Демографиялық парадокс: Қазақстанда жастар үлесі 26%-дан 20%-ға күрт азайды
Демографиялық парадокс: Қазақстанда жастар үлесі 26%-дан 20%-ға күрт азайды
3 жыл бұрын 1249 Жанат Ардақ

Мемлекет жастар саясатын қайта қарап, оны Қытай мен Әзербайжан үлгісінде қайта құрып шығуы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Жастар неге азайып барады?

Қазақ елінде кейінгі жылдары демографиялық дүмпу жүруде. Статистика органының ресми мәліметінше, 2019 жылы АХАТ органдары дүние есігін ашқан 402 310 нәрестені тіркепті. 2020 жылы республика 1987 жылдан бері сақталып келген рекордты жаңартты: тәуелсіздік жылдарында алғаш рет бір жыл ішінде бірден 425,6 мың сәби өмірге келген. Бұл 33 жыл бұрынғы рекордтан 8,5 мыңға немесе 2%-ға көп. Бала туу көрсеткіші бойынша биыл жаңа рекорд орнайды деп күтілуде.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы тек қаңтар-мамыр аралығында туылғандар саны 175,2 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (156,8 мың адам) қарағанда 11,7% жоғары. Алайда, соған қарамастан, елімізде жастар саны күрт құлдырады.

Ресми статистика деректеріне сәйкес қазіргі уақытта елде жастар саны – 3 млн 739,8 мың адамды немесе бүкіл халықтың 20%-ын ғана құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан тоғыз жыл бұрын, 2012 жылы жастардың саны 4,4 миллионға жетіп, үлесі 26%-дан асқан-тын. Бұл БҰҰ-ға қазақ елін жас мемлекет деп бағалауына негіз болған. Енді Қазақстан жұртшылығының қартайып бара жатқаны туралы айтуға негіз бардай. Әлеуметтанушы Марат Сералин бұл жерде қайран қалдыратын ештеңе жоқтығын жеткізді. Әрине, Қазақстанда бағдарламалар бойынша жастар санатына 14-тен 35 жасқа дейінгілер жатады: осы кең ауқымды қамтыса, жастар саны бірнеше миллионға көп болар еді.

«Дегенмен, статистика органы жастар деп тек 14-тен 29 жас аралығындағы азаматтарды ғана санайды. Бірақ, он жыл бұрын да 14-29 жас аралығы есепке алынатын. Ендеше неге 700 мыңдай адамға құлдырап кетті? Бұған әртүрлі фактор әсер етуде. Біріншісі, әрине, көші-қон. Шетелге зейнетке шыққандар емес, көбіне жастар, еңбекке қабілетті азаматтар отбасымен бірге кетуде. Олар дамыған елдердің бірінде неғұрлым жас шағында орнығып, жұмыс істеп, әл-ауқат жинап үлгеруді қалайды. Екіншіден, көрсеткішті ХХІ ғасыр басындағы демографиялық тоқырау бүлдіріп отыр. Мысалы, 2006-2013 жылдар аралығында туу көрсеткіші 400 мыңдық межеге де жетпеді, орта есеппен 301-370 мың шамасында болды. Бұл жаман емес, әйтсе де 1987-1991 жылдар аралығындағы көрсеткішке ғана бара-бар», – деді әлеуметтанушы.

Кейінгі жылдардағы туу көрсеткішіндегі рекордтар шамамен 2027 жылдан бастап жастар үлесінің артуына серпін беруі мүмкін.

«Жасыл елге» жан бітіруді жоспарлауда

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатқа сәйкес елдегі мемлекеттік жастар саясаты өзгертіледі. Себебі, осы саясаттың ұстыны саналатын жастарға арналған басты бағдарламалардың дағдарысқа ұшырағаны байқалады. Мысалы, Елбасы тұсында 2005 жылы елде «Жасыл ел» жобасы қолға алынып, жастардың еңбек отрядтары құрылды. Олар негізінен, ауыл-қаланы абаттандырумен, көшет отырғызумен, қоқыс жинаумен айналысты. Сол үшін азды-кем жалақы төленетін. Алайда, әкімдіктер бертінде бұл істе жастар жасағына жүгінуден аяқ тартып, барлық тапсырыс пен қаражатты тендер арқылы қайтадан мамандандырылған компанияларға, коммуналдық қызметтеріне бере бастады. Оның үстіне, «жасылелдіктерге» қатысты даулар туындады. 2019 жылы қарағандылық «Жасыл ел» өкілдерінің алданғаны әшкереленді: жаз бойы тынбай еңбек еткен, аптап ыстықта шөп шапқан, қаладағы қоқысты жинаған жасөспірімдер басында уәде етілгеннен әлдеқайда аз жалақы алған. Кейбіріні одан да қағылған. Қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Қостанайда алаяқтығы және 16 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлағаны үшін «Жасыл ел» облыстық филиалының менеджері А.Еремина және 5 кәсіпкер сотталды. Олар несие беруші ұйым клиенттер базасындағы құжаттарды пайдаланып, отрядтарға санда бар, сапта жоқ адамдарды қосып, солар үшін бюджеттен қаржы алып отырған. Еремина да, өзге айыптылар да шартты жазамен босап шықты. Өзге өңірлерде де ел қаржысын талан-тараж ету деректері жария болды. Бірақ, мемлекет бағдарламадан бас тартпады: ол бір жағынан жастарды жұмыспен қамтуға, екінші жағынан экология мен абаттандыру шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2005 жылдан бері «Жасыл ел» республикалық штабы Білім және ғылым министрлігінің тапсырыстарын, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған ауқымды бағдарламаны іске асырды. Дегенмен, 2016 жылы неғұрлым тиімді қаржыландыру үшін «Жасыл ел» қызметіне арналған 2017-2019 жылдардағы бюджет қаражаты нысаналы трансферт түрінде өңірлерге берілді. Осы кезден жастардың еңбек жасақтары әкімдердің ынта-ықыласына тәуелді болып қалды, әрі республикалық деңгейде күн тәртібінен алып тасталып, хабары жалпақ елге естілмейтін болды. 

«Бүгінде «Жасыл ел» қызметін жергілікті жерлерде жүзеге асыруда проблемалар бар. 2018 жылы Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарына жасақтарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мүлдем болмаған. Алматының өзінде жоба толық көлемде жүзеге асырылмады: онда бөлінген қаражатты кері өндіру бойынша сот процесі жүргізілген. Ал ОҚО бюджеті Түркістан облысына ауыстырылды да, соған сәйкес Шымкент қаласында жоба жүзеге асырылмады. Кейбір өңірде, Ақмола, Қостанай облыстарында жастарды жұмысқа орналастыруға бөлінген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері әшкереленді. Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында жоба қатысушыларына жалақы төлеуде проблема туындады. Нәтижесінде, 2017-2019 жылдары «Жасыл ел» жобасын іске асырудың қолданыстағы тетіктері тиімсіз болып шықты», – деп мәлім етті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Пандемиялы 2020 жылы жасақтар жұмысқа жиналмаған. Мемлекет бар жұмыста волонтерлік қозғалысқа арқа сүйеді. Ведомство «Жасыл ел» кең ауқымды жобасына қатысты көңілсіз қорытындыға келді. Оны іске асырудың қолданыстағы құралдары демалыс кезеңінде жастарды уақытша жұмыспен толыққанды қамтуға, жас ұрпақтың бос уақытын сапалы өткізу міндеттерді шешуге, сондай-ақ, аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және объектілер салу жөніндегі жұмыстардың нысаналы көлемін орындауға мүмкіндік бермейді екен. Сондықтан Балаева ведомствосына жаңа құзыр беру қарастырылуда: жобаны іске асыру тәртібі мен шарттарының барлық өңірдегі біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында «жастардың еңбек отрядтарын ұйымдастыру және мониторингтеу қағидаларын әзірлеу және бекіту» құзыретін ақпарат министрлігіне тапсыру ұсынылды. Бірақ, «Жасыл ел» үшін жауапкершілік бәрібір әкімдіктердің мойнында қалады: құжатта жергілікті атқарушы органдарға жастардың еңбек жасақтарын құру, олардың қызметін қамтамасыз ету жүктеледі.

NиEET жоқ

Қазақстанда жастар саны азайғанымен, ештеңеге де құлқы жоқ, енжар жастар саны бәрібір көп болып тұр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша NEET санатындағы, яғни не оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не өз біліктілігін арттыруға құлшынбайтын селсоқ жастардың үлесі 7,1%-ды құрады. 2018 жылы – 7,9%, 2019 жылы – 7,4% болған. Яғни, өткен кезеңдерге қарағанда бар-жоғы 0,3%-ға төмендеді. Демек, Үкімет біраз жылдан бері қолға алып, жүздеген миллиард қаражат шығындап жатқан, NEET-жастармен жұмыс шаралары қамтылған «Еңбек», «Тегін техникалық және кәсіптік білім»,  «Бастау-Бизнес», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» секілді қаптаған мембағдарламалар айтарлықтай нәтиже бермеген. Айта кету керек, бұл тек орташа көрсеткіш, кейбір өңірде ештеңеге ниеті де, зауқы да жоқ жастар үлесі қарақұрым: бүгінде ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды облысында – 11,5% (2019 жылы – 12,3% болған), Ақтөбе облысында – 8,4% (2019 жылы – 8,1%, ұлғайған), Қызылорда облысында – 8,3% (2019 жылы – 8,2%, артқан). Ең төменгі көрсеткіштер Қостанай облысында – 5,3% (2019 жылы – 4,7%), Павлодар облысында – 4,9% (2019 жылы – 4,9%), Батыс Қазақстан облысында – 3,1% (2019 жылы – 2,8%). Жаңа заң жобасы БҒМ, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктерін NEET санатындағы жастар санын төмендету бойынша іс-шаралар жүргізуге міндеттейді. Мұның өмірде неге соқтыратыны белгісіз. Тек полицейлер репрессивті аппаратты іске қосып, өз көрсеткіштерін көркейту мақсатында өмірден орнын таппаған жастарды темір торға тоғытып тастамаса болғаны.

Балаеваның ведомствосы әзірлеген тұжырымдамада көрші Қытайдың, Каспий бойынша көршіміз Әзербайжанның мемлекеттік жастар саясаты үлгі етілген.

«Қытай мен Әзірбайжанда жастар саясатын толығымен меморгандар қалыптастырып, іске асырады. ҚХР-да жастар саясаты жөніндегі бас меморган – Коммунистік жастар лигасы. Жастармен жұмыстың жалпы тұжырымдамалық құжаты жоқ, бірақ 200-ден астам мембағдарлама қабылданып, орындалуда. Олардың негізгі мақсаты – коммунистік идеология мен «Қытай ерекшелігіне сай социализмді» ілгерілету. Әзербайжанда жастармен жұмыс орталық идея – әзербайжан ұлтын өркендету идеясына құрылады. 5 жылдық «Әзірбайжан жастары» мембағдарламасы қабылданды. Негізгі қағидаттары – мемлекеттілікті, тәуелсіздікті және Әзербайжанның бірегейлігін қолдау, әзербайжан халқының тарихына, мәдени мұрасына, мемлекеттік тіліне, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсету және патриотизм», – делінген қазақстандық тұжырымдамада.

Әзірге қазақстандық жастар саясатының орталық идеясы не болатыны белгісіз. Дегенмен, Қытайдағыдай «өз ерекшелігімізге сай Қазақстан жолы», халқымыздың тарихына, мәдени мұрасына, мемлекеттік тілге, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсету және патриотизм идеялары бізге де сай келетіні сөзсіз. 

0 пікір
Мұрағат