Марста таңның қалай ататынын және күннің қалай тұтылатынын көргіңіз келе ме (екі түрлі видео)
Марста таңның қалай ататынын және күннің қалай тұтылатынын көргіңіз келе ме (екі түрлі видео)
3 жыл бұрын 2385 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

NASA ғалымдары соңғы жылдары адамзаттың зерттеу нысанына айналған, қызыл планета атанған Марста таңның қалай ататынын, дәлірегі, күннің шығуын таспаға тартып алыпты. Бұл жайында islam.kz порталы hightech.fm ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Америкалық ғарышкерлер бұл өзгеше көріністі InSight құрылғысының көмегімен таспаға тартып алған.  InSight миссиясының тобы Қызыл ғаламшардағы таңның көріністерін біріктіріп, қысқа таймлапсқа айналдырған екен. InSight — Қызыл планетаның қыртысы мен түкпірін зерттеуге арналған стационарлық марсоход. Аппарат  2018 жылдың қараша айында Elysium Planitia ауданына қонған болатын, қазіргі уақытта толық Марс жылы (шамамен 687 Жер күні) Қызыл планетаны зерттеу бойынша негізгі миссиясын аяқтағаннан кейінгі кеңейтілген фазасына өтті. Осы жылдың қаңтар айында болған Марстағы шаңды бораннан InSight аппараты «қауіпсіз режиге» көшуге мәжбүр болды – күн батареясы аппараттың ғылыми миссиясын орындауы үшін жеткілікті энергия генерациялай алмай қалады НАСА өкілдерінің сөзіне қарағанда, ақпанның 15-і күні аппараттың жұмысы қалпына келтірілген. InSight өзінің ғылыми миссиясын жаз мезгілінде жалғастырып, 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтайды.

NASA-ның Perseverance роверіндегі Mastcam-Z камерасы уақыт өте келе орбитасының қалай өзгеретінін зерттеу үшін Қызыл ғаламшардың екі серігінің бірі - Фобостың бейнесін таспаға тартып алған екен. Дәлірегі, NASA-ның Perseverance ровері Күннің бетін кесіп өтіп бара жатқан Марстың картоп тәрізді айының суреттерін түсірді. Бұл бақылаулар өз кезегінде ғалымдарға айдың орбитасын және оның тартылыс күшінің Марстың беткі жағына қалай әсер ететінін, сайып келгенде, Қызыл планетаның қыртысы мен мантиясын қалай қалыптастыратынын тереңірек түсінуге көмектеседі. Perseverance Mastcam-Z түсірген тұтылу сәті сәуірдің 2-і күніне тұспа-тұс келді, Марстағы 397-ші күні бұл көрініс 40 секундтан астам уақытқа созылды. Бұл Жердің серігі – Айдың күннің бетін көлегейлейтін уақыттан, дәлірегі, күннің тұтылу уақытынан әлдеқайда қысқа. Өйткені, Фобос одан шамамен 157 есе кіші. Марстың тағы бір серігі - Деймос Фобостан да шағын болып келеді. 2021 жылдың ақпан айында қонған Perseverance бағдарламасы Phobos-та бұрын-соңды ең жоғары кадр жиілігімен күн тұтылуының егжей-тегжейлі бейнесін ұсынды. Мұндай көріністі таспаға тартып алу Curiosity жүйесінде орнатылған Mastcam-тың жетілдірілген нұсқасы болып табылатын жаңа буын Mastcam-Z камера жүйесінің арқасында мүмкін болды. Ғалымдар бұл тарапта Фобосты да зеррттеуге мүдделілік танытып отыр. Өйткені, ол Марсты айналғанда оның тартылыс күші (гравитация) Қызыл планетаның ішкі бөлігіне аздап әсерін тигізеді – тау жыныстарын аздап бұзады. Бұл күш Фобос орбитасын баяу өзгерте алады. Геофизиктер осы өзгерістерді Марстың құрылымын тереңірек білу үшін пайдаланады.

 

0 пікір
Мұрағат