Электрондық төлем жүйесіне өту қаншалықты тиімді? (видео)
|
Еліміз қолма-қол ақшасыз есеп айырысу саясатына әлі көше алмай жүр. Базар аралағанда қалтаңызда осынша ақша ұстап жүруге мәжбүрміз. Тағы бір кемшілік - қағаз ақша жыртылып қалады әрі тез тозады. Оны айналымнан шығарып, жаңа банкноттарды қайта жасауға мемлекет шығынға батады. Сондықтан, электрондық төлем жүйесіне көшуді көздеген едік. Алайда, төлем карталарын қабылдайтын мынандай POS-терминалдар сауда орындарының барлығында орнатылмаған. Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев төлем жүйелерін реттеуге арналған заң жобасын ұсынды. Мұхтар Ыбырайым, тілші: - Төлем картоларымен есеп айырысқанда ешқандай комиссия ұсталмайды. Сатылған затыңның ақшасы ғана алынады. Сондай-ақ, сауда мекемелеріне де тиімді. Себебі, оларға ақша есептейтін кассир, таситын инкассаторлар керек емес болады. Яғни, қосымша шығыннан құтылады. Осыларды ескеріп, Ұлттық банк басшысы электрондық жүйенің тағы басқа тиімді тұстарын айтып берді. Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: - Электронды жүйе ең алдымен елдің төлем балансы мен сыртқы қарызының жағдайын уақытылы әрі анық талдауға мүмкіндік береді. Ол банктердің халыққа көрсететін қызметтерінің аясын кеңейтіп, сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, төлемдер мен ақша аудару тәртібі айқындалады. Осыған байланысты заң жобасында банк процестерін жақсартатын және төлем жасау тәсілдерін кеңейтетін құқықтық нормалар енгізілді. Картадан картаға, не басқа шотқа ақша аударсаңыз, тіпті, жалақы картаңызды банкоматқа бірнеше рет салсаңыз, алынатын комиссия азайтылады не мүлдем алынып тасталуы мүмкін. Бас қаржыгердің айтуынша, ұсынылған жобада осы мәселе қарастырылған. Қазір Ұлттық банк тарифтерді төмендету үшін «MasterCard» және Визамен жұмыс істеп жатыр. «Өзіміздің жеке төлем жүйеміз пайда болмайынша, шетелдік қызмет көрсетуші компаниялармен жұмыс жалғаса береді», – дейді Данияр Ақышев. Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: - Халықаралық төлем жүйелері бізге әзірге қолайлы. Халық көбіне Виза және Мастеркартты пайдаланып, үйреніп қалды. Тек бір кемшілігі - транзакция, яғни, ақша аударғаныңыз үшін комиссия жоғары. Бұл мәселені қазір шешіп жатырмыз. Болашақта қазақстандық төлем жүйесін енгізу көзделуде. Алайда, бұл өте шығынды жұмыс болғандықтан, іс кейінге шегеріліп отыр. Қазірге дейін кез келген банк несиесін өтей алмай жүргендердің есеп-шоттарын бұғап, мемлекеттен берілетін соңғы жәрдемақысына дейін шешіп алатын. Енді мұндайға жол берілмейді. Заңда тұрмысы төмен отбасыларының көмек, жәрдемақыларына қол сұқпау туралы өзгеріс енгізілмек. Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы: - Банкке қарыз адам түрлі өмірлік жағдайға тап болып, несиесін төлей алмай жатады. Маған азаматтар осындай мәселемен жиі келеді. Сөйлесемін. Әртүрлі жағдайлар болады. Кейбірі келіп, қарыз болғандықтан, тіпті, жәрдемақыларын да ала алмай жүргендіктерін айтады. Осындай мысалдарды ескере келе, заң жобасында азаматтардың банк шоттарындағы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер есебінен несие қарызын өндіріп алуға шектеу қойылады.
Қазақстанда қағазбастылық азаяды (видео)
Елімізде халыққа 739 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылса, енді 539-ы «Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілмек. Оны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы атқаруда. Жылжымайтын мүлік, жер кадастрі, зейнетақы төлеу мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін енді бір жерден алуға болады. Қазір халыққа қызмет көрсетететін орындар көбейтіліп, 479-ға жетті. Ал шалғайдағы азаматтарға 70 мобильдік орталық жұмыс жасайды. Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: - Мемлекеттік қызмет – ең біріншіден, елдің, қарапайым халықтың қамын ойлап жасалған ұжым. Ең біріншіден, соларды жақсылап қабылдап, әрқайсысы ЦОН-ға келе ме, ГЦПВ-ға келе ме, өздеріңіздің туысқандарыңыздай қабылдап, жақсы қызмет көрсетуге тырысу керек деген өзімнің ұсынысымды айтқым келеді.