30 жасында үш бірдей егіз баланы дүниеге әкелді (ФОТО)
30 жасында үш бірдей егіз баланы дүниеге әкелді (ФОТО)
8 жыл бұрын 5572 Bnews.kz Айгерім БЕГІМБЕТ

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында Ғалбият Ғалымның отбасында сегіз ұл-қыз өсіп келеді. Оның жұбайы Ұлбосын Жасымбекова – үш рет егіз перзентті дүниеге әкелген батыр ана. Олар аудандық «Жедел-жәрдем» стансасында дәрігер болып қызмет етеді. Ұлбосын 30 жаста болса, жары 34-ке толды. 

«Біз 2002 жылы ауруханада таныстық. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің бірінші курсында оқитынмын. Ал Ғалбият Қытайдан келіп, дайындық курсында білім алып жүрген болатын. Біз төрт жылдай қол ұстасып жүріп, бір-бірімізді жақынырақ танып білдік. Сосын шаңырақ көтеруге шешім қабылдадық», - дейді Ұлбосын.

2010 жылы жас отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жолдама алып, Түлкібас ауданына жол тартады. Мемлекеттен берілген несиеге «Жанкент» шағын ауданынан үй сатып алады. Жастар ауыл адамдарына бауыр басып, жұмысқа араласып кетеді.

«Тұңғышым өмірге келгенде кіндігін өзім кестім. Аружан деп азан шақырып, ат қойдым. Жасы онда. Оқу озаты. Қазір анасының қолғанаты. Одан кейін дүниеге егізім, Қымбат пен Сымбат келді. Екеуі биыл бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Бір жылдан соң жұбайым тағы егіз қызды дүниеге әкелді. Оларға Ұлжан, Ұлпан деген есім бердік. Қазір екеуі 5 жасқа аяқ басты. 2013 жылы Ақарыс атты ұлым өмір есігін ашты. Ал, былтыр 6 шілде Астана және Елбасымыздың туған күнінде жұбайым маған Бекарыс пен Жанарыс есімді тағы егіз батыр сыйлады. Перзенттерімнің есімдерін өзім қойдым», - дейді абзал әке.

Бүгінде бала бағу оңай емес. Бір емес, сегіз бала. Олардың тамағы, киімі, күтімі қаншама шығынды талап етеді. Бірақ, жас отбасы адал еңбекпен нан тауып, ұл-қыздарын қатардан қалдырмауды мақсат тұтқан. «Білімді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін саналы, салихалы ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз», - дейді ол.

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді. Сол сияқты әр бала өз несібесімен дүниеге келеді. Жұмыстан шаршап келгенде олардың тәтті қылықтары барлығын ұмыттырып жібереді. Біз, тіпті, егіздердің күтіміне өзгеден көмек те сұрамадық. Бір күн жұмыс істеп, екі күн демалатын болғандықтан айтарлықтай қиындық тудырмады. Жұмысқа кезегімен шығамыз. Бүгінде үшеуі мектепке, ал қалғандары балабақшаға барады», - дейді Ұлбосын.

Жары Ғалым «Жедел жәрдемнің» дәрігері болумен қатар, «Алатау» медицина орталығында қосымша қызмет атқарады. Сондай-ақ, «Дета Элис» атты жеке емханада қытай медицинасы негізінде тұрғындарды емдейді. Оның бар арман-тілегі – Қытайдың, Тарбағатай өңірінде тұратын ата-ана, бауырларын жанына көшіріп әкелу.

«Ата-анам мал шаруашылығымен айналысып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерге, отанымызға көшіріп алып келгім келеді, - дейді Ғалбият.+

  

1 пікір
Мұрағат