Үндістан шаһзадасының Тәуке ханға жазған хаты табылды
Үндістан шаһзадасының Тәуке ханға жазған хаты табылды
10 жыл бұрын 5805 alashainasy.kz

Үндістан шаһзадасының қазақтың ханы Тәукеге жазған хаты табылды, – деп хабарлайды «Алаш айнасы» басылымы «Қазақстан» ұлттық арнасына сілтеме жасап. Сондай-ақ, Ұлы Жібек жолының Орталық Қазақстан арқылы өткен жаңа бағыты туралы деректер табылған. 

Қазақ жерінде Ұлы Жібек жолының екі тармағы болған. Біріншісі бәрімізге белгілі еліміздің оңтүстігімен өткен. Ал, екінші сауда жолының барын орта ғасырда римдіктер жазып қалдырыпты. 

Сол ескі карталардың көшірмесі елге жетті. Онымен қоса, Қазақ ханы Тәуке Үндістан шаһзадасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаны да белгілі болды. 

Тарихи деректерге жүгінсек, Ұлы Жібек жолы осыдан 3-4 мың жыл бұрын пайда болғанын байқайсыз. Бұл батыс пен шығысты жалғайтын сауда-саттық, өркениет алмасу жолы болған. Біздің ғалымдарға еліміздің оңтүстігі арқылы өтетін жол ғана белгілі еді. Ал енді еліміздің орталығы арқылы тағы бір Жібек жолының тармағы өткені жайлы деректер пайда болып жатыр. Бұл жайлы Ватикан архивтерін ақтарған профессор Рафис Авазов өз пікірін білдірген еді. 

Рафис Авазов, тарихшы: 

– Ватиканда біз Орталық Азияға қатысты ХІІІ-ХІҮ ғасырда теріге түскен 10 карта таптық. Осы карталардың бірінде Жібек жолының бір тармағы орталық Қазақстан арқылы өткені көрсетілген. Бірақ, Каспий мен Арал теңіздерінің пошымы дұрыс көрсетілмеген. Мұны қай саяхатшы жазып қалдырғаны әзірге белгісіз. Егер алдағы уақытта нақты түсірген уақыты мен авторын табатын болсақ, Жібек жолының белгісіз тұстарын ашамыз. 

Тарихи қалаларды айтқанда көбіне қытай, парсы, араб көпестерінің жазбаларына сүйенеміз. Ал жаңа мәліметтер бойынша, Орталық Азияға сол тұста батыстан 120 саяхатшы келіп кеткен екен. Солар түсірген мына картадан Дешті Қыпшақ жерін байқауға болады. Яғни Дешті Қыпшақтан тарағанымызды ескерсек ХІІІ-ХІV ғасырда біздің жеріміз үлкен аумақты алып жатқанын байқауға болады.

Ғалия Қамбарбекова, шығыстанушы: 

– Дәл қазір Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі аралық 4 мың шақырым болып есептеледі. Ал, 6 мың шақырым дегеніңіз, жеріміздің одан да кең болғанын көрсетіп тұр. Демек Алтайдан бастап, Каспий теңізінің солтүстік жағалауларына дейін бабаларымыз мекен етті деген сөз. Тіпті, Астраханға дейінгі аралықты алып жатуы мүмкін екені байқалады. Сонымен қатар, парсы деректерінде тағы бір мәлімет бар. Оңтүстігінен солтүстігіне дейін 600 фарсах, яғни, 3600 шақырым болды делінген. 

Ғалия Қамбарбекова Үндістанның 4 қаласына барып, қазақ жері мен хандары туралы көп мәлімет әкелді. Негізгісі Үндістан шаһзадасының Тәуке ханға жазған хаты. 

«Біз сіздің аталық Қажы-Мұхаммед Садық арқылы жіберген достық лебізге, бауырмалдыққа толы хатыңызды алдық. Сіздің сұраған өтінішіңізге біз өзіміздің оң лебізімізді білдіреміз және сізге достығымыздың белгісі ретінде 2 алмас семсер және бірнеше мықты жүйрік ат сыйға тартамыз». 

Бұл хат жойылмауды ойлаған қазақ хандары жауласып қана қоймай, дипломатиялық қарым-қатынасты да берік ұстанғанының белгісі. Тарихи әлфи жазбасындағы Тәуке ханға жазылған хатта: «Қаламынан нұр таматын хатшыларыңыздың жазбасынан бізге деген ықыласты байқадық» делінген. Осындай деректерге қарап, ата бабаларымыздың сауатты дипломатиялық қарым-қатынас жасағанын да аңғаруымызға болады.

0 пікір
Мұрағат