ДНК-ны бөгде генді енгізбей редакциялайтын тәсіл табылды (жалғасы)
|
Басы мына сілтемеде: http://islam.kz/kk/news/gylym/dnk-ny-bogde-gendi-engizbei-redaktsiyalaityn-tasil-tabyldy-13583/#gsc.tab=0
Америкалық биологтер тобы ДНК-ны кодтап тастамайтын дайын Cas9 ақуызы мен оны бағыттайтын РНК-ны жасушаға енгізудің тәсілін тапты. Бұл дегеніңіз, АҚШ және әлемнің кей елдерінің заңнамасы бойынша гені редакцияланған организм гендік тұрғыдан модификацияланған организм ретінде танылмайды деген сөз. Бұдан бөлек, Cas9 молекуласы бері алғанда 3 күнде, ары кеткенде 5 күн ішінде ыдырайды да қайта синтезделіп жатпайды, өйткені, жасушада бұған жауапты ген болмайды. Бұл өз кезегінде «молекулярлы қайшының» генде көзделмеген өзгерісті енгізу қатерін төмендетеді. «Тұңғыш рет әлдекімдер өсімдік жасушасына Cas9 ақуызын липофекция көмегімен жайғастыру әдісін ойлап тапты»,- деп мәлімдеді Солтүстік Каролина университетінің ғалымы Ушэн Лю (Wusheng Liu).
Липофекция — жасанды липосомның көмегімен жасушаға молекуланы жеткізу әдісі. Ал липосом дегеніміз, липидтен (май мен май тәрізді заттарды қамтитын органикалық табиғи қосынды) «қабырғасы қаланған» жасуша ішіндегі титтей органелла (жасуша ішіндегі белгілі бір қызметті атқаратын жасуша құрылымы). Қажетті заттар кездесетін өзінше көбікше (липидті айтып отыр бұл арада) жасуша мембранасынан өтіп, жасуша ішінде өзінің құрамын жеткізеді. Липофекция медициналық мақсатта жүзеге асырылатын тәжірибелерде кеңінен қолданылады. Оны бұрындары Cas9 ақуызы мен оны бағыттайтын РНК-ны сүтқоректілердің жасушасына енгізу үшін қолданыған болатын.
Өзінің әдісінің тиімділігін тағы бір мәрте тексеріп көрмек болған автор Cas9 ақуызын флуоресценттік жылтырауды тудыратын ақуызбен байланыстырып көрген екен. Ғалым осынау ақуыздар жұбын кәдімгі темекі жасушасына енгізген болатын. Бірнеше сағаттан кейін темекі өсімдігі жылтырап шыға келді. Осылайша бұл тәжірибе де сәтті аяқталған еді. Десе де бұл аталмыш технологияның кем-кетіктен ада екенін білдірмесе керек. Ол өсімдік жасушасының қатты қабырғасын алып тастауды қажет етеді. Яғни, мұндай «жалаңаштанған жасушадан» (протопласта) тұтас өсімдіктерді алуға болады, алайда, бұл өсімдік гормондары мен қоректік заттарын мұқият іріктеуді қажет етеді. Протопластадан өсімдік өсіру әдісі 50-ден аса ауыл шаруашылық өсімдіктеріне таңсық емес. Десе де адамзат азық ретінде пайдаланатын қалған өсімдіктер үшін бұл тәсілді әлі де жетілдіру керек. Әлбетте, мұндай процедура тек бірінші сорттағыларға ғана керек – осындай тәсілмен ДНК-сы редакцияланған өсімдіктердің бірінші сортындағыларға. Ғалымдар ендігі жерде липофекцияның жасуша қабырғасын жоюды қажет етпейтін жолын іздестіріп жатыр. Мәселен, олар жасушаға Cas9 ақуызын жеткізу үшін нанобөлшектің көмегіне жүгініп көруді сынақтан өткізіп жатыр.