Қазақстандық ғалымдар түрлі жаралар мен күйіктерді емдейтін инновациялық таңғыш ойлап тапты
Қазақстандық ғалымдар түрлі жаралар мен күйіктерді емдейтін инновациялық таңғыш ойлап тапты
3 жыл бұрын 1783 inform.kz

2022 жылдың 20 сәуірінде Ұлттық биотехнология орталығында түрлі терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған инновациялық құралдың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрамына кіретін «Ғылым қоры» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында қазақстандық ғалым В.Б. Огай журналистерге жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған X-Graft биологиялық жабынын ұсынды. В.Б. Огайдың айтуынша: «Сиырдың париетальды қабырғалық ішастарынан жасалған таңу материалы терең және ұзақ емделмейтін жараларды емдеуге арналған, сонымен қатар трофикалық жараларды уақытша таңу шін қолданылады. Емдік қасиеттері бойынша бұл биологиялық жабын шетелдік аналогтардан кем емес, себебі, коллаген мен эластиннің табиғи талшықтарынан жасалған, әрі адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиеттерге ие. Сондай-ақ, жабынды стоматологияда қызыл иектің көлемін ұлғайтуға және тіс имплантының айналасындағы жұмсақ тіндердің көлемін арттыру үшін қолдануға болады».

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жылына 180 000 адамның өліміне түрлі күйіктер себеп болады. Қазіргі уақытта әлемде Аlloderm, Хe-Derma, Integra және Dermagraft сияқты аллогендік және ксеногендік биологиялық жараларды таңу арқылы күйіктерді емдеудің заманауи әдістері қолданылады.

Бұл жабындар сауығу процесін тездетуге, жара инфекциясын алдын алуға, сондай-ақ, таңғышты ауыстыру кезінде науқастың ауырсыну деңгейін жеңілдете алады. Алайда, жараларды таңу материалы коммерциялық тұрғыдан қолжетімді болғанымен, бағасы өте қымбат, сондықтан науқастардың мүмкіндіктерін шектеп, кеңінен қолдану үшін қиындықтар туғызады. Мәселен, өлшемі 4×16 см болатын Alloderm жасушасыз жара жабыны 1800 доллар, ал өлшемі 10×10 см болатын Xe-Derma 108 евро тұрады. Жоспар бойынша өзіміздің отандық өлшемі 10×10 см болатын «X-Graft» биологиялық жабынын жасап шығаратын болсақ, шетелдік нұсқалармен салыстырғанда едәуір арзанырақ, шамамен 10-12 евро тұратын болады.

Бүгінгі таңда биологиялық жабын Қарағанды қаласындағы профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көп салалы ауруханада және Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасында клиникалық зерттеулерден сәтті өтіп, нәтижесін көрсетті. Зерттеуге жарасының көлемі 5-30%, II – III АБ дәрежелі күйіктері бар 120 науқас қатысты.

Зерттеу нәтижелері бойынша қарапайым дәке таңғыштарымен салыстырғанда биологиялық жабын сауығу процесін едәуір жылдамдатады, жараның бетіне зақым келтірмейді, неоваскуляризация мен реепителизацияға байланысты зақымдалған терінің функционалды қалпына тез келуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар, биологиялық жабын дәке таңғышымен салыстырғанда науқастың терісінің дермисін жылдам қалпына келтіріп, бұл өз кезегінде науқастардың ауруханада аз уақытта емделуіне әкеледі.

Зерттеуге қатысқан дәрігерлердің айтуынша, «X-Graft» биологиялық жабынын қолдану оңай және жараларды таңуға қолайлы, сондықтан болашақта терең жараларды емдеу үшін клиникалық тәжірибеге енгізілуі тиіс.

«Біздің «X-Graft» биологиялық жабыны медициналық құрал ретінде Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілгеннен соң, еліміздегі медициналық қызметтер деңгейі көтеріліп, науқастардың да өмір сүруі жеңілдейді. Сонымен қатар, ауқымды және терең күйіктері бар науқастардың өлімінің саны әлдеқайда төмендейді деп санаймыз»- деді В.Б. Огай.

Айта кетейік, аталмыш жоба ҚР БҒМ, ҚР ЦДИАӨМ, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бағдарламасы мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылуда. Құрал қазіргі кезде клиникалық сынақтардан өтіп, Қазақстанда тіркелу сатысында.

0 пікір
Мұрағат