Перғауын Рамзестің кезінде өмір сүрген абыз үн қатты (видео)
Перғауын Рамзестің кезінде өмір сүрген абыз үн қатты (видео)
5 жыл бұрын 6595 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ежелгі Мысырда перғауын Рамзес XI билік еткен тұста Пиуаһтағы Карнак кешеніне кіретін Амон-Ра пұтханасында жоғары лауазымды абыз болып қызмет еткен Несьямунның арада 3000-нан аса жыл өтсе де мүрдесі жақсы сақталған. Бақилық болған соң оның мәйіті балзамдалып, Өлілер кітабынан көрініс бейнеленген әрі құдаймен тілдескені турасында жазылған саркофагқа орналастырылады. Бүгінге дейін жақсы сақталған мәйіті 1823 жылдан бері Лидс қаласындағы музейде сақтаулы тұр. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Несьямун қызыл иегінің қабынуынан зардап шеккен. Абыз 50 жасында аллергиядан өлген болуы мүмкін. Адам даусын зерделейтін әрі дауыс трактісін моделдейтін Лондон университетінің профессоры Дэвид Ховардтың (David Howard) жетекшілігімен дауыс трактісін, тыныс жолдарының күйін, сүйек және жұмсақ тін құрылымын визуализациялау үшін мумияны компьютерлік томографиядан өткізді. Алынған мәліметтер негізінде мамандар абыздың дауыс трактісінің моделін жасап, 3D-принтерден шығарып, дауысты генерациялайтын жасанды көмейге қосады.

  

Жоғарыда дауыс трактісінің компютерлік томографиясы көрсетілген. Төменде оның басып шығарылған модел. Фото D. M. Howard et al., 2020/Scientific Reports 

«Қазіргі жағдайда дауыс трактісі тек бір формаға ғана ие. Сол себепті, ол (оның моделі) тек бір дыбыс шығара алады»,- деді аталмыш зерттеуге атсалысқан Йорк жоғарғы оқу орнының профессоры Джон Скофилд (John Schofield). Әлбетте, бұл біреулерге болмашы нәрсе немесе жұтаң нәтиже болып көрінер. Ал ғылым үшін бұл деген үлкен жетістік әрі ғалымдардың дербес зерттеу тәсілін жүргізе алатынын көрсететін жаңалық. Әрине, абыздың даусын жүз пайыз дәлдігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, біріншіден, мумияны сканерлеудін өткізген кезде ол басы шалқайған күйі жартылай жатқан күйінде болды. «Біздің қол жеткізгеніміз – Несьямунның жерлеу кезіндегі қалпындағы дауыс трактісі бойынша шыққан үн. Сөйлеген кезінде пайдаланған артикуляциялық позициясы деуге келмейді»,- деді Дэвид Ховард. Екіншіден, мумияның тілі ішінара шіріген, ал жұмсақ таңдайы жоқ. Олар болғанда, бәлкім, даусының қандай болғанын дәл білдірер еді. «Неге жұмсақ таңдайы жоқ? Оны біз білмейміз. Бәлкім, жерлеу кезінде әдейі алып тастаған шығар»,- деп өз пайымын жеткізді артынша. Ғалымның сөзіне қарағанда, мұндай тәжірибелер ежелгі адамдар туралы түрлі ақпарат алуға мүмкіндік бермек. Бұл турасындағы ғылыми мақала Scientific Reports мерзімді басылымында жарияланды.

 

0 пікір
Мұрағат