«Өлім – хақ!» - математиктер дәлел келтірді
«Өлім – хақ!» - математиктер дәлел келтірді
4 жыл бұрын 25748 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Аризона университетінің ғалымдары кәрілік пен өлімге жасушалар деңгейіндегі «мүдделер қақтығысы» себеп болатынын айғақ ретінде алға тартып отыр. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі шетелдік ғылыми мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Адам табиғатынан ажалды мойындағысы келмейді. Осындай себеппен жастық пен мәңгі өмір сыйлайтын «сиқырлы суды» (эликср) табуды алдына мұрат етіп қойды. Бұл бағытта ұдайы ізденіп келеді. Қадым заманнан. Мысырлық перғауындар кезінен. Папирустарға хатқа түскен жылнамалық деректерден белгілі. Көне түркілік сарындарға құлақ түрсек те, ажалдан қашқан Қорқыт бейнесі көлбеңдейді. Артында аңыз қалды. Алайда, медицина мен технология дамыған сайын бұл тараптағы ізденіс тередеп, нәтижесінде адамның өмір сүру ұзақтығы соңғы бір ғасырда екі есеге артқан. Алайда, аталған америкалық жоғарғы оқу орнының ғалымдары адамзаттың ажырамас бөлігіне айналған бұл күмәнді арман-аңсарға біржола нүкте қойып отыр. Америкалық ғалымдардың мәлімдеуінше, адам мәңгі өмір сүре алмайды. Аризона университетінің экология және эволюциялық биология факултетінің профессоры Джоанна Масель мен оның әріптесі Пол Нельсонның айтуынша, кәрілік пен өлім адам қашып құтыла алмайтын процесс. Олардың осы мәселені қозғаған «Жасушалар арасындағы бәсекелестік және көп жасушалы кәріліктен құтылудың мүмкін еместігі» деп аталатын мақаласы Proceedings of the National Academy of Sciences мерзімді басылымында жарияланды. Ғалымдар адам организіміндегі жасушалар бәсекесінің математикалық моделін жасаған екен. Әр жасуша қарама қарсы бағыттағы міндеттің үддесінен шығуға тырысады. Бір жағынан, бұл өздерінің тіріқалуы үшін жанталас, ал екінші жағынан келсек, жасушалар осылайша организмге қолдау білдіреді. Осылайша олардың арасындағы қайшылық пен қақтығыстан адам кәрілік процесін кешіреді, нәтижесінде өледі. Бұл тетік қалай жұмыс істейді? Организмде түрлі стрестен, т.б. факторлардан зақымдалған жасушалар жинала келе орын алатын процесс. Мәселен, егер меланин пигментін бояуды істеп шығаратын жасуша жұмыс істеу қабілетінен айырыла бастаса, адамның шашы ағарады. Былай қарасаң, бұл проблеманы шешудің жолы жеңіл секілді – жасушалар арасында табиғи сұрыптауды ынталандырсаң, жетіп жатыр. Сонда күштілері аман қалып, әлсіздері «қоқысқа» тасталады. Осылайша организм ақау шалған жасушалардан арылып, жасара түседі. Алайда, математикалық модел көрсеткендей, жасушалар арасындағы бәсекелестіктің артуы агрессивті жасушалардың шектен тыс өсуіне алып келеді, бұл өз кезегінде қатерлік ісікке шалдықтырады. Осылайша адам айықпас дерттен көз жұмады. Осылайша тұйық шеңбер пайда болады. Бұл шеңберден адам қия басып шыға алмайды. Яғни, нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, қызметі нашар жасушадан құтылсаңыз, онда қатерлі ісік жасушаларынан қашып құтыла алмайсыз, егер қатерлі ісік жасушаларынан құтылсаңыз, онда жұмыс істеуге қабілетсіз жасушалар жиналады. Бұл екі проблеманы адам баласы қатар шеше алмайды. Десе де Жаратушы адамға екі «жамандықтың» оңайлауын берген. Осылайша адам организмі өмір сүруге құштарлығының арқасында жасушалар дербес жетістіктен гөрі ынтымақтасып әрекет етеді. Сол себепті, жас ұлғайған сайын «шаршаған» жасушалар көбейеді.

0 пікір
Мұрағат