Пандемияға себеп болуы мүмкін ерекше қауіпті вирусқа қарсы антидене жасалды
|
Сан-Диегодағы Mapp Biopharmaceutical биофармацевтикалық компаниясы бірнеше америкалық академия орталықтарымен бірлесіп ерекше қауіпті Nipah вирусымен күресу үшін тәжірибе түрінде моноклоналды антидене жасап шығарды. Бұл жайында islam.kz порталы Science Translational Medicine мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осы орайда аталған вирус турасында аз-кем мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмыз: Нипах вирусы - оңтүстік және оңтүстік-шығыс Азиядағы адамдар мен жануарлар арасында тұрақты түрде індет тудыратын, аса қауіпті, жоғары патогенді зооноздық парамиксовирус. Нипах парамиксовируске жататын қызылша вирусына қарағанда жұғу қатері төмен болғанымен, оның өлімге апарып соқтыру қаупі 90 пайызға дейін жетеді. Оны жұқтырған науқастың тыныс алуы қиындап, церебралды ісіктен зардап шегеді. Қазіргі уақытта вирус жұқтырған адамдар үшін лицензияланған екпелер немесе емдеу құралдары жоқтың қасы. hu1F5 моноклоналды антидене префузиялық конформациядағы RSV F вирустық ақуызына бағытталған. RSV F вирион мембранасы мен иесі жасуша мембранасы арасындағы синтезге делдалдық жасайды, сонымен қатар, цитоплазмалық көпірлердің түзілуін ынталандырады. Вирионда (Вирион - нуклеин қышқылынан және капсидтен (ақуыздан және, әдетте, липидтерден) тұратын және тірі жасушадан тыс орналасқан толыққанды вирустық бөлшек – Уикипедия электронды энциклопедиядан) қожайын жасуша мембранасымен бірігуден бұрын F молекулаларының ең үлкен популяциясы префузиялық конформация деп аталатын лолипоп тәрізді құрылымды қалыптастырады. Жаңа антидененің тиімділігін тексеру үшін ғалымдар жануарлар үлгілеріне сынақтар жүргізіп көрді. Вирус жұқтырған атжалмандар hu1F5 антиденесімен емделді, нәтижесінде 100% аман қалды. hu1F5, сонымен қатар, Африка құрлығында кездесетін жасыл маймылдарда да сынақтан сәтті өтті, тіпті, инфекциядан кейін, яғни, маймылдар вирусты жұқтырғанына бес күн өткеннен кейін олардың организіміне аталған антидене енгізілсе де жануарлардың аман қалуына ықпал етті. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижелері hu1F5-тің тиімділігі бұрын әзірленген m102.4 антиденелерінен жоғары екенін көрсетті: m102.4 әрбір алты жануардың біреуін ғана вирустан қорғай алған. Осылайша ғалымдар келесі ықтимал пандемияның себебіне айналу қатері жоғары аталмыш вирустан қорғану бағытында маңызды қадам жасады.