықтан бұл сала инвесторлар үшін инвестициялық тартымды емес. Қалдықтарды жағу кезінде пайда болатын электр энергиясын сатуды көздейтін "Waste to Energy" механизмін ендіру ұсынылады. Бұл ретте еуропалық директиваларға ұқсас шығарындылардың сапасы бойынша қатаң талаптар қойылады. Осы механизм 2025 жылға дейін қалдықтар көлемін 30% қысқартуға және жеке меншік инвестиция тартуға мүмкіндік береді, - деді Мағзұмов Үкімет отырысында.  

Осы себепті, ол өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру қажет екенін айтты.

Жаңа Экологиялық кодекс жобасында ЭЫДҰ елдерінде пайдаланылатын айналмалы экономика принциптерін ендіру басты назарға айналды. Аталған жоба шеңберінде қалдықтарды кезең-кезеңмен басқаруға бағытталған қалдықтардың иерархиясы, яғни олардың пайда болуының алдын алуға, қайта пайдаланылуына, қайта өңделуіне, жойылуына бағытталған шаралар тізбегі қарастырылған. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарының санын төмендету мақсатында қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындардың қызметін лицензиялау және қоқыс шығаратын ұйымдар үшін ескерту тәртібі енгізіледі, - деді Мағзұмов.

Экологиялық кодекс: Әкімшілік айыппұлдар 10 есе артпақ

Экологиялық кодекс жобасында Әкімшілік айыппұлдарды 10 есеге ұлғайту арқылы экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейту көзделген. 

Ілеспе заң жобасында тұрғындардың өмір жағдайына тікелей әсері бар фактілер бойынша тексеру жүргізу тұрғысынан Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізу ұсынылады. Аталған өзгерістер қоршаған ортаға кері әсер фактілеріне жедел ден қоюға бағытталады. Алакөл көліне ағынды сулардың рұқсатсыз төгілуіне – бесінші күні, Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуына он бірінші күні жауап бере алғанымыз бойынша екі фактіні мысалға келтірер едім. Әкімшілік айыппұлдарды 10 есеге ұлғайту арқылы экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі, - деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.  

Ол Экологиялық кодекс жобасында I санаттағы объектілер үшін шығарындылар мен төгінділердің сапалық және сандық құрамы туралы уақтылы және шынайы ақпарат алу үшін деректерді уәкілетті органға берумен өндірістік экологиялық мониторингті міндетті автоматтандыру қарастырылғанын айтты.

Сонымен қатар, министр елімізде ауаның ластануы жыл сайын 100 мың тоннаға артып келетіні мен полигондарда 120 млн тонна тұрмыстық қалдық жатқанын айтқан еді  Сондай-ақ, Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет екенін де атап өтіп, Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексінде бюджетке эмиссия үшін түсетін төлемдерді экологиялық шараларға бағыттау көзделетінін де айтты. 

0 пікір
Мұрағат