Ел іші: Қостанайлық ғалымдар зығырдың жаңа сұрпын ойлап тапты (видео)
|
Қостанайлық ғалымдар зығырдың жаңа сортын ойлап тапты. Жергілікті ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері «Қостанай-11» тұқымы құрғақшылыққа төзімді және өнімділігі жоғары дейді. Мамандар майлы дақылдың тұқымын тұқым-бақта қолдан көбейтіп жатыр. Қазірдің өзінде жергілікті шаруалармен қатар ресейліктер де элиталық тұқымға қызығушылық танытып, сатып алуға әзір отыр дейді ғалымдар. Ғылыми зерттеу институтының иелігінде 200 гектардан астам жер бар. Тәжірибе алаңында бидай, күнбағыс, зығыр мен картопқа дейін егіліп, сынақтан өткізіледі. Әр дақылдың өсіп жетілуі мен өнімділігі күнделікті журналға жазылып отырады. Бақытгүл Тынысбаева, Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері: - Біз дәнді жерге егіп болғаннан кейін фитологиялық бақылау жүргіземіз. Барлық көрсеткіштер бойынша жеке-жеке талдау жасаймыз. Өсіп өнуінен бастап, оның бойына, тіпті, түріне дейін мән береміз. Жылусүйгіш өсімдіктің дәнінен май сығылады. Ал талшығынан кендір жіп жасалынады. Зығырдың жергілікті жерге төзімді және өнімді мол беретін тұқымын шығару үшін ғалымдар жылдар бойы тер төккен. Айнагүл Мұхамеджанова, Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға лаборанты: - Бақылау тұқым-бағында біз жылдар бойы тәжірибе жүргіземіз. Дәнді егуден бастап, оның өнім беруіне дейін күтеміз. Тіпті ішіндегі арам шөптерді де қолмен жұлып шығамыз. Мамандар өздері ойлап тапқан зығырдың жаңа сортын «Қостанай-11» деп атапты. Өсімдіктің бұл тұқымы құрғақшылыққа төзімді және өзгелермен салыстырғанда өнімді бірнеше есе көп береді дейді ғалымдар. Марат Ташмұхамедов, Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аға лаборанты: - Мысалы, шетелдік сорттар біздің жергілікті ауа райына бейімделмеген. Құрғақшылық болып қалса, олар өнімді аз береді. Ал біздің жаңа сортты тұқымдарымыз кемінде 18-20 центнерден өнім береді. Қостайлық ғалымдар қазірдің өзінде зығырдың жаңа сортына тіпті көрші Ресейдің шаруалары да қызығушылық танытып отыр дейді.
Жамбылдық шаруа жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр (видео)
Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында қиындықты еңсерген азаматтардың табысқа жету жолын баяндауды жалғастырамыз. Әңгіме Жамбыл өңіріндегі серіктестік жайында. Үлкен ұжым «жер қадірін еңбек етіп, тер төккен біледі», - дейді. Шаруашылық 20 жыл бұрын небәрі 40 гектар жермен жұмысын бастаған. Бұл қожалықтың иелігінде 13 мың гектардай егістік алқабы бар. Оған арпа-бидай сеуіп, мал азығын дайындайды. Бас-аяғы мұнда 100-ге тарта адам жұмыс істейді. Маусым кезінде қосымша еңбек күші көмекке тартылады. Соның арқасында ауданда біраз шаңырақ жерді еміп күн көріп отыр. Биыл тағы 8 мың гектар қосылды. Бұл – ірілендірудің арқасында көрші қожалықтан алынған аумақ. Қазір жұмысшылар бидай егуге жерді дайындауда. «Шәушен» – аймақтағы ірі мал өсіруші қожалық. Мұнда 30 мың қой, 2 мыңнан астам жылқы бар. Шаруа-қожалықта мал басын асылдандыру ісіне ден қойылып отыр. Етті бағыттағы қой мен жылқы өсіріп, өнімді Астана, Алматы сияқты ірі шаһарлардың нарығына өткізіп жатыр. Қазір мал басын көбейтіп, ет көлемін арттыру үшін жер қажет. Сайранбай Дөненбаев, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі: - Не жерді пайдаланбайды. Не берсең, қымбат баға сұрайды одан. Соны көріп отыр ғой. Тексеріп жүріп, біз сияқты мықты-мықты кәсіпкерлер алса. Менің 50 мың гектар жер айдауға дейін жағдайым бар. Бұл қожалық қызметкерлерінің тұрмысы қаладағыдан еш кем емес. Мұнда жұмысшылардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ал Жарлысу ауылында дала еңбеккерлері үшін 10 үй соғылған. Онда 20 отбасы тұрады. Бұл баспаналар жұмысшыларға жекешелендіру құқығымен берілген. Бағдат Баймаханов, жұмысшы: - Бұл жерде әкем екеуміз жұмыс істеп жатырмыз. Өзімізге үй тегін. 10 жыл жұмыс істегеннен кейін үйді өзіміздің атымызға өткізіп, тегін үй беріліп жатыр. Жұмысымыз жақсы. Өсіп келе жатыр. Бізден де басқа кісілер үйлі болып, тегін үй алып жатыр. «Жер-Ананың бізге берген сыйын осылайша бірге еңбек етіп тауып, ортақ мүддеге жұмсап жатырмыз. Бұл істегі басты қағида тынбай тер төгіп, жерді тиімді пайдалану қажет», - дейді қожалық иесі. Сайранбай Дөненбаев, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі: - Ауыл шаруашылығы деген өте қиын. Демалыссыз. Өйткені күтпейді уақытты. «Көктемнің бір күні – бір жылға азық» дейді қазақ. Сол сияқты жерді дер кезінде айдау, дер кезінде өңдеу қажет. 1000 гектар жер айдау үшін 10 млн ақша керек. Жақында кәсіпкер өз қаржысына 100 балаға арналған бөбекжай салып бермекші. Одан бөлек, жол, жарық және тағы басқа мәселелерге көңіл бөлінетін болады.
Іскер әйелдердың қатары артып келеді (видео)
Атырау облысындағы шағын және орта бизнес саласының саны мен өндіретін өнім сапасы жылдан-жылға артып келеді. Жеке кәсіпкерлер соңғы жылдары бизнестің сан алуан түрін жетік меңгерді. Олардың қатарында іскер әйелдердің қарасы басым. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жеке бизнесін дамытқан жандардың басым бөлігі – ақ жаулықтылар. Олар қазір нарық сұранысына сай тауар өндіріп, импортты шектеп отандық өндірісті дамытуға үлес қосуда. Ақмарал Байлауова кәсіби мамандығына сай негізгі қызметін денсаулығына байланысты тоқтатып, кейін жеке бизнеске кеткен. Алдымен мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнестің қыр-сырын меңгеріп, жеке іс ашуға шешім қабылдапты. Жеңілдетілген несие алып, алғашқы тірлігін азық-түлік өнімдерін салатын қағаз қораптар жасаудан бастады. Қазір оның қарамағында қызмет етіп жатқан тоғыз адамның алтауы – өзі секілді жұмыстан босаған мүмкіндігі шектеулі жандар. Кәсіпкердің өндіретін өніміне жергілікті нарықта сұраныс жеткілікті. Сондықтан, өндіріс ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ақмарал Байлауова, кәсіпкер: - Жаңа цех салатын жер телімін дайындап қойдым. Жалпы өндірісті толықтай отандық шикізатқа ыңғайлауды жоспарлап отырмын. Болашақта қағаз қораптарды да оған қажет қағазды да өзіміз шығарсақ деген ой бар. Сонда өнім толықтай қазақстандық болады. Ал Мәрия Жанахметова болса, жеке бизнеске тоқсаныншы жылдары келген. Қазіргі таңда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Түрлі көлемдегі шыны терезелер мен әйнек, айналарды тапсырыс бойынша дайындап береді. Биыл пластиктен жасалатын есік-терезелер шығаратын цехты іске қосуға әзірленіп жатыр. Жаңа цехта қосымша 30 адам жұмыс істейтін болады. «Осы жобалардың барлығына мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы қажет болды», - дейді кәсіпкер. Мария Жанахметова, кәсіпкер: - Былтыр мамыр айында жеке кәсіпкерлігімізді көтерейік деп, станок алуға «Жол картасының» «Даму» бағдарламасы арқылы несие алғанбыз. Қазір Атырау қаласы бойынша ондай станок жалғыз бізде ғана. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы жүздеген жаңа жобаның жүзеге асуына мүмкіндік берді. Бірі несие алса, бірі бизнес ауқымын ұлғайтты. Жеке кәсіпкерлер осы уақыт аралығында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Бәсекеге қабілетті тауар өндірушілердің қатары жыл санап артып, отандық өндіріс жолға қойылды. Соның арқасында жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері өткен жылы 800 млрд теңгенің өнімін өндірген.
Атырауда мал басын асылдандырушыларға 2,8 млрд теңге бөлінді (видео)
Атырау облысында мал басы көбейіп келеді. Өңірде 161 мың бас ірі қара, 680 мың қой, 31500 түйе және 64 мың жылқы бар. Бұл мұнайлы өңірдің өзін жергілікті ет өнімдерімен қамтуға қауқарлы екендігін көрсетеді. Аталған облыста қазіргі уақытта 16 шаруашылық мал басын асылдандырумен айналысып жатыр. Айта кетейік, Үкімет асыл тұқымды мал басын көбейтем деушілерге қомақты көмек көрсетіп келеді. Тек биылдың өзінде 3 млрд теңгеге жуық қаржы субсидия ретінде бөлінген. Сәлімжан Нақпаев, облыс әкімінің орынбасары; - Ал инвестициялық субсидия, яғни, жаңадан инвестициялық жобалар жасағандарға республикадан бөлінеді. Биыл инвестициялық субсидияға 1 млрд 700 млн алып отырмыз. Ал мал шаурашылығын субсидиялауға 1 млрд бөліп отырмыз. 114 млн – егін шаруашалығына бөлінген субсидия. Мұның барлығы Үкіметіміздің ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан азматтарға үлкен көмегі.