ДНК заттар мен қол алысып амандасу арқылы таралады
ДНК заттар мен қол алысып амандасу арқылы таралады
5 жыл бұрын 4974 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түрлі заттар мен бұйымдарда қалып қойған адамның ДНК ізі ең алдымен сот-медицина сарапшыларына қажет. Өйткені, қылмыскердің жәбір көрген немесе кісі қолынан өлген адамның денесінде, қылмыскер қолданған қаруда, т.б. қалып қояды. Адам ДНК-сын криминалистер бұлтартпас айғақ ретінде пайдаланады. Ортақ пайдалануға жататын (мысалы, қоғамдық орындардағы заттар мен бұйымдар, т.б.) заттар арқылы ДНК-ның тарау мүмкіндігін зерттеп көрген Индианаполис университетінің (АҚШ) сот антропологтары, тіпті, адам қолы тимеген немесе адам денесі жанаспаған заттар мен бұйымдарда да ДНК іздерін тапқан болатын. Бұл бағытта арнайы жүргізілген тәжірибеге өз еркімен студенттар қатысты. Олардың барлығынан ДНК үлгілері алынды. Зерттеу нәтижесін тұрмыстық өзара әрекет пен қарым-қатынасты қадағалау дерегімен салыстырған. Бұл жайында medpulse.ru ақпарат көзі хабар таратты. Тәжірибеде мейрамханадағы жағдай таңдап алынды. Өз еркімен төрт адам бір үстелде жайғасады. Ортада сусын құйылған құты мен әрбіреуінің алдына кесе қойылды. Барлығы тек құтыны ғана ортақ пайдалана алады. Жанындағылардың кесесіне қол тигізбеуі тиіс. Тәжірибеге қатысқан өзгелері олардың айналасында жүрген адамдардың бейнесінде болды. Мейрамханаға біреуі кіріп, енді біреуі шығып, өзара тілдесіп, өздерін еркін ұстады. Олар үстелдегі бұйымдар мен үстел жағалай отырғандарға қол тигізбеуі немесе жанаспауы керек. Аталмыш тәжірибе нәтижесі қалай болды? Үстел басындағы төртеудің ДНК-сы бір-бірінің алақандарынан, құтыдан, бір-бірінің кесесіне қол тигізбесе де кеселерінен табылды. Бар гәп – олар құтыда өз ДНК үлгісін қалдырған. Құтыдағы ДНК кеселерге де ауысқан. Ол ол ма, үстел басына отырмағандардың да ДНК-сы ыдыстардан табылған болатын. Ғалымдардың тұжырымы бойынша ДНК ауа тамшылары (сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде) арқылы берілген. Өзге сот-медициналық тәжірибеде белгілі болғандай, қол алысып амандасқанда ДНК-ның амандасушы адамдардың бір-біріне берілуі үшін бар-жоғы 10 секунд уақыт жетіп жатыр. Десе де сот антропологтарының айтуынша, ДНК-ның, тіпті, жанаспаса да өзге заттар мен адамдардың (мәселен, адаммен қол алысып амандасқаннан кейін тағы біреумен қол беріп амандасқанда алдында амандасқан адамның ДНК-сы үшінші адамға беріледі. Яғни, адамның өзі болмаған жерде оның ДНК-сы өзге біреу арқылы «келуі» мүмкін) бойынан табылуы өз кезегінде тергеу-тексеру жұмыстарын қиындатып жібереді. Яғни, ДНК-ның өзі толыққанды айғақ бола алмайды екен. ДНК көп уақыт сол қалпын сақтап тұрмайды, ол жойылады.

0 пікір
Мұрағат