Ел іші: Үйсіз қалған отбасы көптің көмегімен баспаналы болды (видео)
|
Қарағанды облысында бес балалы жалғызбасты ана Наурыз мерекесі қарсаңында баспаналы болды. Қарқаралы ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылының тұрғыны Айгүл Нұрқасенованың үйі жыл басында өртеніп кеткен болатын. Апатты жағдайдан кейін баспанасынан айырылған ол 5 баласымен ағайын-туысты жағалап келген. Балаларының барлығы да кәмелет жасына толмаған екен. Мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін аналарының табысы күнделікті азық-түліктен аспайды. Сол себепті көпбалалы анаға көмек беру үшін арнайы қор құрылып, бар-жоғы екі ай ішінде халықтан қомақты қаражат жиналған. Бұл ақшаға Айгүл Нұрқасеноваға ауыл ішінен үй сатып алынды. Бұған қоса отбасыға тұрмыстық техникалар да сыйға тартылды. Айгүл Нұрқасенова, көпбалалы ана -Сход кезінде әкімнен үй сұрағанбыз. Ол кісі бізге көмектесетінін айтып, Қарқаралының халқы бар, жабылып көмектесті. Ол кісілерге бізге үй алып бергеніне рахмет!
Шымкенттің тағы бір дүкенінде тегін нан таратылады
Шымкентте тағы бір дүкен «Тегін нан» акциясына қосылды. 11-шағынауданындағы «Мадина» дүкенінде мұқтаж жандарға тегін нан беріледі.
Тегін нанды кез келген адам ала алады. Сатушылардың айтуынша, ол үшін ешқандай құжат көрсетудің қажеті жоқ. Дүкен иелері адамдар бұл акцияға түсіністікпен қарап, тегін нанды тек аса мұқтаждар ғана алып жатыр дейді.
Еске салайық, қаңтар айында қаладағы дүкендердің бірі тегін нан таратуды қолға алған болатын. Сайрам және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы дүкен иелері әр жұма күні нанды тегін таратуды бастады.
«Сәбилер үйіндегі» бүлдіршіндердің тұсауы кесілді (видео)
Бүгін елордалық «Сәбилер үйіндегі» бүлдіршіндердің тұсауы кесілді. Дүние есігін ашқалы ананың аялы алақаны мен жылуын сезінбеген балғындар ұлттық музей ішінде қаз тұрып, қадам басты. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында Астанадағы ұлттық мұражай қызметкерлері дәл осындай игі бастаманы қолға алыпты. Бүлдіршіндердің тұсауын кесуге елдің елеулі азаматтары да арнайы шақыртылған. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, Зейін Әліпбек, Қалқаман Сарин сынды танымал тұлғалар бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жыл сайын өтетін игі дәстүрге айналмақ. Гүлжан Төлесова, балалар үйінің психологы: - Біздің балалар үйінде қырқынан шығару, тұсауын кесу рәсімдері жасалып жатады. Осындай елімізге елеулі, халқымызға қалаулы азаматтармен бірінші рет жасалып отыр. Үлкен кісілердің батасын алып жатыр балаларымыз. Бүгін бес баламызды – үш қыз, екі ұлымызды алып келдік. Тұсауын кестіріп алып, кетіп барамыз.