Құрылысы құпияға толы құлшылық үйі (видео)
|
Түркия – тарихы тереңде жатқан мемлекет. Соның ішінде Ыстамбұл қаласының жөні бөлек. Бұл – кезінде бірнеше империяның астанасы болған қала. Сондықтан, сан түрлі мәдениет пен діннің, дәстүр мен тарихтың орталығы болды. Мәселен, әріге бармай-ақ, Османлы заманынан қалған құнды жәдігерлер жетерлік. Соның ішінде тарихи ғимараттар. Сондай ғимараттардың бірі әрі бірегейі Сұлтан Сүлеймен мешітінің ерекшелігі неде?
Сәулеті сырға, құрылысы құпияға толы мешіттің алдымен сыртқы көрінісін таныстырсақ. Мешіт – төрт мұнаралы. Бұл оны салдырған Сұлтан Сүлеймен – Ыстамбұлдың төртінші сұлтаны дегенді білдіреді. Ал, төрт мұнарада азаншыға арналған, балкон іспетті, он белдік бар. Неге он? Өйткені, Сүлеймен – Осман империясының оныншы сұлтаны болған. Ал мешіттің сыртында монша, кітапхана, медресе орналасқан.
Қысқасы, ең қызықтың бәрі мешіттің ішкі құрылысында. Ішіне кірсек.
Құлшылық үйі 1550-1557 жылдар арасында бой көтеріпті. Бүгінгі тілмен айтсақ, жобаның жетекшісі атақты архитектор Мимар Синан болған. Ол кісі жалпы саны 350-ден асатын түрлі ғимарат салған, ал соның 100-ге жуығы – мешіт. Сол мешіттердің ең үлкені, әрі құрылысы ұзаққа созылғаны – дәл осы Сұлтан Сүлеймен. Сәулетші Синан 8 мың адам сиятын осы Алла үйінің ішкі архитектурасы мен акустикасын, жарығы мен жылу жүретін жолын салу үшін көп ізденіп, өзіне ғана аян, ал кейінгі қауымға белгісіз әдіс тапқан. Мәселен, мінберден сөйлеген имамның дауысы мешіттің бұрыш-бұрышына дейін жетіп, жамағатқа тегіс естілуі үшін, қолдан күмбезді айналдыра, жаңғырықты сыртқа жібермейтіндей құрылғы орнатқан деген болжам бар.
“Кайсери қаласынан достарыммен бірге арнайы келдім. Өйткені, бұл мешіттің тарихы маған қатты қызық. Мысалы, еден ретінде төселген мәрмәр тас қыста жылы, жазда салқын болсын деп, жарты метр тереңдікте жер қазып, су жіберген екен. Және бес ғасыр бойы талай жер сілкіністе сыр бермей, тіпті, қабырғасына сызат та түспеген ғимарат екенін байқадық. Керемет!” – дейді, келуші жігіттердің бірі.
Тағы бір таңғалдырғаны – Мимар Синан мешіттің ішіндегі 200-ден аса аспалы шамнан шығатын иіс пен ысты бір бөлмеге жинаудың техникасыз тың жолын ұсынған. Тіпті, сол ыс бөлмесіндегі шамның күйесінен бояу жасап, құлшылық үйінің қабырғасына хадис пен Алла есімін өшірілместей қылып жазған. Ал мына түйеқұс жұмыртқаларын қаз-қатар етіп, сәндік үшін ілмеген. Оның міндеті – құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді жолатпау. Сырты мәрмәрмен қапталған жұмыртқаның жағымсыз иісі мешітті жәндік атаулыдан тазартып отырған. Әлі де солай.
Сәулетші Синанның қолынан шыққан тағы бір мешіт бар. Іргесі қаланғанына төрт жүз жыл өтсе де, бұл ғимараттың төбесіне ешбір құс қонбаған. Бұл кездейсоқтық емес, о баста құрылысы солай ойластырылған. Мешіт Қара теңіз бен Мәрмәр теңізінің тоғысқан тұсында тұр. Негізі, Ыстамбұлда шағала көп, сондықтан бұл жердегі ғимараттардың төбесі құс саңғырығына толып қалады. Алайда, бұл сөздің жағалауда орналасқан Шемси Ахмет паша мешітіне қатысы жоқ. Өйткені, оның шатырына бірде-бір қанатты қона алмайды.
Аднан ӨНАН
Мешіттің орналасқан жері де, өзі де керемет. Тарихы таныс болғандықтан, келген сайын қызықтап қарап отырамыз. Басқа қаладан немесе шетелден келетін достарымды алдымен осында әкелемін. Кереметтігіне еріксіз таңғалып жатады.
Тарихи деректерге сүйенсек, мешітті Осман империясының уәзірі Шемси Ахмет паша арнайы тапсырыспен салғызған. Уәзір, құлшылық үйінің төбесі таза болу үшін, «үстіне ешқандай құс қонбайтын болсын» деп, Мимар Синанға арнайы ескерткен көрінеді.
Тургут ЙЫЛМАЗ – тарихшы
Сәулетші Ыстамбұлдың көп жерін аралап, біраз зерттеген. Нәтижесінде Мәрмәр теңізі мен Қара теңіздің тоғысқан нүктесіне тоқталып, Босфор бұғазының жағалауына салған. Өйткені бұл жерге үнемі солтүстік пен оңтүстік жақтан жел соғып тұрады. Атақты сәулетші құстардың мешіт төбесіне қона алмай, айналып өту жолын осылай тауып, уәзірді таңғалдырған екен.
Метин АЙДОҒАН- Шемси Ахмет паша мешітінің имамы
Әлемнің әр бұрышынан туристер келіп, мешіттің тарихына қанығып жатады. Тіпті, өткен жылы Нидерланды мен Жапония ғалымдары зерттеу жүргізіп, сәулетімен танысты. Алла үйінің сырты ғана емес, іші де құпияға толы. Мәселен, салынғалы бері мешіт айналасына ешқандай құрт-құмырсқа жоламаған. Сонымен қатар, сейсмикалық құбылысты хабарлап тұратын құрылғысы бар.
Мешітке Шемси Ахмет паша есімі берілгенмен, халық арасында “Kuşkonmaz” яғни, “құс қонбас” деп аталып кеткен. Шетелдік ғалымдардың зерттеу қорытындысы әзірге белгісіз. Ал белгілісі, сәулетші Синанның қолынан шыққан бұл мешіт – туристер көп келетін орталықтың бірі.