Мектеп оқушысы тағамның бүлінгенін анықтайтын индикатор ойлап тапты
Мектеп оқушысы тағамның бүлінгенін анықтайтын индикатор ойлап тапты
5 жыл бұрын 2314 Эльмира Мәмбетқызы

Өнертапқыш жобаны әрі қарай дамытып, сүт зауыттарына ұсынбақ.

Петропавлда мектеп оқушысы тағамның балғындығын анықтайтын әдіс ойлап тапты. Оның мұндай жаңалық ашуына әжесінің бүлінген тағамнан уланып, сырқаттанып қалуы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Нәби Ғали тамақтың балғындығын анықтайтын индикатор жасап шығарды. Бір қарағанда көзге жай ғана күлгін түсті сұйықтық болып көрінгенімен, ол әп-сәтте өнімді тұтынуға болатынын немесе болмайтынын анықтап береді. Жас ғалымды мұндай жаңалық ашуға әжесінің білместікпен бұзылған тамақты жеп, сырқаттанып қалуы себеп болған. Жаңа өнертабыс сүт, ет сынды тағы басқа тағамдардың балғындығын анықтауға мүмкіндік береді. 

«Бүгінгі күні барлық дүкендерде тауардың түр-түрі жайнап тұр. Ұсыныс көп болғандықтан, таңдау да бар. Тауардың көптігі сонша азық-түліктің балғындылығын анықтау біршама қиынға соғады.  Қаптамада пайдалану мерзімі көрсетілсе де, кейбір дүкен сөрелерінде тағам өнімдері қолайлы жағдайларда сақталмайды. Сонымен қоса қариялар мен балаларға өнімнің пайдалану мерзімін анықтау кейде қиынға соғады. Бұзылған тамақты жеген адам ауырып қалуы әбден мүмкін. Мысалы, 78 жастағы Орынбасар әжем білместікпен  дүкеннен ашыған сүтті сатып алып, тамақ пісірген. Оны тұтынғаннан кейін, асқазаны бұзылып, ауырып қалған. Қаптамада сақтау мерзімі дұрыс көрсетілсе де, дүкеншілер өнімнің бүлінбеуіне қажетті жағдай жасай бермейді. Нәтижесінде, сүттің химиялық ортасы өзгеріп, адам ағзасына зиянын тигізеді», - дейді жас өнертапқыш.

Нәбидің индикаторды жасап шығаруына биология пәнінің мұғалімі Садат Демеубаев жетекшілік жасап, бағыт-бағдар берген. Ұстаз бен шәкірт жобаға кіріспес бұрын ұзақ уақыт бойы түрлі тәжірибелер жасап, зерттеген. Олардың ендігі мақсаты жаңашылдықты қолданысқа енгізудің жолдарын табу.

«Сүт бұзыла бастағанда ашып, қышқылданады. Индикатор әдетте күлгін болып тұрады да, сүт бүлінгенде қызыл түске боялады. Индикаторды тетроқаптама ішіне орналастырамыз. Ол сүтпен тура жанаспайды. Мембраналық қабатпен бөлініп, жанамалы түрде жанасып тұрады. Жобаны әрі қарай дамытып, тиісті деңгейіне жеткізген кезде сүт зауыттарына ұсынбақпыз. Тұтынушы қауіпсіздігі мен тауардың сапалы екеніне халық күмәнданбас үшін өндірушілерге бұл жоба қызық болады деп ойлаймын», - дейді биология пәнінің мұғалімі Садат Демеубаев.

Индикатор арқылы тек сүт тағамдарының ғана емес, ет тағамдарының да балғындығын анықтауға болады. Биология пәнінің мұғалімі Садат Демеубаев ол адам ағзасына қауіпсіз органикалық заттардан жасалатындығын айтады. Сондықтан индикатор байқаусызда тағаммен араласып кетсе де, оны тұтына беруге болады.

«Сүттің индикаторы қаптамада тұрса, еттікін кез келген адам өзімен бірге алып жүре алады. Етті тексеру керек болғанда беткі қабатын сыдырып алып, жапсыра саламыз. Егер өнім бүлінген болса, индикатордың түсі өзгеріп шыға келеді. Осының барлығын ары қарай ойластырып, жетілдіруіміз керек. Индикатордың құрамын бекітіп алу үшін де біраз уақыт жұмсадық, талай тәжірибелерді жүзеге асырдық. Енді оны әрі қарай тиімді пайдалану жолдарын қарастырып жатырмыз», - дейді Садат Маратұлы.

Әлемде мұндай индикатордың баламалары бар. Тек Қазақстанға әлі жете қоймаған. Нәби Ғали өз жетекшісімен бірге өнертабысын тиісті органдарда тіркеп, патенттемек.

«Менің әжемнің уланып қалғаны туралы мысал жобаның өзекті, әрі маңызды екенін көрсетеді. Яғни, мен бұл проболемны шешу мақсатында, балғындықты көрсететін табиғи биоиндикатор ойлап табуды мақсат еттім. Бұл арқылы, жоғарыда айтылып кеткен жағдайлардың алдын алуға болады. Мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түскен кезде де осы тақырыпты зерттеп, өз жобамды әрі қарай дамытқым келеді. Ол үшін көп оқым, білімімді тереңдете түсу керектігін ұғынамын», - дейді оқушы.

Садат Демеубаев ұстаз оқушыға дұрыс бағыт-бағдар бере алса, жастар ғылымға өз үлесін қосатынына сенімді.

«Біздің мақсатымыз  - шәкірттерімізді ғылымға үлес қосуға баулу. Және балалардың өз өнертабыстарын патенттеуі маңызды. Сондықтан осы салаға баса мән береміз. Бұл жоба сұранысқа ие болады деп ойлаймын.  Мысалы тұтынушы дүкенге келгенде сүттің ірімегенін өзі тексеріп ала алады. Сөреде тұрған бірнеше қаптаманың арасынан оның таңдауы да соған түсері заңды. Бұл өндірушілер үшін де тиімді болары сөзсіз», - дейді ол.

Бұған дейін оқушылар Садат Демеубаевтің жетекшілігімен үй жағдайында тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін қондырғы ойлап тапқан еді. Оның көмегімен біз күнде қоқысқа тастап жүрген органикалық заттардан көгілдір отын алуға болады. Жас ғалымдардың сөзіне қарағанда өнертабысты шынайы өмірде жүзеге асыру үшін демеушінің жоқтығы ғана қолбайлау болып тұр.

0 пікір
Мұрағат