«АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУ» БАСШЫЛЫҒЫ ҚАЗА ТАПҚАН КЕНШІЛЕРДІҢ ӨЛІМІНЕ МАРҚҰМДАРДЫҢ ӨЗІН КІНӘЛІ ЕТІП ШЫҒАРДЫ
|
Қарағанды аймағындағы бірқатар кеніш пен өндіріс нысанына қожалық ететін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы облыстың Саран қаласындағы кеніште 10 қараша күні болған апатқа қаза болған кеншілердің өзін кінәлі етіп отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz. Естеріңізге салсақ, 10 қараша күні Саран шахтасында сағат түскі екі жарымдар шамасында апат болып, оқиға орнында 3 кенші көз жұмып, бесеуі ауруханаға жеткізілген. Жарақат алған кеншілердің біреуі 11 қараша күні Қарағандының Мақажанов атындағы клиникасында көз жұмған болатын. Ашық дереккөздерде апаттың қалай болғаны жазылуда. Сол күні ауысым аяқталған соң 12 кенші «Феррит» дизельді көлігімен жоғары қарай өрлеп кеде жатқан. Жолда көлік тіркемесінің тросы үзіліп кетіп, ондағы 12 адам 200 метр биіктіктен тіркемемен бірге төмен қарай құлаған. Әдеттегідей аталған оқиғаның себептері мен кінәлілерді анықтау үшін Инвестициялар және даму министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастаған. Облыстық прокуратура болған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Арнайы комиссияның жұмыс қорытындысы шықпай жатып, кеніш қожайыны «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қайғылы оқиға болған күннің ертеңіне өңірдегі ақпарат құралдарына баспасөз хабарламаларын жолдап, онда болған апаттың «себептерін» көрсетіпті. Компания басшылығы апатқа кеншілердің «техникалық стандарттарға сай емес көлік құралдарын пайдалануы» себеп болған деп отыр. «Алдын ала ақпараттарға сай, 10 қараша күні сағат 14.25-те жұмысшылар техникалық стандарттарға сай келмейтін көлікті пайдаланған. Талапқа сай емес көлікті дұрыс пайдаланбау үш адамның өліміне және бес адамның жарақат алуына әкеп соқты», - делінген аталған хабарламада. Компанияның басқаша ақталуы мүмкіндігі де жоқ еді. Әдетте көмір шахталарында апаттар жер қыртысының опырылуынан болып жатады. Ол кездерде кеніш басшылары да, компания жетекшілері де бар кінәні опырылған кенге аударып, ауыр айыптан құтылып кететін. Алайда, апат себептерін қолмен қойғандай етіп көрсеткен компания басшылығы кеніште «техникалық талапқа сай емес» көліктің қалай пайда болғанын, оны пайдалануға кім рұқсат бергенін ашып айтпапты. Баспасөз хабарламасында сондай-ақ, ол көліктің қандай техника екендігі, апатқа нақты қандай ақаулар себеп болғаны да айтылмаған. Компанияның комиссия жұмысының қорытындысын күтпей жанталаса осындай хабар таратуының басты себебі – қайғылы оқиғадан бастарын ауашалап алу екендігін баспасөз хабарламасындағы мына бір сөйлемдер әйгілеп тұр. «Осындай жағдайлардың болуының алдын алу мақсатында тиісті шаралар бағдарламасы әзірленіп, қайғылы жағдайға байланысты құрылған комиссия жұмысы басталғанға дейін қолданысқа енгізілді», - деген «АМТ» басшылығы арнайы комиссияның алдын орап, басқа кеніштердегі кем-кетіктерін жасыруға кірісіп кеткендей. Өңір тұрғындары тек компания басшылығына ғана емес, облыс әкімдігіне, басқа да мемлекеттік органдардың сылбырттығына наразы. Мәселен, қайғылы оқиға туралы хабар тек сол күні кешкі алтыларда тараған. Оған дейін компания басшылығы да, мемлекеттік органдар да жұмған ауыздарын ашпаған. Егер бірнеше кенші көз жұмбағанда, бұл апат та «жабулы қазан жабулы күйінде» айтылмай да қалар ма еді? Бірнеше отбасының шаңырағына қайғы әкелген апатқа байланысты қаралы күн жариялау, өндіріс ошақтарында жиі болып тұратын апаттарға қатысты қоғамдық белсенділерді қатыстыра отырып тыңдау өткізу де әзірге облыс басшыларының ойына келмеген сыңайлы. Оны айтасыз, қайғылы оқиғадан бір күн өткен соң ғана облыс әкімі Н. Әбдібековтің атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айту жолданған. Апат орнына барып, болған жайды өз көзімен көруді кенді өлкенің басшысы қажет деп таппаған сыңайлы. Осылайша жер асты байлығына белшесінен батқан компания жергілікті жұмысшыларға, тіпті, билік өкілдеріне де пысқырып қарамайтынын анық аңғартып отыр. Жомарт Абдоллаұлы