Бірлігі бекем ауылдың тірлігі мығым (видео)
|
Алматы облысы Ақсеңгір ауылында «Сыбаға» мен «Алтын асық» бағдарламасына қатысып, тірлігін тіктеп, кәсібін кеңейткендер көп. Мал басын асылдандырып жатқан шаруалар саны жыл сайын артып келеді. Сонымен бірге ауыл да көркейіп, ажарлана түсті. 5 мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенде дәрігерлік амбулатория мен балабақша ашылып, халықтың иігілігіне берілді. Мал шаруашылығын шапшаң дамытуға бағытталған мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының игілігін Жамбыл ауданы Ақсеңгір аулының шаруалары жақсы сезінуде. Былтыр ауылдық аймақтағы 6 шаруа қожалығы мемлекетік «Сыбаға»,«Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары арқылы несие алып, қолда бар малдың саны мен сапасын арттыруда, қазір малдың еті мен сүтін, жүні мен терісін өткізуде өңірдің өзге де серіктестіктерімен байланыс орнатуда. «Мырзабек» шаруа қожалығының иелігінде 70 гектар жайылым жері бар. Өткен жылы шаруашылық басшысы Жұмахан Дүкеев 100 бас ірі қара алуға несие алды. Сөйтіп, етті бағыттағы сиырларды өсіруге кірісіпті. Қазір ірілі-ұсақты қожалықтар да «Сыбаға» бағдарламасына жүгініп, ірі қара санын көбейтуде. Тұрсынғали Сарыбаев, Ақсеңгір ауылының тұрғыны: - Үкімет әр басына малдың басына 18 мың теңгедей субсидия беріп жатыр. Жем-шөбіне, бағуына жетіп тұр. «Мырзабек» қожалығында сиыр мен жылқыдан бөлек 1500 бас қазақтың биязы жүнді қойлары бар. Асылтұқымды қой түрін сақтап қалған қожалық, тері мен жүнді тиісті бағада өткізеді. Жұмахан Дүкеев, шаруа: - 105 басқа ірі қара алғам, 150 бас қойға субсидия алдым. Жүннің килограмына 130 теңгеден төлейді. Субсидия ретінде көмек жақсы болды. Малды баққаннан кейін де оның қыр-сырын білу керек қой. Қолымнан келеді, ерінбеген адам істейді. Біздің ата кәсібіміз ғой сол. Қыстақта электр желісі жоқ. Бірақ бұл малшыларға бас қатырар мәселе емес. Өйткені 6 жыл бұрын мұнда шетелден күн мен жел энергиясын зерттеушілер келіп, құны 12 мың доллар болатын қондырғыны тегін орнатып беріпті. Қыстаққа америкалық технологтар күн сәулесінен қуаттанатын қондырғы орнатқан. Қазір малды ауылдағы теледидар, тоңазытқыш және ғаламтор осы қондырғының көмегімен жұмыс істеп тұр. Мал шаруашылығы дамыған Ақсеңгірде екі жыл бұрын дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұрын басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті тұрғындар аудан орталығы Ұзынағашқа сабылатын. Қазір мұнда 22 адам еңбек етеді. Салтанат Сырлыбай, жас маман: - Халыққа ем көрсеткім келеді. Көптеген адамды емдеп, жазғым келеді. Ал «Жүз мектеп, жүз балабақша» бағдарламасы бойынша ауылда 80 балаға арналған «Ақбота» балабақшасы ашылды. Сондай ақ күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі де жұмыс істеп тұр. Ауласында ауыл тұрғындары бірігіп,Жеңістің 70 жылдығына арнап ескерткіш орнатты. Бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда өткен жылы 80 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Енді биыл көктемде ирандық инвесторлар ауылдық аймақта тауарлы сүт фермасын салмақ ниетте.