Бұдан былай халықаралық стипендияны шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана иелене алады. Тек ауылдық елді мекендердің үміткерлері үшін ерекшелік қарастырылған, олар алдын ала тілдік дайындықтан өте алады.
Басым мамандықтар тізбесі жасалды. Енді барлығына рет-ретімен тоқталайық.
10 негізгі өзгеріс
БІРІНШІ. Басым мамандықтар тізбесі енді еңбек нарығындағы қажеттіліктер болжамын ескере отырып қалыптастырылады. Бұл мамандарды нақты даярлауға мүмкіндік береді.
Жыл сайын 500-ге жуық адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға аттанады. Соңғы үш жылдағы талдау стипендиаттардың басым көпшілігінің әлеуметтік ғылымдарға, экономикаға, басқаруға (42%), сондай-ақ гуманитарлық ғылымдарға (23%) түскенін көрсетіп отыр.
Медициналық (3%) және жаратылыстану (4%) мамандықтарына ден қоюшылар қатары мардымсыз.
Бұл жағдай мамандықтар тізбесінің жалпылама жасалуымен тікелей байланысты. Яғни, тізбеде қажетті мамандықтардың саны жеткілікті болғанымен, алайда, олардың ішінде бағыттар бойынша саны регламенттелмеген. Нәтижесінде үміткерлер еліміздегі кадрлар саны бойынша артығынан байқалған мамандықтарға бағдарлама арқылы түскен.
Ал енді, мамандарды дайындау бағыттары бойынша орындардың шекті санын анықтау көп стипендиаттарға инженерлік-техникалық, IT және медициналық мамандықтарда оқуға мүмкіндік береді. Осы ретте, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарға стипендия саны шектеулі болады, бұл оқуға түсушілер арасында үлкен бәсекелестік тудырады және орындарды негізінен әлеуметтік-гуманитарлық бағыттардың өкілдері иеленетін тәжірибені алып тастайды.
Бұл мемлекеттік тапсырысты жоғары оқу орындарына орналастыру кезіндегі сияқты, 150 білім беру бағдарламаларына 53 мың грантты орналастырып қана қоймаймыз, егер олай жасасақ гранттардың негізгі саны заң, экономикалық мамандықтарға бөлінген болар еді. Біз керісінше бағыттар бойынша нақты қажеттіліктерге сәйкес анықтаймыз. Сол себепті де құқық мамандығына барлығы 100 грант бөлінеді. Бұл жерде де сол принцип.
ЕКІНШІ. Үміткер алдымен даярлаудың басым бағыты бойынша танымал шетелдік жоғары оқу орнына түсуге және одан шартсыз шақыру алуға тиіс. Бұл үміткердің сол ЖОО-ның талаптарына сай болуын қамтамасыз ету үшін қажет.
ҮШІНШІ. ЖОО-ның өзіне де талаптар күшейтіледі. Енді Болашақ тізіміне кіру үшін ЖОО-лар U.S. News Best Global University Ranking елдік рейтингтеріне сәйкес кемінде 65 баллға (Global Score) ие болуы және ЭЫДҰ-ның топ-50 және ARWU, THE, QS, US News рейтингтерінің топ-50 қатарында болуы тиіс. Нәтижесінде, 2020 жылы тізімге 121 ЖОО енді, ал 2019 жылы олардың саны 537 болған еді. Сонымен қатар, 2019 жылы тек 100 ЖОО (20%) халықаралық рейтингтерте орналасқан еді.
Енді болашақтықтар халықаралық рейтингтер үздігіндегі шетелдік жоғары оқу орындарына ғана жіберіледі, бұл оларға заманауи зертханалық базаға қол жеткізуге және мықты оқытушылардан білім алуға мүмкіндік береді.
ТӨРТІНШІ. Тағылымдамадан өту тәсілі өзгерді. Енді тағылымдамадан өту үшін тек жоғары оқу орындарына ғана емес, сонымен қатар жетекші ғылыми орталықтар мен зертханаларға да баруға болады. Ғалымдар үшін шетелдік әріптестермен зерттеулер жүргізуге арналған стипендиялардың жекелеген саны қарастырылған.
БЕСІНШІ. GPA талабы шетелдік ЖОО-дан шартсыз шақырулары бар үміткерлер үшін тоқтатылады. Егер үміткер GPA бойынша шетелдік жоғары оқу орнының талаптарына сәйкес келсе, оны іріктеу барысында растаудың қажеті жоқ.
АЛТЫНШЫ. Үміткер 6 турдың орнына 3 турдан (кешенді тестілеу, ТСК және Республикалық комиссия) өтеді. Құжаттарды қабылдаудан бастап тағайындалғанға дейінгі барлық нәтижесін үміткер автоматтандырылған жүйедегі жеке кабинетінде қадағалай алады.
ЖЕТІНШІ. Енді Халықаралық бағдарламалар орталығында шет тілі білімінен тест тапсырудың қажеті жоқ. Шетелдік жоғары оқу орнына түсу кезінде үміткер IETLS, TOEFL және т.б. верификацияланатын сертификатын ұсынады. Мемлекеттік тілді меңгергендігін Қазтест сертификаты растайды. Нәтижесінде, бюджет қаражатын үнемдеуге (шамамен жыл сайын 7 млн. тг) және тестті кез келген ыңғайлы уақытта тапсыруға мүмкіндік береді.
СЕГІЗІНШІ. Тәуелсіз сараптамалық комиссия жұмысының жаңа регламенті енгізіледі, комиссия мүшелерінің саны 3-тен 5-ке дейін артады. Үміткерлерді іріктеудің жаңа өлшемшарттары енгізіледі. Бұл стипендиаттарды неғұрлым сапалы іріктеуге мүмкіндік береді және Комиссия мүшелерінің объективті емес шешім шығаруына жол берілмейді. Үміткерлермен әңгімелесу президенттік кадрлық резервке іріктеу үлгісі бойынша автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Алдын ала тілдік дайындық ауылдық елді мекеннен шыққан үміткерлерге ғана арналған. Бұл әр аймақтағы үміткерлердің мүмкіндіктерін теңестіру үшін қажет. Сонымен қатар, олар үшін тілдік дайындық тек Қазақстанда ғана өткізіледі. Бұл оқуға жұмсалатын шығындарды азайтуға және академиялық оқуға түсе алмауға байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, шет тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талаптар артады.
Кезінде тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талапты төмендету стипендиядан айырылған болашақтықтар санының артуына алып келді.
Мәселен, егер 2005 жылы 7 адам стипендиядан айырылса, 2014 жылы – 58 адам айырылған. Бұл көрсеткіштер академиялық оқуға орналастырылмаған стипендиаттар санының жыл сайын артуын айқын көрсетеді. Бұл ретте, тіл деңгейінің төмен болуына байланысты академиялық оқуға әлі күнге дейін 30 адам орналастырылмаған.
ОНЫНШЫ. Барлық квоталық санаттар жойылды (мемлекеттік қызметшілер, инженерлік-техникалық, ғылыми-педагогикалық, БАҚ, мәдениет және өнер қызметкерлері). Соңғы үш жылда квота арқылы түскендер стипендиаттардың жалпы санының 32%-ын құрады. Яғни, конкурсқа квотадан тыс тапсырғандар басым болды.
Енді барлық үміткерлер конкурста тең мүмкіндіктерге ие болады.
Бұдан былай барлық бизнес-процестерді оңайлату, автоматтандыру және оның айқындылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс әрі қарай жалғасатын болады.
Табысы жоғары отбасыдан шыққан абитуриенттер грантта оқымауы керек