Eл іші: Оңтүстік қазақстандық ұстаз ұлттық қолөнерді дәріптеуде (видео)
Eл іші: Оңтүстік қазақстандық ұстаз ұлттық қолөнерді дәріптеуде (видео)
9 жыл бұрын 4065 24.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында тұратын қарапайым ұстаз ұлттық қолөнерді дәріптеп жүр. Бейнелеу пәнінің мұғалімі кілем тоқып, майлы бояумен сурет салады. Өнердің сан түрін меңгерген Бақытбек Амангелдиев тіпті қолының қиюы бар оқушыларға кілем тоқудың да қыр-сырын үйретеді. Шебердің ұшқыр қиялынан туындаған дүниелер қарапайым болғанымен, тамыры терең салт-дәстүрімізді насихаттауымен ерекше. Шебер бұл жолы тарихи жәдігер Арыстанбаб кесенесін жаңа тәсілмен тоқып шықпақшы. Ісмердің саусағымен өрнектелген кілемдер мен майлы бояумен салынған дүниелерде қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы үйлесім тапқан. Мазмұны мәнді кескіндемелердің айтатын астарлы ойы да терең. Бақытбек Амангелдиев, шебер: - Мен көбіне түкті кілем мен тақыр кілемді араластырып тоқығанды жақсы көремін. Артқы жағын тақыр кілеммен, негізгі кейіпкерді түкті кілеммен тоқимын. Негізгі кейіпкер айшықталып, менмұндалап көрініп тұруы керек. Зат жақындаған сайын ол анық-қанық көрінеді. Соны дәл орындайтын болсақ, біздің жұмысымыз керемет сәтті шығады. Ғасырлай бойы жалғасып келе жатқан кәсіпті ол әжесінен үйреніпті. Жаз бойы апаларымыз асарлатып кілем тоқитын. Тоқпақ ұруға құмбыл тұратын боз баланың сол кездегі өнерге деген сүйіспеншілігі бертін келе осы іске түбегейлі ден қойуына негіз болыпты. Бақытбек Амангелдиев, шебер: - Мен қолөнерді көбірек ұнатамын. Майлы бояуды да жақсы көремін. Екеуінің арасын үзбеймін. Мен майлы бояумен отырғанда демалып отырамын. Біз ұлттық салт-дәстүрімізді, өміріміздің болмысын, тарихымызды осы өнер арқылы көрсетуіміз керек. Суретшінің жұмыстан қолы босай қалса болды шеберханасына кіріп, тіпті таң атқанша көз майын тауысып отыратын күндері де болады. Сол кездерде оған жары әрдайым қол ұшын созып, қолдау білдіріп отырады. Ардақ Жүнісбекова, шебердің келіншегі: - Бастапқыда маған майлы бояу ерекше көрінген. Оның да ерекше техникасы болатынын сонда түсіндім. Біз бояуды сүйкей берсең, сурет бола береді деп ойлайтынбыз. Сөйтсек оның да өзіндік қыры бар екен. Ал енді бертін келе қолөнермен айналысты. Қазақтың салт-дәстүрін айшықтарымен әдемілеп көрсете, өшпейтін мұраны әрі қарай дамыта білген жақсы деп ойлаймын. Қолынан іс келетін жан бойында бар өнерді жастарға да үйретіп келеді. Бірнеше жылдың ішінде талай шәкірт те тәрбиелеп шықты. Үйірме сабағында суреттік кескіндемеден бастап, тоқыма тоқуға дейін баулиды. Тіпті ұл-қыздарының өзі мектепте өмірлік ұстаздарынан тәлім алғанды жақсы көреді. Ұлдана Байдебек, шебердің қызы: - Әкемнен сурет салу өнері маған қатты ұнады. Арасында тоқыма тоқып та қоямыз. Бірақ сурет маған жақын болды. Болашақта дизайнер болғым келеді. Әкемнен үйренген өнерімді жалғап, дизайнер оқуына түсіп әрі қарай шыңдап жетілдіремін. Кілем тоқуды осылайша насихаттап жүрген ұстаз жыл өткен сайын жастардың арасында қолөнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанына қуанады.

Авторлары: Қ. Жүнісбеков, Е.Әбіш, Н.Бекмұратов

 

ҚОСТАНАЙЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ КӨПТІ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ (ВИДЕО)

Рудный қаласының тұрғыны Бақтыбай Кенжеғұловтың моншақтан тізіп, түрлі бұйымдар жасай бастағанына бір жылдан асыпты.

Мүмкіндігі шектеулі жан енді үйірме ашып, өнерін тағдырластарына үйреткісі келеді. Ісмердің ең үлкен арманы - елордада өтетін ЕХРО-2017 көрмесіне қатысу. Мұқтаждық - мың өнердің анасы. Денсаулығы сыр берген Бақтыбай Кенжеғұлов көңілін аулайтын кәсіп іздеді. Бірде оңтүстіктегі Сарығаш ауданына жолы түсіп, моншақтан бұйым жасайтын шебермен жолығып, осы өнерді үйренді. Қазір әбден төселген. Кеншілер қаласында кәдесыйға тапсырыс берушілер көбейіп келеді, - деп жазады 24.kz.

«Туған күн сияқты мерекелерге арнап сөмкелерге тапсырыс беріп кетеді. 11:00-де бастасам, ертең кешке дейін дайындап беремін. Бұдан көбі 3-4 күнге кетіп қалады. Бір гүлді тез істегенде 20 минутта бітіремін», - деді Бақтыбай Кенжеғұлов.

Моншақтарды есеппен тізу, қалыпқа келтіру, тастардың үйлесімін табу оңай шаруа емес. Темірдей төзім, ұшқыр қиял керек. Мұндайда Бақтыбайға келіншегі Гаухар көмектеседі. Ісмердің ең бірінші сыншысы да, қолдаушысы да жұбайы. Көз жауын алатын әр бұйым көз майын тауысқан жанкешті еңбекпен келеді.

 «Әрқайсысы әртүрлі болады. Бір қолдан шықса да, басқаша болады. Екеуі бірдей болмайды. Біріншіден, бұл өнер таза, әсем, әдемі көрінеді. Әрбір істеген заты сұранысқа ие», - дейді шебердің жары Гауһар Әлиева.

Бақтыбай - екінші топтағы мүгедек. Кемтар екенмін деп мемлекетке масыл болатын адамың ол емес. Шебер кәдесыйдан бөлек ұлттық нақыштағы бұйымдар, еліміздің рәміздерін тоқиды. Олардың бәрі бүгінде саудаланып кеткен. Қолөнерші Қазақстанның мақтаныштарын енді халықаралық деңгейде насихаттауға ынталы.

Бақтыбай Кенжеғұлов, қолөнер шебері:

« Ақорданы істеп көрдік. Әдемі шықты. Пирамиданы істеп көрдік, ол да әдемі шықты. Ендігі ойым - Қазақстанның курортты аймақтарын жасау. Соларды ЕХРО-2017 көрмесіне шығару», - дейді шебер.

Қолөнерші Өзбекстаннан 2000 жылы елге оралды. Алғашында Оңтүстік Қазақстанда тұрды. Рудныйға бес жыл бұрын көшіп келді. Содан бері пәтер кезегінде тұр.

«Жеке пәтерге ие болсам, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап қолөнер үйірмесін ашар едім», -дейді ол. 

0 пікір
Мұрағат