Балаға зорлық-зомбылық жасау деректерін жасырғаны үшін қолданылатын жаза қатаңдатылады
Балаға зорлық-зомбылық жасау деректерін жасырғаны үшін қолданылатын жаза қатаңдатылады
1 жыл бұрын 1161 inform.kz Есімжан Нақтыбай

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде мектептерде «жеке қауіпсіздік» сабағы енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап мектеп мұғалімдерін зорлық-зомбылықтан қорғау және алдын алу тәсілдеріне оқыту, ішкі істер органдары қызметкерлерін оқыту басталады. Заңнама бөлігінде «мектепішілік есеп» ұғымын заңға енгізу, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерін балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарланып отыр», - деді вице-министр.

Бұл шараның бәрі білім беру ұйымдарын қауіпсіз ортаға айналдыруға бағытталған кешенді жоспар аясында іске аспақ.

«Мектептерде «жеке қауіпсіздік» сабақтарын енгізудің маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл сабақтар оқу жылында және жыл бойынша бірнеше рет қайталау арқылы балаларды қарапайым тақырыптардан тұратын қауіпсіздік шараларына үйретеді», - деді Еділ Оспан.

Осыған дейін мектептерде буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама енгізілетіні хабарланды.

Көрші үйде бала жыласа, үнсіз қалмаңыз – Комитет басшысы қазақстандықтарға үндеу тастады

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова қазақстандықтарды балаға қарсы зорлық-зомбылықпен белсенді күресуге үндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде балалардың құқығын қорғау бағытында қатаң шаралар қолданылады. Заңнама бойынша балаға зорлық-зомбылық көрсету фактісі туралы хабарлау үшін өтініш жазудың қажеті жоқ. Жалғыз рет қоңырау шалса жетіп жатыр.

Көрші үйден баланың шыңғырған, жылаған даусын естідіңіз бе – үнсіз қалуға болмайды. Бұл жай ғана қолайсыз жағдай емес, бұл құзырлы органдарға хабарлайтын жағдай. Кіре беріс есікте учаскелік полицияның нөмірі жазулы тұрған жоқ па? Немесе мектепке қоңырау қалай шалатынын білмейсіз бе? Әлде ортақ чатқа жаза алмайсыз ба? Балаға қатысты зорлық-зомбылықты хабарлаудың түрлі жолы бар. Мен баланың құқығымен байланысты мәселеге келгенде ешбір мемлекеттік орган бей-жай қарамайтынына сенімдімін», - деді комитет басшысы орталық коммуникациялар қызметінде.

Сондай-ақ, ол балалардың құқығын қорғау мәселесінде БАҚ өкілдерінің өте белсенді екенін айтып, алғыс білдірді.

«Сондай жағдай бола қалса, БАҚ-тың бәрі хабар таратады, желінің бәрі шулайды. Бұл жердегі ең басты дүние – зәбір көрген баланы суретке түсірмеу керек. Аты-жөні мен мекенжайын, қай мектеп оқушысы екенін көрсетпеу керек. Өйткені бала ертең өседі. Оның тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан осы жағын ескерсеңіздер», - деді Насымжан Оспанова.

Өгей әкесі бар отбасылардың жағдайы тексеріле ме – вице-министр жауап берді

Оқу-ағарту министрлігіне өгей әкесі бар отбасылардың жағдайын тексеру туралы ресми ұсыныс түспеген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде вице-министр Еділ Оспан осындай мәлімдеме айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте өгей әкесі бар отбасыларды тексеру туралы ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныс іске аса ма?» - деп сұрады журналист.

Еділ Оспанның айтуынша, министрлік мұндай ұсынысты талқылауға әзір. Тек ресми түрде ұсыныс түсуі керек.

Өгей әкелермен тұратын отбасыларды тексеру мәселесіне қатысты айтсақ, әр ұсынысты жан-жақты қараймыз. Бізге дәл мұндай ұсыныс ресми түрде түскен жоқ, - деді вице-министр.
0 пікір
Мұрағат