Eл іші: Оралдық өрен су қорын үнемдейтін биосүзгі ойлап тапты (видeо)
Eл іші: Оралдық өрен су қорын үнемдейтін биосүзгі ойлап тапты (видeо)
9 жыл бұрын 3617

Оралдық оқушы су қорын үнемдейтін биосүзгіні ойлап тапты. Органикалық минералды сүзгінің негізгі құрамы жергілікті табиғи заттардан тұрады. Бағасы да өте арзан. Жоба жүзеге асса, ғаламдық мәселеге айналып отырған тіршілік көзі үнемделеді. Аружан Монтаева өз жобасын жыл өткен сайын жетілдіріп келеді. Биыл ұйымдастырылған жас өнертапқыштар байқауында топ жаруы соған дәлел. Құрылғы органикалық минералдардың бірнеше қабатынан тұрады. Негізгі құрамы өңірде молынан кездесетін кремнилі тау жыныстарынан түзіледі. Аружан Монтаева, «Назарбаев зияткерлік мектебінің» 12 сынып оқушысы, жас өнертапқыш: - Мысалы, 100% ластанған суды алып, осы құрылғы арқылы өткізсек, ішуге жарамды немесе тұрмыста қолдануға жарамды тазартылған суды ала аламыз. Тіпті, мұнай қалдықтарынан тұратын, сазбен лайланған суды да осы құрылғы арқылы 100%-ға тазарта аламыз. «Шапағат» республикалық байқауы өнертабыс саласындағы жетістіктерді саралап, инновациялық идеялар авторларын қолдауды мақсаты етеді. Мүдделі министрліктер мен ұлттық зияткерлік меншік институты ұйымдастырған байқауда кейіпкеріміз дипломант атанды. Алтай Маштақов, облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы: - «Жыл өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Ең жас өнертапқыш», «Ең белсенді өнертапқыш», «Жас дарын» аталымдары бойынша комиссиялар дүниежүзілік зияткерлдік меншік ұйымы және еуразиялық патент ұйымының ұсыныстары бойынша жеңімпаздарға іріктеу жүргізеді. Сәуірде қорытынды шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Жас өнертапқыш өз жобасының тиімділігін санаулы минуттарда дәлелдеп берді. Тіпті, университет жанындағы бекіре балығы өсіріліп жатқан аквакешенде осы әдіспен тазартылған су қазірдің өзінде қолданысқа енген. Суды көп тұтынатын кәсіпорындар қазірдің өзінде жобаға қызығушылық танытып отыр. Олардың қатарында көлік жуу орындары мен мұнай өңдеу зауыттары бар. Жоба жүзеге асса, бірден бірнеше тонна текше метр суды тазартуға қауқарлы қондырғы жасалады. Ең бастысы, ластанған суды қайта кәдеге жарату арқылы тіршілік көзін бірнеше есеге үнемдеуге мүмкіндік туады.


Қостанайлық студент жылқы баптап, ит асырайды (видeо)

Қостанай облысында ит асырауды сүйікті ісіне айналдырған студент тұрады. Затобол кентінің тұрғыны Әлішер Сапашов тазы, алабай және овчаркалардың түр-түрін бағады. Оның итке деген қызығушылығы мамандық таңдауына да ықпал етіпті. Әлішердің ит асырауға әуестігі 13 жасында ояныпты. Есейе келе түрлі елдің таңдаулы деген ит тұқымдарын жинай бастаған. Хаски, неміс овчаркаларын Ресейден алдыртты. Қазір оның ең кішкене иті 1 келіге жетер-жетпес болса, алабайы 75 келі тартады. Оншақты тұқымның ішінде қазақы тазының жөні бөлек. Әлішер Сапашов, ауылшаруашылық колледжінің студенті: - Әр қазақ ауласында тазы ұстауға тиіс. Бұл біздің мақтанышымыз. Оны өзіміз дәріптемесек, кімге керек? Тазы – аң аулауға таптырмас серік. «Ұшармен» алған қоян, түлкімнің есебі жоқ.  Әлішер – бүгінде ауылшаруашылық колледжінің 4 курс студенті. Болашақ мал дәрігері. Оқу орнындағы тәжірибелік сабақтарға оқытушылар оны жиі шақырады. «Ветеринар – өңірде сұранысқа ие мамандық түрі. Оны таңдағандар үй жануарларын көріп өсіп, аялай білуі керек. Сонда сабақты тез игереді», - дейді оқытушылар. Әлішердің тағы бір ермегі – жылқы. Қызығы, 11 сыныпта «иппотерапия» тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, бизнес жоспарын жасаған оған жоғары оқу орындарының бірінен экономист мамандығына грант ұсынған. Алайда Әлішер ветеринарияны таңдады.    Әлішер Сапашов, ауылшаруашылық колледжінің студенті: - Бала күнімде бәйгеге шапқанмын. Содан шығар, атқа құмармын. Ұлттық спорт жаныма жақын. Көкпарда жаттықтым. Аударыспаққа түсіп жүрмін. Ол маған қуат береді. Ветеринария – менің өмірім. Мамандығымды шексіз жақсы көремін. Жануарларым ауырса, өзім емдеп аламын.   Әлішер қазір 1,5 жасар алабайын спорттық жарыстарға дайындап жүр. Арманы – диплом алып, өңірде ұлттық спорт түрлерін дамыту. Бұл мақсатта оның нақты жоспарлары да дайын.

 

 

 Қарағандылық шебердің қолынан шыққан тері бұйымдарына сұраныс артуда (видeо)

Қарағандылық Галина Переплеткина таза былғарыдан әмиян, сөмке, белдік, тіпті кітаптың тысын жасайды. Оның қолынан шыққан бұйымдар жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі көрмелерге қойылып жүр. Галина Переплеткина ине мен жіпті жанына жастайынын серік еткен. Былғарыдан түрлі бұйым жасауды 5 жыл бұрын бастаған. Оның алғашқы туындысы – әмиян. Тәжірибесін шыңдап әрі қарай белдік, қобдиша тігеді. Бүгінде оның жасаған бұйымдары ерекше сұранысқа ие. Шебер қажетті материалдарды Америкадан алғызады. Ине, бау, қалып сияқты арнайы құрылғылардың түгелі шетелдікі. Былғарыдан бұйым жасау қиын екенін шебер жасырмайды. Материалды дымқылдап, оған таңдаған суретті түсіру оңайға соқпайды. Әрі бұл процесс бірталай уақыт алады. Галина туындыларын қазақтың ұлттық оюымен өрнектегенді ұнатады екен. Галина Переплеткина, шебер: - Былғарыдан түрлі бұйым жасау техникасы ерте заманнан келе жатыр. Кезінде былғарыны етік, ертоқым жасағанда пайдаланған. Тігемін деп ниеттенген адам кез келген былғарыдан сан алуан дүние жасап шығады. Шебер бір жұмысқа 2 күннен 2 аптаға дейін уақытын жұмсайды. Бастысы – бұйымдары тұтынушылардың үдесінен шығады. Алдағы уақытта Галина Переплеткина кәсібін одан әрі кеңейтіп, өз шеберханасын ашуды жоспарлап отыр. 

 

0 пікір
Мұрағат