Қан жасушасындағы нанобөлшектер өкпедегі метастазды емдеді
Қан жасушасындағы нанобөлшектер өкпедегі метастазды емдеді
4 жыл бұрын 4283 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Америкалық ғалымдар өкпедегі метастазды эритроцитпен ішінде ақуызы бар нанобөлшектерді біріктіру арқылы емдеу әдісін ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы шетелдік мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Метастаз, өздеріңіз де білетіндей, қатерлі ісіктің жайылуы – өзге ағзаларға қарағанда, әсіресе, өкпе обырында тез өршитін процесс. Осыны ескерген ғалымдар дәл осы өкпедегі метастазбен тиімді күресуге мүмкіндік беретін иммундық терпаияның тың тәсілін табуды алдарына мақсат етіп қойған еді. Қатерлі ісік организмнің пайда болған жерінен бастап метастаздалады. Қатерлі ісікке шалдыққан жасушалар негізгі ісіктен ажырап, қан арқылы денеге тарайды, дәлірегі, өзге тінде жаңа ісікті қалыптастырады. Бұрынғы зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, әсіресе, өкпеде екінші ісік ошақтары көптеп пайда болып жатады. Өйткені, аталмыш ағза титтей қан тамырларымен шырмалған. Сол себепті, қатерлі ісік жасушалары қан айналымы арқылы өкпеге барынша дендеп ене алады. Онкологиялық ауруларды бұрыннан қалыптасқан емдеу әдісіне жататын химиялық терапия дерт шалған жасушалардан бөлек сау тіндерді зақымдап, адамның ғұмырын қысқартады. Сол себепті, ғалымдар иммундық терапияға басымдық беріп отыр – яғни, иммундық жолмен күресудің жолдарын іздестіруде. Ол үшін қан денесі болып табылатын эритроциттерді пайдалануды ұйғарып отыр. Неге эритроциттерді пайдалануды ұйғарып отыр? Өйткені, қатерлі ісік жасушалары қан тамырлары арқылы тарайтын болғандықтан олармен күресу үшін эритроциттерден қолайлысы жоқ. Тарқатып айтсақ, түрлі дәріні эритроцитпен байланыстыруды көздейді. Ғалымдар байқағандай, дәрі нанобөлшектері әдетте қан жасушасынан ажырап қалып жатады. Әсіресе, қан жасушасы өкпедегі титтей қан тамырларының саңылауынан өткенде. Сол себепті, ғалымдар эритроциттерге CXCL10 деп аталатын ақуызды қосудың жолын тапты. Бұл молекула иммундық жүйе жасушаларын қатерлі ісікке алып келеді. Ғалымдар нанобөлшектерді тек өкпеде ғана ажырай алатындай етіп құрастыра алды. Ол үшін өкпе қан тамырларындағы жасушаларда кездесетін ақуызбен байланысатын нанобөлшектің беткі жағына антиденелерді орналастырды. Содан соң бұл нанобөлшектерге CXCL10 ақуызын енгізді. Ғалымдар EASI деп атаған бұл жүйені сүт безінің обырынан өкпесін де қатерлі ісік шалған тышқанға қолданып сынап көрді. Тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, нанобөлшектер EASI енгізілгеннен кейін алты сағат бойы өкпеде болған әрі олардың көбісі қатерлі ісіктің айналасына шоғырланған. Қан құрамындағы CXCL10 деңгейі 72 сағат бойы жоғары болып, организмнің реакциясын тудырған – өз хемокинін істеп шығарған еді. Бұған жауап ретінде өкпеде иммундық жасушалар көбейген. Ғалымдар бұл жаңалығын ендігі жерде онкологиялық аурулардан зардап шегетін науқастарға қолданып көрмек.

0 пікір
Мұрағат