Химиялық қарудың әсерін бейтараптандыратын зат жасалды (видео)
Химиялық қарудың әсерін бейтараптандыратын зат жасалды (видео)
4 жыл бұрын 4555 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Валенсия университетінің молекулярлы ғылым институтының (ICMol) ғалымдары химиялық қарудa қолданылатын жүйке-сал агенті секілді қосындыны ыдырататын жаңа кеуекті материал жасап шығарды. Аталмыш материал осы күнге дейін жою мүмкін болмай келген осы тектес қосындыны аулап, ыдыратуға мүмкіндік береді. Бұл жайында islam.kz порталы Chem мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осы арада түстінікті болу үшін жүйке-сал агенті дегеніміздің не екенін айта кетуді жөн көріп отырмыз: организмнің орталық жүйке жүйесін зақымдайтын аса улы химиялық зат. Ол дереу әсер етеді, адамның басы айналудан бастап, кісі өліміне дейін апарып соқтырады. Мұндай агентке жаппай қырып-жоятын қару ретінде жіктелетін синтетикалық қосынды – заринды жатқызуға болады. Бұл зат террористік актілерде бірнеше рет қолданылғанын да осы тұста айта кетпеске болмайды: мәселен, 1995 жылы Токио мегаполисіндегі метрода, сондай-ақ, Сириядағы соғыс кезінде 2013 жылы Гутадағы қанды қасапта қолданылды. Бүгінде бұл газды аулайтын материалдардың эталоны ретінде белсендірілген көмірді атауға болады, алайда, ол оны аулағанымен жоя алмайды. Карлос Марти-Гастальдо бастаған ICMol ғалымдар тобы MOF (металдық-органикалық каркас) деп аталатын кеуек материалмен жұмыс істеу үстінде. Аталмыш материалдың әмбебаптығы өзгешелігін өзгерте алатын жаңа материал алуға көмектеседі. Осылайша ғалымдар тиімділігі жоғары әрі химиялық қасиеті тұрақты MOF-тың (MUV-101) жаңа нұсқасын синтездеуге қол жеткізе алды. Ол ең алдымен биологиялық катализаторды пайдаланатын ферменттеуге (яғни, ашытуға) өте ұқсас жолмен зариннің газды түрін ыдыратады. Қолға алынған осынау молекулярлы қосындының тұрақтылығы мен тиімділігіне ғалымдар оның құрамына титан мен темірді үстеу арқылы қол жеткізді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, аталған екі метал да бір-бірінен бөлек кезіндегіден қарағанда, яғни, бірге болғанда белсенділік танытқан. Бұл өз кезегінде суда қандай да бір арнайы немесе қосымша ортаны қажет етпей жүйке-сал агентін тиімді жолмен ыдыратуға мүмкіндік берген. Біз сөз етіп отырған жаңа материал патенттеліп қойды. Оны арнайы қорғаныш киімдеріне немесе противогазға оңай кіріктіруге болады. Ол химиялық қарудан немесе қоршаған ортадағы зиянды заттардан қорғану мақсатында қолданылатын болады.

0 пікір
Мұрағат