Экономист: Сыртқы қарыз біз ойлағаннан әлдеқайда көп
Экономист: Сыртқы қарыз біз ойлағаннан әлдеқайда көп
8 жыл бұрын 3332 7kun.kz

Қазақстанның сыртқы қарызы күн сайын орта есеппен 5,8 млн долларға артады. Қазіргі сыртқы қарыз көлемі — 160 млрд доллар.  Сарапшылар елдегі қаржылық саясат дұрыс жүргізілмей отырғанын, ал қарызды басқару жүйесі қате екенін айтады.

12115950_722205037911963_8881002274898123215_n

Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, Қазақстанның фирмааралық, яғни, мемлекет қандай жағдайда да жауап бермейтін қарызының мөлшері — 81 млрд доллар. Маман оны қайтару толықтай жекеменшік компаниялардың мойнында болғандықтан, оған қатысты қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен, «мемлекет қолдауына тәуелді болып отырған компаниялардың қарызы бюджетке біраз салмақ салып отыр», — дейді ол.

— Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектордың, яғни мемлекеттің үлесі бар, мемлекет қаржысына тәуелді компаниялардың басқа елдерге қарызы — 22 млрд доллар. Ол қарыздың 6 млрд долларын Қазақстан Даму Банкі алған. Қалған 17 млрд доллар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ныкі. Ондағы 60 пайыз қарыз «ҚазМұнайГаз» компаниясына, 20 пайызы «Қазақстан Темір жолына» тиесілі, — дейді Қасымхан Қаппаров. 

Экономистің айтуынша, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» секілді компаниялардың берешегі мемлекеттің тікелей қарызы болып саналмайды, сәйкесінше мемлекет оларды төлеуге міндетті емес. Бірақ, маман соңғы жылдары мемлекет қарызы көбейген компаниялардың қамқоршысына айналып кеткенін айтады.

— Соңғы жылдары жағымсыз тенденция байқалады. Мемлекет өз үлесі бар компаниялардың қарызын төлеп беруге мүдделі болып отыр. Мысалы, 2015 жылдың тамызында Ұлттық қор «ҚазМұнайГаз» компаниясының сыртқы қарызын азайту үшін 10 пайызын сатып алды. Кейін 2016 жылдың мамырында үкімет ҚТЖ-ның 360 млн долларын төлеп берді. Бізде сыртқы қарызды есептеу, төлеу жүйесінде ашықтық керек, — дейді сарапшы. 

images

Бірақ, Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты кейбір сарапшылар оң пікір айтады. Экономист Асқар Елемесовтің пікірінше, салыстырмалы түрде, Қазақстанның сыртқы қарызы өте аз.

— Біздің мемлекеттік қарызымыз ЖІӨ шаққанда 8 пайыз ғана. Мемлекет қолдауындағы компаниялардың берешегі 20 пайыз, сонда жалпы 28 пайыз. Бұл басқа елдермен салыстырғанда өте аз. Мысалы, АҚШ пен Жапонияның сыртқы қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 100 пайызға жетіп қалды. Ұлттық қордан ақша алу — қалыпты құбылыс. Посткеңестік елдер арасында ұлттық қор санаулы елде ғана бар, — дейді маман. 

makhmutova

Дегенмен, экономист Мұхтар Тайжанның айтуынша, АҚШ-тың сыртқы қарызы мен біздің берешегімізді салыстыру — ақымақтық. Сарапшы олар алатын қарыз экономикаларына оң әсер етіп отырғанын, ал біз алатын ақша — экономикаға қауіп, бюджетке салмақ, бос әрекет екенін айтады. Алматыдағы Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова біздің сыртқы қарыз көлемінің артуна оған қойылған шектеудің, яғни қарыз алуға болатын шектің тым жоғары болуы себеп екенін айтады.

— Бізде сыртқы қарыз көлеміне қойылған шектеу ЖІӨ жартысы, яғни — 92 млрд доллар. Үкімет қарыз алғанда «бастысы сол шектен аспаса болды» дейді. Бұл тым жоғары. Осыны түсіру туралы 2006 жылдары ұсыныс айтылған, бірақ қабылданбады. Мемлекет қандай да бір компаниялар да қарыз алғанда»кейін оны өздері төлей ала ма?» деп ойлану керек, — дейді сарапшы. 

Кейбір экономистер жалпы ішкі өнімнің нақты көлемі қазіргі курспен есептегенде әлдеқайда аз екенін, сәйкесінше ЖІӨ-ге қатысты қарыз көлемі де жоғары екенін айтады. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, біздің билік өкілдері ЖІӨ-ді ескі курспен (1 доллар — 222 теңге) есептеп, өздерін алдап жүр.

aaeaaqaaaaaaaaiwaaaajdq1ntc1mwi0lwrimgitndvmzi1iyzuxltkwzdk0mzjhzgrhza

— Жалпы ішкі өнімнің көлемі өткен жылғы 222 теңге курсы бойынша есептелді. Себебі, 1 доллар 300 теңгеден жыл соңында ғана асқан еді, әрі оған дейін доллар арзан болғандықтан орта шама осылай төмен шықты. Сондықтан, ЖІӨ-ге қатысты қарыз көлемі аз деуге болмайды, өйткені оның нақты көлемі қазіргі курспен есептегенде әлдеқайда аз болуы мүмкін. Сәйкесінше сыртқы қарыз көлемі біз ойлағаннан да көп, — дейді Мақсат Халық. 

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев соңғы уақытта қарыз деңгейі шынында да өскенін және сыртқы қарызды жан басына шаққанда әрбір қазақстандықтың 7,5 мың доллардан келетінін мәлімдеген еді. 2016 жылдың бірінші тоқсанында 6,5 млрд доллар сыртқы қарыз қайтарылған. Сәйкесінше мемлекет осы жылдың соңына дейін тағы 17,94 млрд доллар қарыз төлеу керек.

1 пікір
  • Сарапшы олар алатын қарыз экономикаларына оң әсер етіп отырғанын, ал біз алатын ақша — экономикаға қауіп, бюджетке салмақ, бос әрекет екенін айтады.
    8 жыл бұрын
Мұрағат