Парижде қалалық ауыл шаруашылығын дамыту ісі мықтап қолға алынды. 2014 жылы қала мэры қызметіне сайланған Анна Идальго романтика астанасын жасылдандыру бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мегаполисті фермаға айналдыру жобасы (фото)
|
2016 жылы Франция Үкіметі мэр ұсынысын қабыл алып, Parisculteurs жобасын іске қосты. Ол бағдарлама бойынша, 2020 жылға дейін 100 гектар қала аймағы жасылдандырылуы тиіс, яғни, қаладағы ғимарат шатырлары мен қабырғалары өсімдікпен толтырылады. Және оның 1/3 бөлігі қалалық ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалы өнім беріп отыруы тиіс.
Қазіргі таңда 74 компания мен мемлекеттік кәсіпорындар қала фермасын дамыту үшін келісімшартқа қол қойды.
«Париж тек көкөністер мен жеміс-жидектерді егіп қана қоймай, қаланың жаңа моделін жасап шығармақшы. Ал тұрғындар нағыз бақша шеберіне айналып, Париждің көркеюіне үлес қосады», - дейді мэр орынбасары Пенелопа Комитес.
Үш жыл бұрын бұл жоспарға күліп қараған париждіктер қазір жертөлелер мен шатырларға егін егіп, өнім алып жүр.
Айта кетерлігі, аталған жоспар күшіне енбестен бұрын, 2014 жылы Эйфель мұнарасынан 20 минуттық жерде, Porte de Clignancourt метро станциясының жанынан ірі қалалық ферма ашылған болатын. 1000 шаршы метр ферма 150 түрлі өсімдік өсіріп шығарады. Бұршақ пен картоп та өседі. Сондықтан болар, идея авторлары аталған ферма жанынан кафе ашқан.
Ал Lа Chambeaudie фермасы 500 шаршы шақырымға созылады. Ол 12-аймаққа тиесілі медициналық орталықтың шатырында орналасқан. Нydroponic жүйесі арқылы аталған фермада 40 түрлі өсімдік түрі суарылады. Дәл осындай ферма Париждің орталығындағы Tishman Speyer тұрғын үйінің шатырына да салынды.
2016 жылы Parisculteurs жобасы басталғаннан кейін Париж 15 гектар аймақты қамтитын 75 ұсақ жобаны мақұлдады. Нәтижесінде 500 тонна өнім алып отыр.
Комитеттің айтуынша, қалалық ауыл шаруашылығы жүйесі Парижді тек эстетикалық және экологиялық тұрғыдан ғана емес, жұмыспен қамту бойынша да дамытады. Өйткені, жобаның алғашқы бөлігінде күнделікті жұмыспен 120 адам қамтылған. 2020 жылға дейін 30 гектар жерді жасылдандыру оңай шаруа емес дейді жоба авторлары, себебі, қазіргі таңда оның 15 гектары қамтылған.