Ашығу арқылы адамның ғұмыр жасын ұзартуға болатыны тағы дәлелденді
|
Биомедицина саласындағы әлем бойынша аса ірі коммерциялық емес Скриппса ғылыми-зерттеу институтының (TSRI) ғалымдары күнделікті тұтынып жүрен калория мөлшерін азайту немесе ара-тұра ашығу арқылы адамның ғұмыр жасын ұзартуға болатынын дәлелдеді. Бұған қоса, ашығу өз кезегінде емі жоқ қатерлі ауруларды, соның ішінде, обыр, сусамыр, алжу (деменция), жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Бұл жайында Science Signaling мерзімді басылымында жарияланды. Бұл бағытта арнайы жүргізілген тәжірибе барысында ғалымдар тышқандардың бірнеше тобының жай-күйін салыстырып көрген екен. Бір топтағы кеміргіштерді калориясы шектеулі қорекпен Цельсия бойынша 22 градус температурадағы бөлмеде ұстайды, ал екінші тобын Цельсия бойынша 30 градус температурадағы бөлмеге қамайды. Жоғары температура термонейтралды (ағылшынша: thermoneutrality) халді тудырады – яғни, жануар үшін өз денесінің температурасын төмен түсіруі қиынға соғады. Осыдан кейін ғалымдар тек тұтынған қорегінің ғана емес, сонымен қатар, дене температурасының да тышқандардың зат алмасу (метаболизм) процесіне қалай әсер ететінін зерделеген екен. Белгілі болғандай, калорияға қарағанда температура жағдайы организмге елеулі әсерін тигізген. Әдетте сүт қоректі азықты шектеп тұтынса немесе ара-тұра ашығып тұрса, олардың дене температурасы төмен түседі. Ал төмен температура калория мөлшеріне қарамастан сүт қоректілердің ғұмыр жасын ұзарта алады.