ДНҚ-дан наноробот жасалды
|
Сидней наноинститут университетінің ғалымдары ДНҚ оригами технологиясын (2006 жылы Paul Rothemund есімді америкалық ойлап тапқан техннология. Аталмыш технология негізінде ДНҚ-ны зақымданудан қорғайды – ред.) қолдана отырып, динозаврлар мен роботтар түрінде бағдарламаланатын наноқұрылымдар жасады. Бұл әдіс биологиялық молекулалар негізінде күрделі үш өлшемді пішіндер жасауға мүмкіндік береді. Бұл жайында islam.kz порталы Science Robotics мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар бұл тарапта пикселдердің (цифрлы бейненің шағын элементтері – ред.) үш өлшемді аналогы (ұқсас түрі) ретінде алға шығатын, яғни, пикселдердің үш өлшемді түріне ұқсайтын "уокселдер" деп аталатын модулдік құрылымдар жасауға жете назар аударды. Бұл элементтер медицинада, материалтануда және синтетикалық биологияда қолданылатын күрделі наномасштабты құрылымдарды құрастыруға мүмкіндік береді. Негізі ДНҚ-ның тұрақты формалар түзуінің табиғи қабілетінде жатыр. Уокселдерді жасау үшін ғалымдар бағдарламалауға келетін, байланыстыру орындары ретінде әрекет ететін ДНҚ-ның қосымша жіптерін пайдаланды. Бұл жіпшелер тек толықтыратын тізбектерге қосылатын бекітушілер сияқты жұмыс істейді. Бұл тәсіл күрделі конструкцияларды құрастыру кезінде дәл бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы тәжірибе барысында зерттеушілер 50-ден астам наноқұрылым, соның ішінде ені небәрі 150-250 нанометр болатын динозавр тәріздес, робот тәріздес заттар мен контурлар жасаған. Мұндай конструкциялар күрделі құырылымдарды жасауға мүмкіндік береді. Соның ішінде өз бетінше әрекет ететін дербес нанороботтарды жасауға жол ашады. Бұл технология дәріні организмнің қажетті жеріне жеткізуге көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар, биологиялық сигналдарға жауап қатады – нақты бір жерде қажетті затты босата алады. Бұдан бөлек, қоршаған ортаның әсерінен немесе сыртқы факторларға қарай (температура, қысым, ылғалдылық, қышқылдық, т.б.) қасиетін өзгертетін материал жасауға септігін тигізеді.